Жаңалықтар

Ақжүрек

Кім бала болмады? Ол да қозы-лақпен ойнап, таяқты ат қып мінді, тайды бас білдіріп, желмен жарыса жүйткіді. Дегенмен, кісінің қалыбы бала кезінен-ақ байқалады екен. Құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен құрбы-құрдасынан оны алдымен тобыққа тісі тимеген сыпайы мінезі ерекшелендіретін. Ішінде жайтасы қайнап бара жатқандай, сабақ үзілісінде бірі мен бірі алысып-жұлысып, партаны аралап, қуалай жүгіретін өзге ұлдардың қылығына аласа бойлы, көзі теріден тескендей сығырайған сары бала жымиып қарап тұрар еді…

Бала Айқынның осы болмысы өскенде де өзгере қойған жоқ, қиындыққа мүжілмейтін, қуанышқа еліре қоймайтын салқынқанды қалпында қалды. Сол сары баланың ішінде жайтасы қайнамаса да, кәусардай бір таза әлемнің барына тұлпарды тайынан танитын ұстаздары сүйсінетін. Әсіресе, жоғары сыныптарда қолына «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» басқа да газеттерді шиыршықтап ұстап жүретін Айқынға ұстаздары «журналист келе жатыр» дейтін. Қолынан кітап түспеді. Ал, қойдың кезегі келгенде Нұра өзені ағатын далада өрістеген малды қарап қойып, кітапты беріле оқудың рахатын Айекең ұмытпайды. Қоғамның сірі қисық болмаса екен деп, өзі байқаған жақсыны да, жаманды да сөз мәйегіне орап, оқырманына жеткізгенше тыным таппайтын еңбекқорлығы, туған жердің бұлағындай жан тазалығы да, ақ жүректі кісілігі де халқымыздың батырына күш, шешені мен көсеміне даналық дарытқан даланың, туған жердің қасиетінен еді.

Айқынға өмірде бір айқын нәрсе бар. Ол – арманның алдамайтыны. Қарағанды мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Торғай облысындағы Жангелдин ауданының Қарасу ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған жер. Ол кемеңгердің атын естімей тұрып, жас Ахмет шомылған Ақкөлдің толқындарын, құс базарын тамашалады. Ауылдың шежіре қарттарынан атқан оғы абайсызда аққудың сыңарына тиіп, аңшы жігіттің күйзелгені туралы бір әңгіменің ізін естіп алды да, бозбала жігіт қиялға ерік беріп, новелла жазды. Жігіттің ұнатқан қызы аққуды аттың деп ренжіп, қырын қарайды. Жігіт жаралы аққуды үйіне әкеліп, жарасын жазып, Ақкөлге қайта жібереді, құс төресі өзінің жұбын табады. Жігітінің аққуды әдейі атпағанына, адалдығына көзі жеткен қыз өзінің де артық кеткенін түсінеді, ғашықтар қайта табысады. Махаббат оқиғасын үнді фильмдерінен де асырып тауып, ғашықтар сезімін мөлдіретіп суреттеген новелла авторының қалам қарымын байқаған облыстық «Торғай таңы» газетінің басшылығы оны қызметке шақырды. Газет қызметкерлері, белгілі журналистер Жақсылық Жүнісов, Ереке Ахатовтардан үйренгені аз болмады. Олар жас жігітті журналистиканың қызығы да, азабы да мол арнасына салып жіберді. Сонда жас журналистің ойында жақсы мақала жазсам деген арманнан басқа қылау жоқ, аппақ әлемде жүргендей. Торғай өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелерді тісі батқанша қазып, газет бетінде көрсетті. Қазақстан Тәуелсіздігін алған сонау 1990 жылдардағы елдің аспандап көтерілген рухы Айқынның да шабытын шалқытты десек, несі айып? Енді Айқын Несіпбай деген ныспылы журналистің қызықты мақалаларын оқырмандар республикалық өзге басылымдардан іздеп оқыды. Айқынның өз пайымынша, ол үшін «Торғай таңы» – қалам түзеу, «Коммунизм нұры» – қалыптасу, «Лениншіл жас» – түрлену, «Орталық Қазақстан» – толысу, «Егемен Қазақстан» – байыптау кезеңі болыпты. Соның ішінде 18 жыл бас басылымның Қарағанды облысындағы тілшісі болып қызмет еткені – бір төбе. Газеттің беделін көтеретіндей, оқырманның ойындағысын дөп басатын мақалалары болмаса, бас басылымның атын малданудың өзі ер жігітке жараспайтын тірлік-ау. Бірақ, Айқынды оған қоспаңыз. Оның үндемей жүріп, жұртты үркітетіндей мақалалары жарқ ете қалатын. Үндемей жүріп, «үйдей бәлені» көріп қоятын журналистік қырағылығы қаламдастарын риза ететін. Бір-екі ауыз сөзбен-ақ еске салайық. «Асап қалуға асыққан алпауыт» деген мақаласында Қарағанды шахталарын қамтыған «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өзінікі емес болған соң, өзгенікіне қомағайлықпен қарап, көмірдің құйқалы жерін ғана көсіп алып, қалған жұқа қабаттарын тастап кететінін, сөйтіп жер асты байлығымызды рәсуа, ысырап ететінін сынады. «Аспаннан төнген апат» мақаласында Байқоңырдан ұшқан ракеталардан төгілген гептил Ұлытау жерінің, Сыр бойының топырағына сіңіп, шөпті, шөп арқылы малды, мал арқылы адамды улап жатқанын жеріне жеткізе айтып беріп, зымыран құлаған апаттан бұрын дабыл қаққан еді. «Өлі өзен» деген мақаласында Нұраның табанының сынапқа қалыңдап, ластанғаны жөнінде айтып, экологиялық мәселенің, өзен суының ел экономикасы үшін өзектілігін тағы қозғады. Ал «Зорайған зомбылық» атты мақаласында «күштінің арты диірмен тартадының» керімен жерге таласқан қалталылардың қарапайым еңбек адамдарына көрсеткен зорлығы әңгіме болады. Осылардың барлығы да оқыған жанға ой салды, Үкіметтің назарына ілікті. Айқынның танымдық мақалаларынан оқырман адамгершілікке арналған ода оқығандай әсерде қалады. Қажымұқанға Венгриядағы мұсылмандар сыйлаған медальді көзінің қарашығындай сақтап келген Шеру ақсақалдың, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтарды қанатының астына алып өсірген Гүлсім әпкесінің бейнесі «Балуаннан қалған белгі», «Әпке» атты мақалаларды оқыған оқырман жүрегінде маздап тұрады. «Етжеңді» Егемен» жинақтарынан Айқынның талай мақаласына сусындауға болады. Ендеше, «Алтын сұңқар», «Алтын қалам» байқауларында оза шапқаны да заңды емес пе? «Жылжыған жылдар жылуы», «Айналдым Нұра атыңнан» кітаптарына да автордың маңдайалды мақалалары еніпті.

Айқын журналистік жолын бақытты ғұмырдың еншісі санайды. Жақсымен жанасу да ол үшін бір дәурен екен. «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы шеберліктің ғана емес, адами қалыптың, сыйластықтың, ұлттық мәдениеттің мектебі сияқты еді-ау. Ұжымның қолдауымен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанды. Ұстаздары Нұрмахан Оразбеков, Ержұман Смайыл, Уәлихан Қалижаннан алған тағылымы бір төбе. Мұның барлығы Айқын үшін қанатын қаққан сайын биіктейтін қыран секілді өсу баспалдақтары болды. Адамның бақыты да жалқы болмайды, аққудың жұбындай қосарлана жүрмек. Жетпістің жалынан ұстаған Айқын – тек жүйрік журналист емес, мейірімді әке, мейірбан ата. Алланың бергенін бағалай білу де – ақ жүректің ісі.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, журналист.

ҚОСТАНАЙ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button