Ақтоғай ақын ұлын ардақтады
Биыл алпыстың асқарына шыққан ақын, бард, қазақтың «Сары Тентегі» Қуаныш Мақсұтовтың «Құт» кітабының тұсаукесері Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында өткен болатын. Оқырман мен қаламгер ойының бір арнада тоғысуына жол ашқан «Мәңгілік мұңның әуені» атты шығармашылық кеші көңілдің керегесін кеңейткен. Рухани шараның жалғасы туған жері Ақтоғай өңірінде ұйымдастырылды. Алдымен топырағына кіндік қаны тамған, солқылдақ шыбығын «кісінетіп», ат қылып мінген шайыр Шабанбай би, Қуаныш, Қызыларай ауылдарына барып, жұртшылықпен жүздесті. Қазақ ауыз әдебиетінің айшықты жанры айтыс аламанында талай мәрте топ жарған ақынға туған елдің ілтипаты ерекше болды.
Одан әрі қарай ақынның 60 жас мерейтойы аясында қолға алынған рухани шара Ақтоғай ауданының орталығында Мәдениет үйінде өтті. Мақсаты – ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау арқылы өңір мәдениетін дамытуына ықпал ету. Кездесуге келген жұрт алдында сөз алған Ақтоғай ауданының әкімі Руслан Кенжебеков кеш иесін келген қадамымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Ақынын ардақтаған елдің баласымыз. Өзіңіз ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамыз дәстүрлі айтыс өнерінің алтын жібін жалғап, талантты өнер қайраткері ретінде өскелең ұрпаққа үлгі болып келесіз. Дәстүрлі додаларда бәйге төрінен көрініп, аламандарда Арқа жұртының намысын қорғап, «Сарыарқаның Сары Тентегі» атандыңыз. Өлкеміздегі ұлттық өнерді асқақтату жолындағы ерекше үлесіңіз үшін алғыс білдіреміз. Бүгін сонымен қатар, жазба әдебиетінде қолтаңбаңызды қалдырып, «Құт» кітабыңыздың тұсауын кесіп жатырсыз. Тамаша тартулы әндердің тұсауын кесіп, жерлестеріңізге керемет көңіл сыйладыңыз. Біз өзіңіздей ақынмен мақтанамыз, – деді аудан басшысы Руслан Айтыкенұлы.
Сонымен бірге, дәстүрімізге сай ақынның иығына шапан жауып, арнайы Алғыс хатын табыстап, сый-сияпат көрсетті. Марапаттаудан кейін кеш иесі өзінің отты жырларын оқып, айтыс және поэзия жайында қойылған түрлі сауалдарға жауап қайырып, авторлық әндерін шырқады. «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі ақының құрметіне әннен шашу шашса, сөз сөйлеушілер айтыс аламанындағы ерекше дарыны туралы әңгіме өрбітті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбайдың шəкірті, халықаралық жəне республикалық конкурстардың лауреаты Мадияр Сүлейменов күмбірлете күй шертті. Сонымен қатар, әлі оқырмандар қолына тимеген, жақында ғана жарық көрген «Құт» кітабын аудан жұртшылығына сыйға тартты.
Жігерлендіруге толы болған рухани кеш көрермендеріне ғажап әсер сыйлады. Мұны қайта-қайта қол соққан халықтың ықыласынан байқадық. Сондай-ақ, соңынан ерген ізбасарлары, бүгінгі айтыс өнерінің алдаспандары Айтбай Жұмағұлов пен Дидар Қамиев шаппа-шап айтыс жасап, көрерменнің делебесін қоздырды. Қос ақын кеш иесін ортаға шақырып, орайлы әзілмен, шұрайлы тілмен өлеңін әдіптеді. Дидар Қамиев: «Құдайым Қуанышты қазағымнан, Қазақты Қуаныштан айырмасын», – деп ой түйді. Інілік ізет, дархан пейіл танытудың үлгісін көрсетіп, Дидар ақын ағасының астына ат мінгізді.
Шайырлар мен сүлейлердің сара жолын жалғастырып, төл өнерді төрге оздырған Қуаныш Мәжікенұлымен өткен кездесу кеші екі сағатқа ұласты. Өнерге сусаған халық тағылымды кештен ерекше әсер алып, рухты әңгімелерден қанаттанып тарқасты.
Қуаныш Мақсұтовтың ақындығы бір бөлек, қайраткерлігі бір төбе. Шертпе күйді зерттеп, оны насихаттап, жас ұрпақ санасына сіңіріп келеді. Сонымен қатар, Шабанбай бидің туған жерінде бюстін орнату, Әлімхан Ермековтің өмірі мен шығармашылығын насихаттау сынды көптеген жұмысқа бастамашы болып, жүзеге асуына да ұйытқы болды. Айтыс сахнасынан көрінбесе де, жазба поэзияда сөз өнеріне адалдығын танытып келеді. Жарыққа шыққан «Тәкәппар мұңның кербез тамшылары», «Құт» сынды жинақтары өз оқырманын тапқан. Кітапты шығаруда да оның оқырманға ыңғайлы заманға сай етіп, безендіру де Қуаныш ақынның өнерге ынтықтығын, биік жауапкершілігін аңғартса керек. Осылайша, Қуаныш ақын асқаралы 60-қа абырой биігінде келіп отыр!
Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz