Тарих

Ақиқаттың Ақжаны

Биылғы жыл біздің өңір үшін атаулы күндерге толы екенін ескерсек, тарих тереңінен тамыр тартқан өшпес мұра, сарқылмас қазынаның көзі мұрағаты мол деректерге жетелейді. Талай айтулы ұлы тұлғалардың кіндік қаны тамған Қарқаралы өңірі Ақжан Машанидей перзентін де мақтан етеді.

Заманында от ауызды, орақ тілді әділ би атанған Машанның немересі Ақжан атамыз-тегінен тектілік дарыған сөз бен істің нағыз майталманы болған адам. Атасы Машан кезінде Ағыбай батырды дос етіп, ағайын-туыстық сыйластықта болған. Атасымен сапарлас болып, қасында жүргені, болар баланың жасынан көргені көп болғанын аңғартады. Атақты Қоянды жәрмеңкесіне атасы Машан бимен бірге барған Ақжан атамыз талай игі жақсылардың көзін көргені де мәлім. Солардың бірі – Шәкәріммен кездесуі болатын. Жалпы Ақжан атамыздың өз әкесі Жақсыбек сауатты адам болған. Ақжан Машани әліпті өз әкесінен үйреніп, кеңес мектебінде оқыды. 1924 жылы Қарқаралыдағы Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогикалық техникумға түсіп, Ә.Ермеков, А.Байтұрсыновтан дәріс алған.

Осындай өмір мектебінен өтіп, жақсылар мен жайсаңдардың ойшылдар мен даналардың ортасында жүріп зерделі ой түйген Ақжан Машанидің қай салада болмасын бір ұлы тұлға болып қалыптаспауы мүмкін емес еді. Сарқылмас қазынаны бойына жиып, әр нәрсенің байыбын бағамдап, саралай өскен Ақжан Машани жан-жақты ой түйіп, сол ойларын біліммен ұштастырды.

А.Машани өзінің зердесін Жер-ананың қойнауын зерттеуге жұмсады. Сол заманда мұндай ғылыммен қазақ ұйымы мен ұлдарының айналысуы тосын жаңалық, тың тақырып болатын. Зерттеу, ізденіс, жаңалық ғылыми жұмыс сияқты тынымсыз еңбек нәтижесін берді.

Соның арқасында кен орындары анықталып-зерттеліп пайдалануға берілген Ақбастау-Құсмұрын алтын кен орнын Ақжан атамыз Машани осы жаңа әдіс-тәсіл негізінде ашқан. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің ғылыми-көпшілік, фантастикалық жанрларына қалам тербеп, сонымен қатар, қазақ тілінде оқулықтар мен сөздіктер шығарғанын, жаратылыстану ғылымдарындағы ұлттық құндылықтарды сабақтастыра отырып, гуманитарлық мазмұн сипатта дамытуда, фарабитанудың негізін салушы ретінде, түркі тілдес халықтардың мәдени мұраларын, ғылым тарихын, исламды зерттеуде де көп тер төккенін білеміз. А.Машани 350-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 9 монография жазған екен. Қыруар еңбек жасап қазақ ғылымының дамуына еңбек сіңіріп, қазақтың ұлттық ерекшелігіндегі тарихи зерттеулерді дүниеге әкелген А.Машани Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Осы дерек-дәйектерді келтіре отырып, осы жылдың үшінші наурызында “Орталық Қазақстан” газетінде жарияланған мақалада айтылғандай, 2000 жылдан бері көтеріліп келе жатқан қаладағы мешітке әл-Машани есімін беру туралы мәселе әбден құптарлық деп білеміз.

Жадыра ЖҮНДІБАЕВА,

«Қарқаралы ауданының мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button