Абай ауданында заманауи ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталды
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпорын салқындатылған және мұздатылған ет, консервілер мен вакуумда қапталған өнімдер шығарады.

Қазіргі таңда Alisha Group кәсіпорны жылына 2400 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Алғашқы кезеңде мұнда 20 жұмыс орны ашылды. Кешен құрамына мал сою пункті, ет өңдеу және консервілеу желісі, сондай-ақ қой шаруашылығы фермасы кіреді. Тәулігіне мұнда 300-ге дейін ұсақ мал және 50-ге дейін ірі қара өңделеді.

Alisha Group компаниясының бас директоры Рустам Қалиевтің айтуынша, кәсіпорын жоғары сапа стандарттарына және экспортқа бағдарланғанын айтты.
— Кәсіпорында түрік өндірісінің екі тәуелсіз желісі орнатылған, ал өнімдер халал стандарттарына және халықаралық азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес болады. Бұл бізге Қазақстан нарығымен шектелмей, Парсы шығанағы елдеріне, Еуропаға және Қытайға экспорт жолға қоюға мүмкіндік береді. Жобаның әлеуеті жоғары, — деді ол.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа өндіріс орнында болып, жобамен танысты.

— Қарағанды облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қажетті барлық ресурс бар. Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканы нығайтады және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Ендігі міндет — өндірісті кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығу. Кәсіпорын тоқтап қалмауы тиіс, — деді өңір басшысы.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



