Арқаның ардақтысы
Елдің құрметінен бағалы марапат бар ма? Ал, ел сенімін ақтап, мыңдаған көңіл, жүздеген жүректің ықыласына бөлену үшін де қабілетіңнен бөлек қасиетің де керек екен. Ол үшін адалдық керек. Адал пейіл, таза жүректің абырой асуына төте жол шығаратын құндылық екенін сезінетін сана керек. Еңбекқорлық та тәжірибеге сүйенеді. Ел үшін елеңдеп отыратын елгезектігің болмаса, адал ниет қайдан бастау алсын?!
Мен білетін Төлеутай Мінапасұлы Шахарбаев – осынша ізгі қасиетті бойына жинап, ел құрметіне бөленген қайраткер тұлға. «Ақырын жүріп, анық басудың» (Абай) шынайы үлгісіне айналған ағаны абырой асуына алып шыққан ең ерекше қасиеті – адалдығы. Елін елжірей сүйді. Халқына адал қызмет етті. Рушылдық, жершілдік деген рухани вирустарға жүрегінен де, жанынан да орын бермеді.
Міне, жүйрік уақыт, қатыгез жалған осындай ел асылын арамыздан мәңгіге алыстатып, біз Төлеутай аға туралы өткен шақпен әңгімелеуге мәжбүр болдық… Десек те, Төкеңнің өнегелі өмірі өкініш табын сезіндірмейді. Арына дақ түсірмей, ардақты атанды. Биік парасат, терең білімімен елағасы болды. Қарапайым қалпымен қадірі асып, абыройы асқақтады. Тағдыр жолын тағылыммен тамырландырып, тал бесігінен жер бесігіне дейінгі ала-бажақ өмірдің сапарында қызыл-жасылға қызықпай, елімен етене жақын ғұмыр кешкен Арқаның ардақтысы бір жылдан бері ел жүрегінде өмір сүріп жатыр.

Бастау
Замана желінің екпіні күшейіп тұр. Одақ құрамынан шығып, Тәуелсіздігін жариялап жатқан бұрынғы одақтас республикалардың қатары көбейіп барады. Компартияның тағдыры – қыл үстінде.
Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеутай Мінапасұлы Шахарбаев атшаптырым кабинетінде жалғыз отыр. Ой үстінде. Санасына шырмалған ауыр ойлар ердің жасын еңсеріп қалған хатшының түйсігін түрткілеп, мазасын алып бағуда. Егін орағы қызған шақ. Бірақ, бұрынғыдай дерек сұрап, дегбірін алып, мәлімет сұрап, мән айтып жатқан облыс жоқ. Жоғарыдағыларға жоспар орындалмаса да, бәрібір сияқты. Тек қана Төлеутай Шахарбаевқа бәрібір емес. Шаруашылықтар жанар-жағармай тапшылығынан діңкелеп тұр. Қосалқы бөлшек те қорадағы малды қорқаудай жалмап барады. Сауда-саттықтың бартер деген «барымтасы» басталғалы бері қаладағы саудагердің бар ынтасы шаруашылықтың күйлі малына ауып алған. Жетпіс төрт жыл билік құрған партияңнан қауқар қайтты, білем.
Ұшы-қиыры жоқ терең ойдың құрсауында отырған бірінші хатшы орнынан ширақ қозғала тұрып, кабинетте ары-бері жүрді. Ормандай ойдан арылар емес.
Шаруашылықтардың есепшотында көк тиын жоқ. Күн сайын қарыздары еселеніп жатыр. Орталық Комитеттен күй қашып, Одақтан береке кетті. Іргедегі Семей полигонынан тараған радиацияға уланып, денсаулығынан айырылған халықтың күйзелісі – анау. Осы ауданға басшы болып келгелі, өңір халқына жәрдемақы тағайындатпақ болып, кірмеген есігі, аттамаған табалдырығы қалмаған. Компартияның әлсірегені соншалық, хатшының қолында хаттамалық тапсырмадан басқа ештеңе қалмады. Ол хаттамадағы тапсырманың өзі орындалып жатса қане? Сауал – көп, жауап – жоқ. Мүлде түсініксіз бір уақытқа тап болды. Ертең Алматыда өтетін Қазақстан Компартиясының XVII съезіне жол жүрмек. Съезд делегаты ретінде мәртебелі жиынға қатысып, партияңыздың тағдырын шешуге үн қоспақ. Тарап тынатын шығар бұл партия.
Алыс жол, жауапты сапарға шығарда Сеңкібай атасының немесе Оразғұл бабасының басына барып, аруақтарға дұға оқуды ертеден дағдыға айналдырған еді. Бірақ, бұрын түнделетіп немесе демалыс күндері қызметтік көлікпен емес, сенімді адамдардың көлігімен баратын. Өйткені, кеңестік жүйенің қаһарлы кезінде дінге пейіл танытуға, ата-баба аруағына тағзым етуге, қатаң тыйым салынған. Төкең сияқты партиялық басқару қызметінде жүргендерді былай қойғанда, үлкен кісілер Аллаға деген құрметі мен құлшылығын жасырын жасайтын. Төкеңнің де баба мазарына тығылып барып, куәсіз зиярат ететіні сондықтан еді.
Бүгін тағы сапарға шықпақ. Бұл жолы өзінің абыройы немесе қарақан басының қамы үшін емес, мынау өткелең шақтағы қиындықтан халқының қиналмауы үшін Алладан медет, баба аруағынан қолдау сұрайды.
Неткен парасат десеңші!
Иығындағы жауапкершілік жүгі ауыр болатын. Бір әулеттің үлкені болғандықтан, ата-ана үміті, елдің сенімі, ағайынның тілеуі… Осының бәрі жеңіл жүк емес еді. Мойымай көтеріп келеді.
Өкінері жоқ. Ел алдында да, ұрпақ алдында да жүзі жарқын, ары таза.
Алатау бөктеріндегі ару қала Алматыға аманат арқалап бара жатыр.
***
…Әлі есінде, 1958 жылы мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрген. Алайда, адам баласы кейбір кезде өзінің тағдырына үстемдік ете алмай, пенденің қалауы емес, Алланың бұйрығы болып жатады ғой. Бозбала Төкеңнің де, талапкер Төкеңнің де арман-мақсаты аяқасты болып, өмірі мүлде басқа арнаға бұрылып сала берген.
Әкесі Түшкен аяқ астынан ауыр дертке шалдығып, әулет басына қара бұлт үйіріле қалды. Шіркін, Түшкен әкесі қандай еді?! Арнаулы білімсіз-ақ атқа мініп, ел басқарған, халыққа жаққан азаматтың асылы еді ғой. Отызыншы жылдардың зобалаңында – аштығы бар, қуғын-сүргіні бар, қиналған елдің жанашыры болған жайсаң жан еді ғой. Енді ғана аяғынан тік тұрған шаруашылық меншігін шашау шығармай, басқарудың шебер тәсілін меңгерген майталман еді ғой. Төкеңнің әкесінің сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық еңбегін қалай ұмытуға болады? Бір көзінің кемістігіне байланысты соғыстан броньмен қалса да, майданға ел атынан жөнелтілген әскери ұшаққа қомақты қаржы қосып, тылдағы еңбектің ерен үлгісін көрсеткенін ел ұмытқан жоқ. Тіпті, майдан даласынан эвакуацияланған украин баласы Коляны жетімдер үйіне жібермей, өз бауырына салып, үлкен баласы ретінде асырап-баққанын айтсаңызшы… Неткен мейірбан жүрек иесі еді?!
Ардақты әкенің жүрегі соғуын тоқтатқанда, төбелерінен жай түскендей есеңгіреп қалған әулеттің естияры да бозбала Төлеутай болатын. Отбасының барлық ауыртпалығы Коля ағасы екеуіне түсті. Арманындағы Алматының жолы жабылды. Оқуға баруға мүмкіндік қалмады. Сөйтіп, 16 жасар бозбала үшін Алматы институтының сынағынан емес, өмірдің сынағынан өту керек болды. Өзі армандап жүрген Алматы мал дәрігерлік институтының емес, өмір университетінің сабағы басталды.
Асқар таудай Әкесінің қазасы. Аймақ жұртының алдындағы Әке абыройы сол бір қаралы жиында-ақ аңғарылған. Жер қайысар ел жиналып, адал еңбегімен ел алдында еңселі ғұмыр кешкен Түшкен әкесінің тіршіліктегі жақсылығын, жомарттығын, өр мінез, өнегелі болмысын аңыздай ақтарып, ақтық сапарына шығарып салған. Сонда небары 16 жастағы бозбала жылап тұрып, жұбаныш тапқан. Мойнына «Жақсы әкенің баласы» деген жауапкершілік жүктелгенін сезініп еді-ау…
Сол жауапкершіліктен бір сәтке де жырақ кетпеді. Мектеп бітіре салып, механизатор болып, темір тұлпар тізгінін ұстады. Зеректігі болар, техника тілін тез меңгеріп, алып трактордың өзі тақымында тайдай ғана болып қалды.
Шоферлық курсқа шаруашылық жолдамасымен барып, жүк көлігіне отырды. Салық инспекторы болып, есеп-қисаптың да сырына қанықты. Айналдырған екі-ақ жылда осынша еңбек жолын еңсеріп үлгерген жігерлі жігіт оқу туралы жиі ойлана бастады. Марқұм Қамар анасы да сұңғыла адам еді. Бір күні шәй үстінде:
– Балам, сенің мектеп бітіргеніңе екі жыл болып қалды. Енді қарайып қаласың. Жинақталып, оқуға түскенің дұрыс болар… Ауылдағы шаруашылыққа Коляжан бар, Бағдат пен Талғат та қолғанат болуға жарап қалды. Үлкен қызмет істеп, әкеңнің ізгі жолын жалғайтын талабыңды таныдым. Үй тұрмысына бола қабілетіңді тұншықтырып, жолыңды байлағаның болмас, қарағым. Оның үстіне Әйе де (барлық ауыл-аймақ, ағайын-туыс Төлеутайды бауырына басқан шешесі, Шахарбай ақсақалдың бәйбішесі Рәзия марқұмды осылай атайтын) «Менің балам оқымай қалатын болды. Қатарының алды болатын-ақ азамат еді. Оқымаса, кім болар дейсің?!» деп, мазасызданып жүр. Күндіз-түні айтатыны – сенің оқуың. Сондықтан, оқуға барудың қамын жасайық, – демесі бар ма…
Төлеутай ойланып қалды. Оқуға барғанда, қайда барады? Кімнен сүйеніш, кімінен таяныш іздейді? Бұл ойланып отырғанда, бұл сұрақтардың да жауабын анасы Қамар беріп үлгерді.
– Алматыға бар. Тәңірберген ағаңды тауып ал. Сол ағаңмен кеңесіп көр. Үлкен қызметтегі адам ғой. Бір шарапаты тиер, – деді марқұм анасы сабырлы кейіпте.
Алматы барды. Ағасы, сол кездегі Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Тәңірберген Машеевтің бағыт сілтеуімен оқуға құжат тапсырды. Аға бағыт берді, Алла бақ берді. Оқуға түсіп, студент атанды.
Самғау
1965 жыл. Ару Алматыға қош айтып, қолына дипломын алған жас маман туған жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына жолдама алған күні ерекше қуанған. Ауылға барады. Кешегі жас бала емес, жас маман. Жесір ана, жетім бауырларына бас-көз болып, әулеттің бұл жоқта көтерген ауыр жүгін жеңілдетеді. Қарындастары мен бауырлары да есейіп қалған. Оларды оқыту керек.
Туған ауылы – қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов туған топырақ. Ұсақтықты кешірмейтін ұлы мекен. Жат жерде қызмет істегеннің өзіндік ауырлығы болатын шығар. Бірақ, өз туған жеріңде қызмет етудің жүгі одан екі есе ауыр болмаса…
Жүрегінде толқу, көңілінде алаң бар. Елге жақындаған сайын, алаң көңілі абыржуға ұласып келе жатқандай. Бұл – жас маманның жасықтығы немесе жалтақтығы емес, жауапкершілікті жан-тәнімен сезіне білетін сұңғылалығы. Кеудесін кернеген елге, отбасына деген сағыныш бір сәтте су сепкендей басылады да, қалың ойға шомады. Осыдан бес жыл бұрын институтқа емтихан тапсырғанда дәл бұлай қобалжымаған. Десек те, бұл жолы қобалжитын жөні бар. Өйткені, ертеңнен бастап шынайы өмірдің сындарлы сынағымен, сәт сайын қайталана беретін бұралаң-бұлтарысымен бетпе-бет келеді. Сол үшін алаңдап келеді. Білімі терең болғанымен, тәжірибесі аз.
Иә, қасиетті Қарқаралысы Төкеңді «Балам келді» деп емес, «Маман келді» деп қарсы алды. Ел үмітін ақтайтын ері келді. Туған елдегі алғаш қызметке орналасқан сәтінен бастап, Төлеутай Мінапасұлының самғау кезеңі басталған.
***
Төлеутай Шахарбаев «Фрунзе» совхозына бас мал дәрігері болып тағайындалды. Төкеңнің кіндік қаны тамған «Сарыобалы» ауылы – осы совхоздың бөлімшесі. Ауданның бірінші хатшысы Михаил Шаяғзамұлы Шаекин де – республикадағы ең жас хатшылардың бірі. Ауданның саяси басшылығына жаңа ғана сайланған. Өзі жас болғаннан кейін емес, аға буын мамандардың көбінде арнаулы жоғары білімі болмағандықтан, Михаил Шаяғзамұлы жас мамандарға ерекше қолдау көрсетеді екен. Басшының бұл ұстанымы – жас мамандар үшін зор мүмкіндік.
Хатшының қабылдауында болып, ел ағасының тілектес пейілін таныған Төлеутай Мінапасұлына Михаил Шаекиннің ұстанымы да, болмысы да қатты ұнады. Әсіресе, жанарының өткірлігін, салмақты сөз, мінезіндегі шешімталдық қасиеттерін бірден аңғарды. Жас та болса, мақсаты айқын, ұстанымы берік екен. Нығырлап сөйлеп, сабырмен салмақтайтын талабында да тау бұзардай екпін бар.
– Бүгінгі талап – мал басын өсіру. Ал, мал басы өсу үшін біздің шаруашылықтар мал індетінен толық арылу керек, Төлеутай мырза! Мен Сізге осы талап үдесінен толық шығады, мемлекет меншігін, қоғам малын ауырудан арашалауға қабілет-қарымыңыз толық жетеді деп сенемін! Іске сәт! Біздің тарапымыздан қандай да бір көмек, қолдау қажет болып жатса, айтарсыз, – деп, қолын қысып тұрып, сәттілік тілеп шығарып салды.
Жұмысқа кірісіп кетті. «Фрунзе» совхозының экономикалық көрсеткіштер жаман емес. Совхоз директоры Хакім Абсалямов – өте іскер, шебер ұйымдастырушы. Аудан басшыларының тапсырмасын жіті қадағалап, мемлекеттік міндеттеменің орындалуына қатаң бақылау жасайды. Шаруашылықта мал өлімі азайып, індетті ауыздықтау көрсеткіші көшілгері деңгейге жетті.
Өз ауылы. Өмір есігін ашып, мектеп табалдырығын аттаған, өзінен бұрынғы бабаларының ата жұрты болған «Қараағаш», «Комсомол», «Сарыобалы» ұжымшарлары осы «Фрунзе» совхозының құрамында еді.
Самғау сәті осылай басталған жас қыранның қанат сермесінен ауыл үлкендері де, аудан басшылары да зор үміт күтті. Көп ұзамай кеше ғана өзі ақ тілеумен сәттілік тілеген аудандық партия комитетінің хатшысы Михаил Шаяғзамұлы Шаекин қысқа мерзімде көп тәжірибе жинап үлгерген алғыр жасты ауданның ветеринарлық станциясына бастық етіп тағайындады. Төкеңнің:
– Әлі де үйренерім көп еді, Михаил Шаяғзамұлы. Тағы да тәжірибе жинақтай тұрайын, – дегеніне бірбеткей басшы:
– Төлеутай Мінапасұлы, аудандық мекемені басқаруға Сіздің қарым-қабілетіңіз жетіп тұр. Бұл ұсыныс – Сізге деген зор сенім, ауқымды жауапкершілік. Сіз секілді жас коммунист ауданға да қажет! Партияның сарбазы «Мен дайын емеспін» дегенді айтпаса керек. Бұл қарсылығыңызды жауапкершіліктен жалтару деп қабылдаймыз, әйтпесе, – деп, кесіп айтты.
Сөйтіп, «орда бұзар отызға» толмаған шағында аудандық мекеме басшысы болып шыға келген.
***
«Фрунзе» совхозындағы бұрынғы төрт бөлімшенің малы бұйым болмай қалған. Аудан құрамындағы 11 шаруашылықтың малын індеттен аман сақтау, барлық қыстақтардағы қора-жайлардың талапқа сай болуын қамтамасыз ету, ол кезде өте қат болып тұрған дәрі-дәрмектің көзін табу оңай жұмыс емес еді. Бірақ, іскерлігі ілкімділік танытып, кісімен тіл табысуы, практикалық һәм теориялық тұрғыдан өз ісін жоғары деңгейде меңгеруі барлық қиындықты жеңіп шықты. Самғау қарқыны бәсеңсіген жоқ.
Облыстық партия комитетінде, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасында өткен алқалы жиындарда «Қарқаралы ветстанциясының басшысы Шахарбаевтан үлгі алыңдар. Аудан көлемінде мал кеселі күрт азайды. Өлім-жітім жоққа тән» деген мазмұндағы оң пікірлер жиі айтыла бастады.
1975 жыл. Осы жылы күзде әлдебір себептермен Нұркен атындағы совхоздың директоры Манап Садықов орнынан босатылды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зайкен Іңкәрбаев бұл лауазымға Төлеутай Шахарбаевты тағайындады. Сол жылы қуаңшылық болып, мал азығын дайындау мәселесі күрделеніп қалған екен. Бұрынғы директордың қызметтен кетуіне де осы табиғи құбылыс себеп болса керек. Қыстақтарға түсірілген пішен қыс ортасына да жетпейтін мөлшерде. Жаңа директор жұмысқа кіріскен сәтте осы мәселені қолға алды. Осакаров сабанынан басқа қандай амал, нендей мүмкіндік бар?
Шаруашылықта қырық мыңдай қой, он мыңнан астам ірі қара, мыңнан астам жылқы бар екен. Ауыз – көп, шөп – жоқ. Не дегенмен де, мойнына жауапкершілік жүктелді, шегінерге жол жоқ. Отыздан енді асқан жас директор Төлеутай Мінапасұлы қайда келгенін енді түсінді. Көп ойланды. Шаруашылықтың бас мамандарымен де, жердің жайын, малдың күтімін білетін ауыл ақсақалдарымен де ақылдасты.
Жаңа ғана шұғыл кеңес өткізген. Басы ашық бір мәмілеге келе алмады. Даурықты. Кеткен директорды жазғырды. Төкең дауылдай даурыққан жұртты сабырға шақырып:
– Қойыңыздар, кеткен басшыны кінәлау дұрыс емес. Ол кісі болмасын деді ме? Болсын деді. Ұйымдастырды. Талап қылды, талпынды. Бірақ, жаумаған жаңбырды жаудыратын ол құдай емес қой. Жұт адамның қолымен жасалмайды, ол – құдайдың құдіретімен болатын құбылыс. Сондықтан, мәселенің себебін іздеп уақыт өлтіргенше, салдарымен күресетін амал ойластырайық! Әрекетке көшейік! – деп, бір тыйып тастады.
Жиынға совхоздың бас мамандарынан бөлек арнайы шақырылған ақсақалдар күбірлесіп, жас директордың парасатына сүйсініп қалды.
Директордың бастамасымен келер жылы қолға алынған суармалы технология енгізу жобасы бірер жылда игілікке айналды. Бірте-бірте суармалы алқап көлемін 3 500 гектарға жеткізіп, жерасты ұңғымалары арқылы жаңбырлатып суару мүмкін болған бұл алқапқа бір жазда 2-3 рет шалғы түсіп, мол өнімге қол жеткізілді. Осынша ауқымды алқапқа 34 жерден қойылған «Волжанка» суару қондырғысы бұрынғы тақырды көк майсаға айналдырды.
Бүгінгі кемшілік ертең нәтижеге айнала салмайды. Ол кемшіліктің салдарын түбегейлі жойып, оң нәтижеге қол жеткізу үшін жылдар керек. Бұл қағиданы Төкең де, Нұркен ауылының халқы да жақсы түсінді. Сонымен, Батыр атын иеленген ауыл өз тарихында тұңғыш рет 1980 жылы мемлекетке 10576 центнер ет, 1323 центнер сүт, 1125 центнер жүн, бір миллион пұт астық тапсырып, Қарқаралы ауданы ғана емес, Қарағанды облысы бойынша көш басынан көрінді. Сол жылдың қорытындысы бойынша шаруашылықтың бірқатар мамандары мен қарапайым еңбек адамдары мемлекеттік наградамен марапатталды. Бұл Төкеңнің де омырауында «Құрмет белгісі» ордені жарқыраған мерейлі жыл еді. Ол жай ғана орден емес, Төлеутай Шахарбаев сынды елжанды азамат, іскер басшының бақ жұлдызы болатын.
Толғау
Қарқаралының қоңыр даласы талай азаматты түлетті. Қатпарлы таулары мен кең жазирасы, шежірелі мекендері мен сырлы тарихы бұл өңірдің табиғатына ғана емес, адамдарының мінезіне де өзіндік өрнек салғандай. Мұнда кеңдік те бар, қайсарлық та бар, сөзге тоқтау мен істі бағалау да бар. Төлеутай Мінапасұлының азаматтық болмысын осы өлкенің табиғи әрі рухани кеңістігінен бөліп қарау қиын.
Ол – туған жердің топырағынан тамыр тартып, сол жердің тіршілігіне араласқан, ел басқару ісінің жауапкершілігін өз мойнына алған азамат. Оның ғұмырнамасындағы әр кезеңді жалғап тұрған бір арқау болса, ол – туған өлкенің өркендеуіне қызмет ету мұраты.
Қазақта «Тегіне тартқан текті болады» деген сөз бар. Бірақ тектілік дегеніміз ата-бабаның атын айтып мақтану ғана емес. Тектілік – сол бабалардың адамдық өлшеміне лайық болу, олардың елдік мұратын өз дәуіріңнің талабына сай жалғастыру.
Төлеутай Мінапасұлының шежіресі Оразғұл бимен, Сеңкібай батыр – Биата есімімен сабақтасып жатады. Бұл есімдердің өзі қазақтың тарихи жадындағы екі үлкен ұғымды – әділ сөз бен қайсар рухты еске салады.
Төлеутай Мінапасұлының тағдыр жолына қарағанда, осы сабақтастық туралы ой еріксіз оралады. Бабалар заманында елге қызмет етудің жолы басқа еді, Төкеңнің дәуірінде сол қызметтің сипаты өзгерді. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар. Ол – халықтың тұрмысын жақсарту, туған жердің өрісін кеңейту, елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарау.
Өткеннің аманаты кейінгі ұрпаққа осылай жалғасады. Тектілік қанмен ғана берілмейді, ол мінезбен, ұстаныммен, еңбекпен танылады.
Төлеутай Мінапасұлы кейін Қарқаралы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы-аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық атқару комитетінің төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа басқару құрылымына сәйкес, Қарқаралы ауданының тұңғыш әкімі болды. Сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Бұл қызметтер оның еңбек жолының ауқымын кеңейтіп қана қоймай, елдік мәселелерге кеңірек көзқараспен қарауына жол ашты.
Төлеутай Мінапасұлының Құнанбай қажы мешітін халыққа қайтару және оны қалпына келтіру ісіне атсалысуы оның қызмет жолындағы маңызды белестердің бірі ретінде аталады.
Бүгінгі ұрпақ Құнанбай қажы мешітіне қарағанда, өткен ғасырлардан жеткен рухани сабақтастықты көреді. Ал осындай тарихи нысандарды сақтап қалуға атсалысқан адамдардың еңбегі де сол сабақтастықтың бір бөлшегіне айналады. Оның ішінде, Төкеңнің төрден төмен ығыспай, ел құрметіне бөленуінің негізі себебі – осы Құнанбай қажы мешітінің қалпына келуі.
***
Оразғұл бабасының, Сеңкібай атасының басын қарайтып, сауапты іске бастамашы болды. Ас берілді, ұрпақ жадында бабалар рухы жаңғырды. Кешегі ел басшысы ел ағасына айналды.
Алла алқап, аруақ қолдаған Арқаның ардақтысы 2025 жылы 1 желтоқсан күні өмірден озды.
Желтоқсан неткен ызғарлы еді?..
Қайраткердің тұлғасын тек өндірістік көрсеткіштермен немесе әкімшілік шешімдермен өлшеу жеткіліксіз. Елдің рухани өміріне деген көзқарасы да оның азаматтық болмысын танытады.
Төлеутай Мінапасұлының Қасым Аманжоловтың 80 жылдығын ұйымдастыруға ұйытқы болуы – осы тұрғыдан назар аударатын дерек.
Қасымның жырында дауылдай мінез, оттай жалын, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік бар. Ақынның «Өзім туралы» толғауынан да оның рухының биіктігін, өмірге деген құштарлығын, ұлт әдебиетіндегі дара үнін сезінеміз. Қасым – Қарқаралы өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының мақтанышы.
Төлеутай Шахарбаев – Қасым ағасы секілді өз тағдырын өлеңмен өрмесе де, өзі туралы өмір дастанын өнегемен жазып кеткен қайраткер тұлға.
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»



