Жаңалықтар

«Аңсаған сәби» – перзент аңсағандарға көмек

«Адамның бір қызығы бала деген». Алайда, сол қызыққа кенеле алмай, сәби сүюді арман еткен жандар қаншама. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі әрбір бесінші-алтыншы отбасы бір перзентке зар екен. Кейбір отбасылар ажырасып жатады, кейбірі мәселенің шешімін іздейді. Әдетте, оның шешімі біреу. Ол – халық арасында ЭКО атанған экстракорпоральды ұрықтандыру. Былтыр қабылданған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аса қымбат осы медициналық көмекті мұқтаж отбасыларға қолжетімді етті. Дегенмен, квота кезегіндегілер әлі де көп.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бағдарлама аясында ЭКО-ға квота саны 7 мыңға артты. Аймақтық акушерлік-гинекологиялық орталық мамандарының айтуынша, облыс бойынша ЭКО кезегінде тұрған отбасылар қатары мыңның айналасында.

– Бұл ресми тұрғандары, негізі одан да көп. Қалада тұратыны болсын, ауылдағысы да мұндай көмекке жүгіне бермейді. Сондықтан біз, басқа орталықтардан арнайы мамандарды шақырамыз. Бағдарламаның алғашқы жылында облысқа 500 квота бөлінді. Оның 160 жағдайында нәтиже бар. Яғни, әр үшінші әйел бала көтерді деген сөз. Бұл жақсы көрсеткіш, себебі, көп жағдайда бірінші реттен көтере алмайды, – дейді аймақтық акушерлік-гинекологиялық орталық директорының орынбасары Андрей Буйненко. «Экомед Плюс» клиникасының директоры Алмаз Ибрагимов тегін қабылдауға 100-ден астам отбасының жазылғанын айтты.

 – Бүгінгі таңда белсіздікті емдеуде ЭКО-дан асқан тиімді әдіс жоқ, – дейді репродуктолог дәрігер. – Оның тиімдігі 30-45%. Әрине, жасына, басқа да көрсеткіштерге байланысты. Салыстырып айтсақ, осыдан 10 жыл бұрын осы әдіспен сәбилі болғандар 10-15% болса, қазір әр екінші не үшінші отбасы балалы бола алады. Осындай қымбат операцияны қажет ететін отбасыларға үлкен көмек. «Экомед» клиникасының көмегімен 6 мың бала дүниеге келді. Дәрігердің айтуынша, белсіздік аурудың шартты атауы.

– Егер ерлі-зайыптылар бір жыл ішінде бала көтере алмаса, оның себебін іздей бастау керек деген сөз. Бірақ, бізде 8, 10, тіпті, 15 жыл бірге отасқаннан кейін бала сүйе алмаса да, жолын іздемегендер бар. Біз бұл әдістің 35 жасқа дейін нәтижелі болатынын ескертеміз, – дейді Алмаз Құрманәлиұлы.

Оның түсіндіруінше, ЭКО-ға дайындық кезінде дәрілік заттардың өзіне жұмсалатын қаржы 500 мыңнан кем емес. Бір процедурада бірнеше аналық жасуша пайда болуы – көзделген мақсат. Одан кейін аналық жасушаны алу процесі, оны ұрықтандыру, өсіру және жатырға қайта салу келесі циклға жатады.

– Қосымша эмбрион қалса, оны мұздатып қоюға болады. 5 эмбрионға дейін сақтау құны 100 мың теңге болады. Мұздатылған эмбрионның болғаны жақсы, себебі, кейін тағы балалы болам десе, әйел адам қайтадан дәрігерге қаралып, құжат жинап, дәрі-дәрмек қабылдап әуре болмайды. Тіпті, осындай мұздатылған әдістердің нәтижесі көбірек. Себебі, әйел адам алатын наркоз, гормоналды терапия, операция эмбрионның дамуына кері әсер етуі мүмкін. Ондай жағдайда әйелдің ағзасы қалпына келгеннен кейін мұздатылған эмбриондарды қайта пайдала аламыз, – деді дәрігер.

ЭКО-ны мемлекеттік квотамен жылына бір рет қана жасауға болады. Егер бала көтермесе, келесі жылы квотаға тұра алады. Бірақ, оның берілуі квота тізіміне тұрған адамдардың санына байланысты. Ал, егер мұздатылған эмбрион болса, 1-2 айдан кейін салуға болады.

– Соңғы 5 жылда біз бір эмбрионнан салуды қолға алдық. Бірақ, кей кездері әйел немесе туыстары 2 эмбрион салуын өтінеді. Дегенмен, біз әйел адамның табиғаты бір ғана баланы көтере алатынын ұғынуымыз керек. Егіз, үшемдер қаржылық жағынан шығыны көп әрі ол балалардың уақытынан бұрын дүниеге келіп, дұрыс жетілмеу қаупі жоғары. Мен бір бала болса да, сау бала болғанын құп көремін. Біздің көздеген мақсатымыз да осындай, – дейді Алмаз Ибрагимов.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button