«Адасқанның айыбы жоқ…»
Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда құрғақ түсіндіруден гөрі, нақты өмірмен таныстырудың келушінің құжатын әсері бөлек. Осы мақсатта «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық тәртіп әліппесі» жобасы бойынша Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қылмыстық-атқару жүйесінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Түзелуге бастайтын жол
Жастар үшін бұл – сырт көзге жабық көрінетін жүйенің ішкі жұмысын жақыннан көруге мүмкіндік берген тағылымды сапар. №31 түзеу мекемесінде студенттер мекеменің тұрғын аймағын аралап, асхана, жасақ, клуб, кітапхана және медициналық бөлімнің жұмысын жақыннан көрді. Мұндай таныстық жастарға қылмыстық-атқару жүйесінің күнделікті тыныс-тіршілігін көзбен көріп, заң талаптарын бұзудың салдары мен жауапкершілігін тереңірек түсінуіне ықпал етері хақ.

Ал, кәсіпкерлер мекеменің өндірістік аймағын аралап, мұнда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Өндіріс орындарының қызметімен танысу барысында сотталғандарды еңбекпен қамту және кәсіпкерлік субъектілерімен әріптестік орнату мүмкіндіктері де қарастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы бір мақсатқа тоғысады. Ол – құқық бұзушылықтың алдын алу, заңға құрмет қалыптастыру және қоғам қауіпсіздігін нығайту.
№31 мекемеге аттанар алдында-ақ бұл сапардың өзгеше болатынын сезіндік. Себебі, мұнда кірудің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен мекемеге баруға рұқсат алу үшін тиісті құжаттар тексеріледі. Жеке куәлік деректері алдын ала ұсынылып, келушілер туралы мәліметтер қаралады. Тек рұқсат берілгеннен кейін ғана мекеме аумағына аяқ басуға мүмкіндік бар.
Алғашқы бақылау-өткізу бекетіне келгенде құжатымыз қайта тексерілді. Қызметкерлер келушілердің жеке басын анықтап, рұқсат қағаздарын салыстырады. Бұл тексерістен өттік дегенше, бірден ішке ене қоя алмайсың. Алда тағы бірнеше бақылау кезеңі күтіп тұр.
Әкімшілік ғимаратқа қарай өткеннен кейін қауіпсіздік шаралары күшейе түседі. Арнайы құрылғымен тексеріліп, сканерден өтесің. Жеке заттар да бақылаудан тыс қалмайды. Бір есіктен өтсең, арғы жағынан келесісі қарсы алады. Темір есіктердің ар жағында тағы бір бақылау бекеті орналасқан. Қызметкерлер әр келушінің құжатын қайта сәйкестендіріп, жеке басын тексергеннен кейін ғана келесі есіктен өтуге рұқсат береді.
Бір қызығы, мұның бәрі бір ретпен шектелмейді. Бірнеше мәрте тексеріліп, әр бақылау кезеңінен жеке өтуге тура келеді. Бір есік жабылмайынша, екіншісі ашылмайды.
Айналаңды темір тор қоршап, әр қозғалысың қызметкерлердің назарында болады. Құжатыңды өткізіп, соңғы тексерістен өткеннен кейін ғана ішке қарай жол ашылады. Содан соң бізге бекітілген қызметкерді күтіп, оның ілесуімен мекеме аумағына өттік.
Сырт көзге бұл талаптардың көптігі таңғалдырады. Алайда, мұнда әрбір бақылаудың өзіндік себебі бар. Қауіпсіздік мәселесінде ұсақ-түйек болмайды. Бір қарағанда қайталанатындай көрінетін тексерістердің барлығы мекеме ішіндегі тәртіпті сақтау мен келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Қылмыстық-атқару жүйесінің қарамағында қауіпсіздік деңгейі әртүрлі 10 мекеме және 19 аумақтық пробация қызметі жұмыс істейді. Оның тоғызы Қарағанды облысында, біреуі Ұлытау облысының Жезқазған қаласында орналасқан. Бүгінде аталған мекемелерде 4 493 адам жазасын өтеуде. Оның 515-і тергеу изоляторында болса, 3 978-і – сотталған азаматтар. Ал пробация есебінде 14 057 адам тұр.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті режим, қадағалау және күзет бөлімінің бастығы, әділет майоры Назарбек Армияның айтуынша, бүгінгі таңда Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы он түзеу мекемесі 6,5 мыңнан астам бейнекамерамен қамтылған.
– Бейнебақылау жүйелері тәулік бойы жұмыс істеп, мекемелердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Камералар адамның бет-жүзін, көлік нөмірін тану, белгіленген шекарадан өту әрекетін анықтау мүмкіндіктеріне ие. Сондай-ақ, камераны жабуға немесе оның жұмысына кедергі келтіруге әрекет жасалған жағдайда дабыл белгісі беріледі. Әр мекемеде бейнебақылау операторлары жұмыс істейді, ал, барлық ақпарат ахуалдық орталықтар арқылы бақыланады. Қызмет атқарып келе жатқаныма екі жыл болды. Осы уақыт аралығында қашуға әрекет жасау деректері тіркелген жоқ. Жалпы, тәртіп бұзушылықтар да жыл сайын азайып келеді. Сотталғандар да, қызметкерлер де бейнебақылаудың тәулік бойы жүргізілетінін жақсы біледі. Сондықтан, құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік мол, – дейді ол.
Еңбек – түзелуге бастайтын жол
Мекеменің өндірістік аймағына келгенде сотталғандардың еңбекке тартылғанын көрдік. Мұнда түрлі кәсіпорын жұмыс істеп, азаматтар қабілеті мен мамандығына қарай еңбек етеді. Бұл бағытта өңірдің бірқатар өндірістік кәсіпорнымен әріптестік орнатылған. Атап айтқанда, «Qarmet» АҚ, «Железобетонный партнер» және «Кирпич» ЖШС кәсіпорындарымен бірлесіп, сотталған азаматтарды жұмыспен қамтуға жағдай жасалған. Жұмыс берушілер аумағында тұрып еңбек ететіндердің саны 100-ден асады.
Бұл ретте «Еңбек-Қарағанды» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының да үлесі зор. Мекемелердегі өндірістік қызметті дамыту және жаңа келісімшарттар жасасу арқылы жұмыс орындарын кеңейту көзделген. Жасалған келісімшарттардың жалпы көлемі шамамен 9 миллиард теңгені құрайды. Мұндай жұмыс орындары сотталғандарға еңбек тәртібін меңгеріп, кәсіби машығын жетілдіруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, бостандыққа шыққаннан кейін де сол дағдысын пайдаланып, тұрақты жұмысқа орналасуына негіз қалайды.
№31 мекеменің өндірістік аумағында да бірнеше кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Мұндағы жұмыс тек бір бағытпен шектелмейді. Тігін және жиһаз бұйымдарын өндіру, металл өңдеу, электр есептегіштерді құрастыру секілді жұмыстар жолға қойылған.
– Сотталғандарды еңбекке тарту – олардың түзелуіне, кәсіби дағдыларды меңгеруіне және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Мәселен, №31 мекемеде қазіргі таңда жазасын өтеп жатқан 802 адамның 465-і еңбекпен қамтылған. Мекеме аумағында өндірістік қызметпен айналысатын 14 жеке кәсіпкерлік және серіктестік жұмыс істейді. Олардың қатарында «Qarmet», «QarmetService», сондай-ақ, электр есептегіштерді құрастырумен, металл және тігін бұйымдарын, жиһаз өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорындар бар. Бүгінде мұнда тігін және жиһаз бұйымдары шығарылып, электр есептегіштер құрастырылады. Мәселен, «Qarmet» кәсіпорнында 72 сотталған азамат еңбек етеді. Алдағы уақытта кәсіпорын жұмыс орындарының санын арттырып, еңбекке тартылғандар қатарын көбейтуді жоспарлап отыр. Тағы бір маңызды мәселе – сотталғандардың жазасын өтеп болғаннан кейін де жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасау. Мәселен, кейбір азаматтар жазасын өтеген соң «Qarmet Service» кәсіпорнына қайта жұмысқа орналасып жатады. Бұл олардың қоғамға бейімделуіне және тұрақты табыс табуына жол ашады. Қазіргі таңда мекемедегі еңбекке тартылған азаматтардың айлық жалақысы 85 мың теңгені құрайды, – деді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы, әділет майоры Жұлдыз Рысмағанбет.
Бұл жерде еңбектің мәні тек өндірілген өнім мен табыста емес. Бір кездері кәсіби мамандығын ұмытуға мәжбүр болған азамат үшін қайтадан еңбекке араласу – қалыпты өмірге оралуға жасалған алғашқы қадам.
Темір тордағы тіршілік
Өндірістік аумақтан кейін тұрғын үй аймағына бет алдық. Атауы айтып тұрғандай, бұл – сотталғандардың күнделікті өмір сүретін орны. Мұнда жатын бөлмелер, асхана, демалыс орындары және тұрмысқа қажетті басқа да бөлмелер орналасқан. Әр нысанның өз қызметі бар, ал күнделікті тіршілік белгіленген тәртіппен жүреді.
Сырт көзге түрме өмірі тек камералар мен темір тордан тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда, мұнда да күнделікті тұрмысқа қажетті жағдайлар қарастырылған. Сотталғандар өздерінің тұрғылықты орындарын реттеп, тазалық сақтауға, ортақ шаруаларды атқаруға қатысады.
Сотталғандардың рухани дамуына, білімін жетілдіруіне және әлеуметтік бейімделуіне бағытталған мәдени-ағартушылық жобалар да жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Шекарасыз оқу» жобасы. Оның мақсаты – кітап оқуға қызығушылықты арттыру, дүниетанымды кеңейту, тұлғалық дамуға ықпал ету. Кітап оқуға ынталандыру жүйесі сотталғандарды көтермелеу тетіктерімен де сабақтасады.
Ал, «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы жазасын өтеп шыққан азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуге бағытталған. Жоба аясында мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру және қалыпты өмірге оралуына жәрдемдесу көзделген.
Түзелу жолында адамның тек еңбекпен қамтылуы жеткіліксіз. Оның ішкі жан дүниесіне үңіліп, психологиялық жағдайына да көңіл бөлу қажет. Сондықтан, мекемелерде әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету жұмыстары қатар жүргізіледі.
Тағы бір маңызды бағыт – радикалданудың алдын алу және тиісті қолдауды қажет ететін азаматтармен жұмыс жүргізу. Осы мақсатта №30 мекемеде дерадикалдандыру орталығының арнайы ғимаратының құрылысы қолға алынған.
Қауіпсіздік һәм жаңғыру
Қазіргі кезеңде қылмыстық-атқару жүйесінің тиімділігі заманауи технологияларды қаншалықты игергенімен де өлшенеді. Осыған байланысты мекемелерде бейнебақылау жүйелері жаңғыртылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық мүмкіндіктері кеңейтілуде.
Пробациялық бақылау саласында да цифрлық құралдар қолданысқа енгізілуде. Электрондық бақылау құрылғылары мен ақпараттық жүйелер есепте тұрған азаматтардың белгіленген талаптарды сақтауын қадағалауға, бақылау сапасын арттыруға және қайта құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Материалдық-техникалық жабдықтау да назардан тыс қалған жоқ. Ішкі істер министрлігі басшылығының қолдауымен қызметтік автокөліктер паркі жаңартылып, қызметкерлердің мобильділігі мен жедел әрекет ету мүмкіндігі артып келеді.
Заң талаптарын мінсіз орындау үшін заманауи техникамен жарақтану жеткіліксіз. Ең алдымен, кәсіби даярлығы жоғары, құқықтық сауаты мол, жауапкершілігі берік мамандар қажет. Осы мақсатта департаментте қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және практикалық машығын жетілдіруге басымдық берілген.
Мекемелердің оқу инфрақұрылымы дамып, қызметтік дағдыларды іс жүзінде пысықтауға арналған оқу полигоны ашылған. Қызметкерлердің кәсіби даярлығын жетілдірумен қатар, заңнаманы дұрыс қолдану және құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл ретте Қарағанды облысының әкімдігі тарапынан департаменттің 70-тен астам қызметкерін «Құқықтану» мамандығы бойынша даярлауға арналған мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген. Оқу Шахтинск технологиялық колледжінің базасында ұйымдастырылған. Бұл бастама қызметкерлердің кәсіби құзыретін нығайтып қана қоймай, олардың мансаптық өсуіне де мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, тергеу әрекеттерін жүргізу және қылмыстық процеске қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау жағдайлары жетілдірілуде. Тергеу изоляторында адвокаттар мен келушілерге арналған қосымша кабинеттер жабдықталған.
Қылмыстық-атқару жүйесінің бүгінгі даму бағыты бір ғана міндетпен шектелмейді. Мұнда қауіпсіздік, заңдылық, кәсібилік, цифрландыру және адамды қоғамға қайта бейімдеу өзара сабақтасып жатыр. Әрбір жаңартылған кабинет, ашылған жұмыс орны, меңгерілген мамандық пен енгізілген технология – осы үлкен өзгерістің бір бөлшегі.
Өйткені темір есіктің ар жағында да ертеңге деген үміт бар. Ал сол үміттің ақталуы адамның өз таңдауына ғана емес, оның түзелуіне мүмкіндік беретін жүйенің жұмысына да байланысты. Заңның талабы – жауапкершілікке шақыру, ал жазаның түпкі мақсаты – адамды қателігінен сабақ алуға жетелеу. Қоғам қауіпсіздігі де, қылмыстың қайталанбауы да осы ұстанымның қаншалықты жүзеге асатынымен өлшенбек.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



