Ақселеу биігіне талпыныс

     Өткен жұмада облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен жазиралы Жаңаарқада «Туған жер» бағдарламасы аясында Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен белгілі өлкетанушы, публицист, қазақ әдебиетінде есімі алтын әріппен жазылған жазушы Ақселеу СЕЙДІМБЕКТІҢ туғанына 75 жыл толуына арналған игі шара өтті.

Ойы биік, қаламы жүй­рік саңлақ қаламгердің 75 жылдығына орай ұлық құрмет Ақселеу биігінен құран бағыштаудан бастау алып, Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылар және көсемсөз шеберлерінің әдеби-шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау қорытынды кеші аудандық мәдениет үйінде ұлас­ты. Жиынды Қа­зақстан Жазушылар ода­ғы бас­қар­масы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова кіріспе сөзбен аш­ып, жер­ле­сіміздің ұлттық құндылығымызға қосқан зор үлесін, оның шы­ғар­машы­лығы мен адамгер­ші­л­ік тұл­ғасы былайғы жастарға үлгі болатынын атап көрсетті. Сахнаға көте­ріл­ген үзеңгілес досы тарих ғылымдарының докторы, танымал қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлының, қанаттасы, жазушы Төлеген Әбдіктің естелікке толы әр сөзінен саң­лақ сөз зергеріне деген жылы ықы­лас, ыстық сағы­ныш желдей есіп тұрды.

Байқау қорытындысы бойынша поэзия жанрында ІІІ орынды облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Анна Строкова, ІІ орынды ҚарМУ-дың студенті Ерік Нарынов,   І орынды ҚарМТУ-дың оқытушысы Айзада Рахымжанова иеленсе, проза жанры бойынша ІІІ орынды ҚарМУ-дың студенті Гүлден Ерғали, ІІ орынды ҚарМУ-дың студенті Әйгерім Қарабаева, І орынды Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығының ақпараттық қызмет көрсету инспекторы  Ерзат Ермағанбетов және көсемсөз жанры бойынша ІІІ орынды Жаңаарқа ауданы Бидайық мектебінің тәлімгері Нәзира Ақаева, ІІ орынды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының оқытушысы Құлынтай Монайұлы, І орынды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Нұрдос Кәрім еншіледі. Ақселеу Сейдімбеков атындағы арнайы 100 000 теңге сыйлықты Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінің қызметкері Дулат Аманжол қанжығалады. Сондай-ақ, Ақселеу Сейдімбектің туыстары тағайындаған арнайы жүлдені Қасым.kz/ақпараттық порталының бас редакторы Нұрлыхан Қалқаманұлы иемденіп, Қазақстан Жазушылар одағының дипломымен ҚарМУ-дың студенті Жоламан Айткен марапатталды. Айтулы шараның соңынан Ақселеу Сейдімбектің туған-туыстары құран оқытып, ас берді.

Өз тілшімізден.

Суретті түсірген

Л.ГАЛИМОВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.