Спорт

Ұрпағы ұлықтаған тұлға турнирі

Шағын футболдан 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында Балапан Әбеновты еске алуға арналған облыстық ашық турнир мәреге жетті. Турнир қорытындысы бойынша көкшетаулық «Оқжетпес» командасы чемпион атанды. Шараның ашылу салтанатына облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев пен марқұмның жары Бота Әбенова, туыстары, жолдастары қатысты.

Балапан Әбенов
Суреттер ұйымдастырушылардан

Балапан Зипатоллаұлы саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнады. Қарапайым тергеушіден Теміртау қаласы прокурорының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Сондай-ақ, әр жылдарда облыстық прокуратурада, облыстық Әділет департаменті бастығының орынбасары, кейінірек, облыс бойынша соттар әкімшісі болып қызмет істеді. Тіпті, облыс әкімінің кеңесшісі лауазымына да тағайындалған. Абыройлы азаматтың соңында қалған ұрпағы, дос-жараны оны еске алу мақсатында 2018 жылдан бастап шағын футболдан облыстық ашық турнир өткізіп келеді.

– Балапан ағамыздың соңында қалдырған еңбегі зор. Елге аянбай қызмет етті. Сол еңбегінің бір дәлелі – турнир. Ағамыз ортамызда болмаса да игі амалдары осы өмірде жалғасып жатыр. Сондай ағаларды еске алу соңында қалған ұрпағы, дос-жарандарына аманат. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ осындай ағаларымыздың еңбегіне қарап бой түзеп, елге адал қызмет ететін азамат болып өсуге мақсат қою керек. Сол мақсатқа жету үшін еңбектеніп, спортпен шұғылдану қажет, – Темірхан Абылаев.

Қоғам және мемлекет қайраткері Қайдар Бурабаев та бір ауыз тілегін жеткізді.

– «Өмір – өзен» дейді үлкендеріміз. Өзен секілді өміріміз жылжып өтуде. Халқымыздың қадірлі азаматтарының бірі Балапанның дүниеден өткеніне де алты жыл болыпты. «Орнында бар оңалар» дейді. Артында қалған ұрпағы, жолдастары «Әрқашан есімізде жүрсін» деп осы турнирді ұйымдастырды. Бәлкім осы турнир сендерге үлкен спортқа жол ашар. Әлемдік ареналарға шығарсыңдар. Сол уақытта «Біз осы турнирде өнер көрсетіп едік» деп айтып жүруге жеткізсін, – деді ол.

Былтыр додаға 16 команда қатысқан. Турнир қорытындысы бойынша Саран қаласының командасы – І орын, абайлық «Жігер» – ІІ орын, қарағандылық «Жастар» – ІІІ орынды иеленген. Ал, биылғы додаға 13 команда қатысып, көкшетаулық «Оқжетпес» командасы чемпион атанды. ІІ орынды – қарағандылық «Жастар», ІІІ орынды – «Теміртау» командасы қанжығалады.

– Бұл жарысқа биыл бірінші мәрте қатысуымыз. Қарсыластардың осалы жоқ. Былтырғы турнирдің чемпиондары сарандық командамен бір группаға түстік. Сонымен қатар, Теміртау қаласының командасы да осал болмады. Мұның бәрі жігіттердің еңбегі. Бізде нақты бір тактика болған жоқ. Тек шәкірттеріме «жақсы ойын өрнегін көрсетіңдер» дедім. Ең бастысы – бірін-бірі түсінді. Нәтижесінде шәкірттерім чемпиондық атаққа қол жеткізді, – деді «Көкшетау» футбол мектебінің жаттықтырушысы Солдатбек Зәлел.

Командалар үш топқа бөлініп, өзара сынға түскен. Топтық кезеңнен шыққан үш команда бір-бірімен ойнап, чемпиондық атаққа таласты. Ақтық кезеңде «Оқжетпес» командасы теміртаулықтармен тең түсіп, «Жастар» құрамасын 5:0 есебімен жеңді. Ал, «Жастар» мен теміртаулықтар арасындағы кездесу қарағандылықтардың пайдасына шешілген. Турнир қорытындысы бойынша «Теміртау» командасының шабуылшысы Ислам Тұрақбаев – «Үздік шабуылшы», «Оқжетпестің» қорғаушысы Илья Закревский – «Үздік қорғаушы», «Жастар» командасының қақпашысы Вадим Горелов – «Үздік қақпашы» атанды.

– Ойынның біраз уақытына дейін «Теміртаудан» жеңіліп жаттық. Бір уақытта қақпашы ортадан гол салып, рухымызды оятты. Сол голдан кейін ойын өзгерді. Ал, «Оқжетпестен» айламызды асыра алмадық. Олар қорғаныста да, шабуыл шебінде де керемет ойнады. Өкінішке қарай, қорғанысын бұзып өте алмадық. Осы турнирге екінші мәрте қатысуымыз. Былтыр IV орын алсақ, биыл ІІ орынға көтерілдік, – деді қарағандылық «Жастар» командасының қорғаушысы Әлихан Құрметов.

Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан кубок пен медальдар және ақшалай сыйлық табысталды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button