Жаңалықтар

Сағынышқа айналған Сейіл-ғұмыр

Әншінің ғұмыры оның жер басып жүрген жылдарымен ғана өлшенбесе керек. Елдің жүрегіне ұялаған әні, көңіл пернесін дөп басқан қоңыр үні иесі өмірден озғаннан кейін де тыңдарманымен бірге жасай береді. Қазақтың сыршыл әншісі Сейіл Аяғанның өнердегі тағдыры осыны аңғартады. 2023 жылдың 23 қаңтарында 52 жасқа қараған шағында әншінің ән деп соққан жүрегі мәңгілікке тоқтаған еді. Биыл аяулы өнер иесінің туғанына 55 жыл толуына орай Кеншілер мәдениет сарайында «Сұлу ән, саған адалмын» атты еске алу кеші өтті. Сейілдің сырлы әндерін сағынған жұрттың қарасы қалың. Сарайдың көрермен залы лық толды.

Сурет облыстық мәдениет пен өнерді дамыту орталығынан.

Әншінің өнердегі өрнегі мен адами болмысын біртұтас ашуды мұрат тұтқан шығармашылық кеш елімізге танымал режиссер, сценарист, продюсер, «Ән мен әнші» бағдарламасының авторы Сержан Молдасанұлының режиссерлігімен ұйымдастырылды.

Арқа төріндегі ән кешіне алыстан ат арытып, қазақтың біртуар өнер иелері мен қаламгерлері келді. Олардың қатарында Алаштың айтулы ақындары, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бард әнші Қорабай Есенов, дүлдүл әнші, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, айтыскер ақын, Халық кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтай, ақын, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан сынды елге етене таныс есімдер бар. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаров пен әнші, ақын, композитор Роза Әлқожа да Сейілдің ән әлеміне сағынышпен сапар шекті.

Кештің ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы да осыған айрықша тоқталды.

– Қарағанды жұртының сұлу әнге деген құрметін көріп, қуанып тұрмыз! Сейіл Аяған Қарағандының ғана емес, тұтас қазақ халқының сүйікті әншісіне айналды. Әншінің 55 жылдығына орай осындай кеш ұйымдастыру туралы ұсыныс тыңдармандар тарапынан, соның ішінде өнердегі, өмірдегі жора-жолдастарынан түсті. Бұдан біз халықтың Сейілге деген ыстық ықыласы мен сағынышын байқадық. Бүгінгі ән кеші – сағыныштың кеші. Кеншілер мәдениет сарайының сыртында да залдан орын жетпей қаншама халық тұр. Мұны заңды құбылыс деп білеміз. Өйткені, Сейіл Аяған ғұмырын «Сұлу ән, саған адалмын» деп сүрді. Атақ пен даңқтың, байлық пен мансаптың соңына түскен жоқ. Қоржынына есті әндерді жинап, соларды елінің жүрегіне жеткізді. Жүрегін әнмен тербеген перзентін жұрты сағынып жүр, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.

Сейілдің өнердегі болмысын айқындайтын қасиеттің бірі де осы әнге деген талғампаздығы еді. Әннің әуезімен қатар, сөзінің салмағына, айтар ойына мән беретін әншінің репертуарындағы туындылар тыңдарманды ерекше толғандыратын. Оның орындауындағы есті әндердің ел жадынан өшпеуінің бір сыры да осында жатса керек.

Кештің тағы бір тағылымды тұсы – Сейіл Аяғанның өмірі мен өнері арқау болған «Сұлу ән, саған адалмын» атты кітаптың оқырманға жол тартуы. Әншінің жарқын бейнесін кейінгі ұрпақтың жадында жаңғыртуды көздеген басылымның жарық көруіне оның достары, Қазақстан Республикасының құрметті сәулетшісі Үсен Жұмагелдин мен Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі Бүркіт Сагинов демеушілік жасаған. Ал, кітапты құрастырған – әншінің өнердегі серігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтбек Нығызбаев.

Жаңа кітаптың тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова, ақындар Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, Рамазан Стамғазиев, Жанарбек Әшімжан және Аманжол Әлтай кесті.

Ел арасында әлі күнге дейін «Сейіл айтқан екен» деп басталатын әңгімелердің болуы да оның адами болмысынан хабар берсе керек.

Кеш режиссері осындай естеліктерді қағазға түсіріп, сахналық композицияның өзегіне айналдырған. Сөйтіп, әншінің ғұмыр белестері театр өнерінің тілімен өрілді. Сейілдің жігіттік шағын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты актер Жомарт Зейнәбіл бейнелесе, бозбала Сейілді Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың актері Ахат Нұрәлі сомдады. Театрдың өзге де актерлері әншінің өмір жолына қатысты көріністерді сахналауға атсалысты.

Кеш барысында отандық эстрада өкілі Ұлту Қабаева «Сүйгендер жырлайды» әнін орындаса, Дәуренбек Әркенов Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған Жақсыгелді Сейіловтің әйгілі «Жезкиік» әнін шырқады. Ал, Роза Әлқожа Сейіл Аяғанға арнап, сөзі мен әнін өзі жазған «Сейіл-жүрек» туындысын көрерменге ұсынды.

Қорабай Есенов, Айтбек Нығызбаев, Досымжан Таңатаров және қарағандылық әншілер де сахна төріне шығып, өнердегі үзеңгілес серіктерінің рухына әнмен тағзым етті.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button