Руханият

Ақын мұрасы жаңғырды

Биыл Кемпірбай Бөгенбайұлының туғанына 190 жыл толды. Осы мерейтой­ға орай Қазақстан Республи­касының Мәдениет қайрат­кері, белгілі журналист Ер­мек Балташұлының «Кө­ңіл­ден көкала үйрек хош деп ұшты…» атты кітабы жа­рыққа шықты. Кітап Кем­пірбай ақынның шығарма­шылығы мен ғибратқа толы ғұмырын насихаттайды.

Суреттер автордан

Тұсауы Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кесілді. Шараға тарихшы ғалымдар, ардагер журналистер және ақынның ұрпақтары жиналды.

Кітап авторы жиналған оқырманға еңбегінің маңыздылығы турасында айтып берді.

– Кемпірбай Бөгенбайұлының қазақ ауыз әдебиетіндегі алатын орны ерекше. Сонау 1920-1930 жылдар алғашқы жинағы шығып, беріге дейін ауызша таралып келді. Қазіргі таңға дейін ауызша көп таралғаны – Кемпірбайдың Әсетпен бақұлдасуы. Бұған дейін түрлі баспасөз беттерінде, әр жинаққа Кемпірбайдың Шөжемен, Әсетпен, Жәмшібаймен айтысы және өмірдерегі жарияланған еді. Алайда, жеке жинақ болып, кітап болып басылмапты. Осы жинаққа ақынның өмірбаяны, әр кезеңінен сыр шертетін түрлі материалдармен қатар, айтыстарын жинап бастық. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезовтің ақынға жоғары баға беріп, ақындық қуатын ерекше атап көрсеткендігі жайлы дүниелер бар. Осыдан 20 жыл бұрын ақынның 170 жылдығы болды. Бірақ, ешқандай деңгейде атап өтілмеді. Сол уақыттан бері үлкен еңбек шығаруды жоспарлаған болатынбыз, – деді Ермек Балташұлы.

Кемпірбай ақынның ұрпағы – Қазақстанның Құрметті журнали­сі, Қарқаралы аудандық газетінде жиыр­ма бір жыл бас редактор бол­ған Рымбек Смағұл.

– Атамыз жөнінде 1980 жылдан бері көлемді мақалалар жазыла бастады. Бастауын Смағұл әкем бастаған еді. Әкем бұрынғының сөзін білетін. Тарихтан хабары бар зиялы адам еді. Сол әкемнің аузынан талай деректі жазып алдық. Сол деректерді арқау еттік. Облыс­тық «Ortalyq Qazastan» беттеріне, аудандық газеттерге лег-легімен жарияладық. Осы кітаптың жарыққа шығуына Ерғанат Бекенов, Самарқан Өмірбаев, Біржан Исабеков, Олжатай Әукенов секілді азаматтар қол ұшын созды. Жәпен Молдақашов ақсақалдың да демеушілігі зор көмек болды. Баршасына алғысым шексіз! – деді Рымбек Смағұл.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button