Тарих

Ақшам

Бала Мұханың қаріп танығанына аса көп болмаған. Енді қызығына батып, оқыған дүниелерін азық етіп жүрген. Сол күндердің бірінде желмен ұшқан газеттің кішкене қиындысын көзі шалып, артынан ілесе жөнелді. Ши түбіне ілінген қағазға қолы жеткен соң, байыппен көз салып, алақанына алған күйі иіскеді. «Бояудың иісін-ай» дейді де, құшағына қысып, үйіне қарай құлдилай жөнелді. Үйіндегілерге оқып беріп, үлкен міндет атқарғандай кейіпке енді. Оқуға деген құлшынысы сол газет қиындысынан басталған-ды. Ілім мен білім жолына түсетінін іштей сезгендей… Иә, содан бері аттай жетпіс жыл желкен керді. Сол бала Мұхаң – бүгін жетпіс бестің биігінде. Яғни, «ақшам» шағында…

Оқуда озат, алғыр бала қатарының, замандастарының алды болды. Мектептің, ауылының абыройын біліммен өлшеген Мұхаң ұстаздарының батасын жиі алатын. Талабын да, талантын да аңғарған алғашқы ұстазы Сейтқазы Əбдіразақов еді. Шәкіртіне шапағатшы бола білді. Ұстазының шарапатын көргеннен кейін, артқан үмітін аманат қылып арқалап, бала шәкірт ұзаққа барды…

Арқа Ақтоғайының алтын бесігінде тербелген, Ақсораңына қарап бойын тіктеген, Қызыларайынан қанатын биікке қомдаған Мұхамедқали Баймұханов ағамыз – бұл. Бүгінде абырой биігінде. Құрмет иесі. Ел ақсақалы. Баталы ағамыз – халқының бағалысы. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын, Жаратқаннан елдің амандығын, ымыра-бірліктің бүтіндігін сұраған ақсақалдың мерейтойына орай арнайы кіріп шығып, салмақты әңгімесін санаға тоқыдық.

Кейіпкер өзі жайында емес, руханият хақында кең көсілді. Тілі, діні, ділі жайында парасатты пайымдары мен толғақты ойларымен бөлісті әуелі. «Қазақтың тілі – анамның тілі ғой. Үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Қауіп тудырып тұрған мәселе көп…» деп күрсінді де, әсерлі әңгімесін қайта жалғады. Қарқаралыдағы мәдениет бөлімін басқарған шақтарын сағынышпен есіне алды. Өнер деген – құдірет қой. Әсіресе, ән өнері – «құлақтан кіріп, бойды алады, көңілге түрлі ой салады», Абайша айтқанда. Кейіпкерім қоңыр домбырасына қолын созды да, құлағын келтіріп, әуелете жөнелді. «Қарқаралы» әнін шырқады. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген осы екен ғой деп, іштей жымидым да, ақсақалдың бұл серілігіне сүйсіндім. Сүйсіндім де, қазақ өнеріне деген сүйіспеншілігін, шексіз құрметін көрдім. Бәрекелді…

Омырауы орден, медальға толы. Əскерде Мəскеудегі əскери-құрылыс бөлімінде борышын өтеді. Онда мұнара кранының машинисі мамандығын алып шығады. Əскердегі темірдей тәртіп, уақыт тығыздығы кітап оқуына кедергі келтірмеді. Сөйтіп жүріп, солдат киіміндегі сұңғыла бойлы Мұхаң М.Ломоносов атындағы Мəскеу мемлекеттік университетіне жол тартады. Мұхаңның араб тілін меңгерсем деген ниетін академик М.Щербатов құп көреді. «Бірақ, сіз солдатсыз ғой» дейді, мүмкіндігі шектеулі екенін есіне салып. Сөйтсе де, ассистентін шақырып, ретіне қарай көмектесіп тұруға пәрмен береді. Мұхамедқали ағаны араб тілін тереңірек үйренуге үгіттеген қазақтың көрнекті ғалымы Ақжан Машанов еді. Ақаңмен жазысқан хаттары əлі сақтаулы екен. Алматыға мүфтиятқа барып жүргенде ғалым Халифа Алтаймен танысып, етене араласып кетеді. Мыңдаған Құран-Кəрім кітабын сол кісінің рұқсатымен алдырып, елге тегін таратады. Ондағысы – ауылдастарының сауатын ашу. Құран кітабының қасиетін ұқтырып, білімге жол ашу. Бұл Мұхаңның сауапты істерінің бір пұшпағы еді. Тәуелсіздік алған жылдары Қарқаралыдағы Құнанбай салдырған мешіттің қайта ашылуына ықпал жасайды. Ойдағы осы жұмысы үшін қызметінен шығып, игілік жолында елге еңбек жасайды. Бүгінде оны Семей өңірі, Абай ауданының жұртшылығы осы Құнекеңнің мешітін қайта ашуға себі тиген деп үлкен құрмет көрсетеді. Ақсақал да жеткен жасы, көрген қызығы, жемісті еңбектері мен жетістіктері осы жақсылығының қарымтасы шығар деген ойда.

Мұхамедқали Баймұханов – тележурналистикамен қатар, өлке жəне ел тарихына қалам тербеп, оқырманының ыстық ықыласына бөленген жан. Оның «Абылай заманы» атты тарихи-танымдық деректі кітабы оқырманға – олжа. Аталған кітапқа белгілі мемлекет жəне қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өзінің жылы лебізін білдірген. Ақсақалдың кеудесі – шежіре… Ендігі мақсаты – осыған дейінгі жиған білімін ұрпақ санасына сіңіру. Қаладағы жоғары оқу орындардың бірінде сағат алып, студенттерге дәріс жүргізетінін айтты сөз соңында. Бұл – білім жолындағы жастар үшін таптырмас олжа.

Қазақстанның Құрметті журналисі, мәдениет саласының үздігі Мұхамедқали ақсақалдың бойынан көп дүние аңғардым. Аз сөйлейді. Бірақ, сөздері жүйелі. Орамды ойлары оның тұлғасын одан сайын биік етеді. Жүрегінде иманы, қасында ақ адал жары, бауырында балалары мен немерелерінің барын Тәңірінің үлкен сыйы санайды. Санайды да, Құдайына сыйынады. Ақсақалдың ақ батасын алып, үйден шыққанымда, ол кісі «Ақшам» намазын оқымаққа басын сәждеге қойды…

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button