Кофеханада кітап оқудың жаңа мәдениеті қалыптасып келеді
Астана тұрғындары мен қала қонақтарына кофеханада демалыстың жаңа форматы ұсынылды. Яғни, телефонды бір сәтке шетке қойып, сүйікті кофеңізге тапсырыс беріп, қолыңызға кітап алып оқу. Елордадағы бірқатар кофеханада қазақ әдебиетінің жауһарлары мен отандық авторлардың шығармалары топтастырылған кітап сөрелері пайда болды, деп хабарлайды Ortalyq.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жобаның басты мақсаты – кітапты көпшілікке барынша қолжетімді етіп, оқуға деген қызығушылықты арттыру. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қолға алынған бастаманы Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының қалалық филиалы бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Жоба аясында мемлекеттік тілдегі әдебиетке басымдық берілген. Ұйымдастырушылардың пайымынша, кофеханаларда кітап сөрелерін орналастыру тұрғындардың, әсіресе, жастардың кітапқа деген ынтасын арттырып, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.

Бастаманың тағы бір ерекшелігі – оған қала тұрғындары да атсалыса алады. Үйінде оқып болған қазақ тіліндегі кітаптары бар азаматтар оларды жобаға қатысатын кофеханаларға тапсырып, өзге оқырмандармен бөлісе алады. Бұл – бір адамның кітап қорындағы туындының жаңа оқырманға жетуіне, қайтадан оқылып, рухани айналымға түсуіне жол ашатын игі мүмкіндік.
Жобаның алғашқы нәтижелері де бар. Қазан айында елордадағы 50-ге жуық кофеханаға 400-ге жуық кітап жеткізілген. Алдағы уақытта оқырмандар назарына қазақ тіліндегі тағы 1 500-ден астам кітап ұсынылмақ. Олардың қатарында қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары мен жергілікті қаламгерлердің еңбектері бар.

Қазірдің өзінде жобаға Астанадағы 100-ден астам кофехана қосылған. Олардың қатарында Starbucks, Espresso Day, Master Coffee, Oneshott секілді танымал желілермен бірге Global, Arena Coffee, Moko Coffee, Qiyal Coffee және басқа да орындар бар. Кітап сөрелері қаланың әр ауданындағы, соның ішінде ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында орналасқан кофеханаларға қойылып жатыр.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта жоба ауқымын кеңейтіп, оған қатысатын кофеханалар санын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама елордада кітап оқуға қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, қазақ тіліндегі әдебиеттің жаңа оқырманын табуына да ықпал етпек. Өйткені кейде кітапқа деген қызығушылықты ояту үшін үлкен өзгерістің қажеті жоқ. Бір шыны кофе мен қолжетімді кітаптың өзі адамды рухани әлемге жетелей алады.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



