«Сұлу ән, саған адалмын!»
Өзі кие тұтқан әнімен талай қазақтың төрін толтырды, өрелі өнерімен жұрттың жандарын жадыратып, жүректерінде өмірге деген құлшынысын күшейтіп, үміт оттарын лаулатты. 1971 жылдың күзінің шуақты күнінде Аяған қожаның әулетінде дүниеге келіп, қаңтардың сақырлаған сары аязымен сағыныш сағымына айналып, қазақтың маңдайына сыймай кеткен үлкен әншісі – Сейіл Аяған еді.

Әлқисса. Сонау жалынды 90-жылдары Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Студенттер сарайының сахнасы сол кездегі қала мәдениетінің қара қазанына айналғандай шақ еді. Студенттер сарайының сахнасында сан түрлі өнер шаралары үздіксіз өтіп жататын. Соның барлығының басы-қасында университеттегі Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Ерлан Төлеутаев жүретін. Ешқандай нұсқаусыз қаладағы өнерпаз атаулы жастар осында жиылады. Жеті жүздей орны бар сарай лық толады. Сахна төрінде гитарамен Сейіл Аяған табылады. Қарағанды политехникалық институтының студенті кезі еді әншінің. Осы сахнада Ерлан Құжыманов сынды әншілер «Юран-ай»-ларды құйқылжыта салып жүрсе, қазіргі «Ninety One» тобының жетекшісі Ерболат Беделхан да Майкл Джексон музыкасына сол сияқты киініп шығып, би билеп жүретін.
Одан кейін тағы сол Ерлан Төлеутайдың бастамасымен «БОТА» интеллектуалды жастар клубы құрылып, олардың ойлары Қарағанды облыстық телеарнасынан көрсетіле бастады. Ондағы эфирдің тұрақты әнішісі – өнерпаздарының бірегейі – тағы Сейіл Аяғанов болды. Жалпы, Ерлан мен Сейіл Шет ауданы Қызылтау ауылының тумалары һәм өнерде де егіздей еді.
2000 жылдардың басында үйлену тойының қамымен университеттің Студенттер сарайының жанындағы «7-континент» кафесіне бара қалдық. Кіріп барсақ, қарағандылық өнерпаздың бәрі отыр екен. Арасында ұзын ақшыл түсті плащ киген Сейіл отыр. Шапшаң гитарасын қамдап, бірден халық әні «Алқоңырдан» бастап, ізінше лек-легімен тоқтаусыз төрт-бес әнді шырқап салды. Тоқтаған сәтінде жиналған жұрт «Алқоңыр» әнін қайта сұрады. Қайта шырқады. Бөлек күй кештік. Оның қоңыр әрі ашық үні тұла бойымды баурап алды, тек мен ғана емес, барлығы ұйып қалған. Себебі, одан кейін ешкім ән салып не күй шертіп, ол әсерді сейілткісі келмегендей хәл кешті. Ол да жұрттың сол күйін сезді: «Не болды, жігіттер? Үндемей қалдыңдар ғой», – деп мырс ете қалжыңдай қойып еді, ақын Қайрат Асқаров: «Енді өзіңіз ғой, жайырақ айтпайсыз ба әніңізді?!» – деп тынып қалған жұртты күлдіріп, мүлгіген хәлден оятқандай болды.
Араласа түскен сайын оның таңғажайып әншілігімен қатар терең мәдениетін көрдім. Тұла бойы әдептен жаратылғандай еді. Назар аударған кісіге қабағын көтеріп алып, ашық жүзбен күлімдей қарайтын әдеті бар. Кісілермен айрықша ілтипатпен, артықша ізетпен араласатын. Жүзінен мейірім шуағын төгіп-ақ тұратын. Көп сөзден аулақ, бірақ әр сөзін әдеппен астарлап, жылы көңілмен әдіптей отырып сөйлейтін.
Мен араласа бастаған жылдары Қымбат жеңгемізбен табысқан шағы еді. Жеңгеміздің дастарханы мол, қашанда қабағы ашық, екеуара қалжыңдасып отыратын. Бір-екі шыны шайдан соң, ол «Қымбати, гитарамды әкел!» деп, арқа-жарқа, емін-еркін отыратынбыз. Сол дастархан басынан Қарағандыда тұратын жұрттың жасы да, кәрісі де, бай да, кедейі де табылушы еді. Басы шаймен басталып, аяғы асылған ет пен мол қуырдаққа ұласып жататын.
Сейіл адам баласын жатырқамайтын, менсінбеушілікке жаны қас, кісі жамандаудан аулақ жан. Ал бейпіл ауыз не қыршаңқы қалжыңды есіткенінде «мәдениетті болайық» деп жұмсақ леппен тыйып тастайтын еді. Сейіл мен Қымбаттың дастарханынан дәм татпаған кісі кемде-кем. Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Меруерт Түсіпбаева, Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Роза Әлқожа деп тізе беруге болады. Тек әнші-өнерпаздарды ғана емес, өзіне бір рет болсын сый көрсеткен азаматтардан бастап, қарапайым сыныптас, курстас немесе ауылдастарына дәм татқызып, шапан жаппай жібермейтін.
Қарағандылық болса да, болмаса да сонда: Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай, Қайрат Асқаров, Бағдат Мүбәрактардан бастап, Мирас Асан, Жәнібек Әлиман, Қуаныш Медеубаев, Алмаз Мырзахмет, Мақсат Ақанов сынды жастардың барлығы келіп-кетіп жататын. Сыныптасы Ербол, курстастары оралдық Ринат пен Оралбайлар, жаңаарқалық – Талғат, ақжалдық – Қамбар, спортшы досы – Қадырхан, стоматолог досы – Қазбек, дәрігер досы – Жанат сынды азаматтар осы үйдің кісілеріндей көрінетін. Қысқасы, Қарағанды қаласының мәдени өмірін Сейіл Аяғансыз елестету мүмкін емес-ті. Студенттер сарайының сахнасында қайнаған «өнердің қара қазаны» Сейілдің шаңырағына көшіп келгендей еді.
Астанаға келген кездерінде орайын тауып үйге соғып, қона жатып, қолында барын балаларыма таратып, кейде таксиге қарызға мініп кеткен кездері көп болды. «Мынау ұят болды-ау, ең құрығанда такси ақысын төлейін» дегенде, ол: «Қойшы, Жәке, мен ел ішіндемін ғой!» – деп мырс етіп кете баратын.
Жұрттың көбі Сейіл Аяғанның ешқандай мекемеде тұрақты жұмыс істеп, жалақы алмағанын, ал 2019 жылға дейін жеке баспанасының болмағанын біле қоймайды. «Бөрі арығын білдірмес» демекші, ол ешқашан, ешкімге оны білдірген емес. Бауыры, досы Оралбай Секеңнің баспаналы болуына үлкен еңбек сіңірді. Сейіл қайтқан күндердің бірінде жора-жолдастар бас қосып, еске алысып отырғанда, сол Оралбай: «Секең тіршілігінің өзінде аңызға айналып еді, енді артында қалған біздер өле-өлгенше аңыз қылып өтеміз ғой», – деп еді. Жарықтық Сейіл де: «Менде не арман бар, біреуі үйімді алып беріп, екіншісі ремонт жасап, үшіншісі соғымымды сойып жатады, тісіме дейін тегін емдеп береді азаматтар», – деп шүкіршілік етіп отыратын. Сол сыйдың барлығын ол кең пейілінің арқасында көрді.
2000-жылдардың басында Алматыдағы Республика сарайының сахнасында өтіп жүрген «Ән мен әнші» концертіне, кейінірек қазақтың ретро әндер концерт-жобаларына да қалмай қатысып жүрді. Концерт жүргізушілері Жанатбек пен Сержан: «Сейіл шығар ортаға, гитарасы сыңғырлап», – деп сахнаға шақыратын. Бірде жүргізушілер: «Сіз неге осы Қарағандыдан Алматыға көшіп келмейсіз?» – деп сұрағанда: «Мен елімді қимаймын, ел ішінде өмір сүргенді, Қарағандыны жақсы көремін», – деп жауап берген-ді. Сол тележобалар арқылы Сейілді барша қазақ жұрты таныды. Өңір-өңірдегі жұртшылық той-думанға тіпті жиі шақыратын болды.
Жастық шағында «кедый» деген аяқ киімді үздіксіз киген оның жас жүрегі ревматизмге шалдыққан екен. Сол оның жүрек дертіне күшейте түсті. Жүрегі сыр берген соң ота жасатты, өмірінің соңғы күндеріне дейін уыстап дәрі ішуге мәжбүр болды. Сол дертті жүрекке қарамастан, ол өле-өлгенше ән салып кетті. Бір көрген кісі бойында созылмалы жүрек дерті барын сезбей де қалатын. Әнші әр әнін жүрекпен шырқайтын, жүрекке қондыратын.
Жүрегіне ота жасалғаннан кейін арада бірнеше жыл өткен соң, оның жүрегі қайта сыр бере бастаған. Дәрігерлер жүрегін айырбастау керек деген диагноз қойып, жүрек айырбастау кезегіне қойды. Осы арада баянауылдық досы Үсенмен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басына зиярат етуге барады. Сол жерде тілеу тілеп, түнейді. Түсінде Мәшһүр атаны көреді, ертеңіне ұйқыдан оянғанда өзін жеңіл сезінеді. Шамалы уақыттан соң кезекті дәрігерлік тексеріске барғанда, оның жүрегі біршама жақсарғанын, сатурациясы 30-дан 80-90-ға дейін көтерілгенін айтып, таңғалып, жүрек отасының кезегінен алып тастады.
Сол күндерден бастап ол әулие атаның ұрпағы Абай Шарапиев аға бастаған ұрпақтарымен достас-сыйлас болып кетті. Ұрпақтары тұратын Жаңажол ауылына концертін де қойып берді. Елу жасқа толған туған күнін сол Мәшһүр атаның басындағы қонақүйдің кафесінде әйелі Қымбат, Абай аға, Астанада тұратын Рымкеш апайы бәріміз ақырын атап өттік. «Ел үлкен індеттен енді ғана есін жиып жатыр, дүркіретіп той тойлаған жараспайды» деп түсіндірді.
«Мен құлақпен тыңдап үйрендім» дегеніндей, Сейіл абсолютті тыңдау қабілет иесі болды. Бір тыңдаған әуенді сол сәтте-ақ гитараға салып алушы еді. Үлкенді-кішілі жұрт ән айтқанда, ол гитарасымен әп-сәтте сүйемелдей кететін импровизаторлығы да бар. Ол әнді өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары әр ауылдың көшесінде, әр үйдің қабырғасында ілулі тұрған радиодан үйренген ілмеқұлақ қазақ еді. Бір естіген өлеңі көңіліне қонса болды, бірден жаттап алатын. Бір естіген телефон нөмірін, кез келген кісі есімін, машина нөмірін блокнотқа жазғандай жаттап қалады. Сондай жадысы бола тұра, әнге келгенде ешқашан асығыстыққа салынбайтын. Араласқан жұрт үйіне барған кезінде: «Осы әнді пісіріп жүрмін», – деп, сол әнді жиі-жиі айта беретін.
Үлкен сахнаға шығарған әндерінің барлығы тап солай ішінде әбден пісіп-жетілгендері. Әнді сәбидей өбектеп, көңілді тебірентіп, жібек самалдай аялап айтатын. Ол үшін ән салу кәсіп емес – ең сүйікті ісіне айналған өнерпаз еді.
Ән салуға келгенде, қамшы салдырмайтын. «Менің тамағым ауырды», «Мен ауырып отырмын», «Менің ән айтуға зауқым жоқ» деп сылтауратып, ән салудан жалтарып көрген жан емес. «Сұлу ән, саған адалмын!» деген өзі жиі айтатын сөзі оның өмірлік қағидатына айналды. Әннің киесін сезді, шәкірттеріне де соны сездіріп бақты. Қарап отырсаңыз, бір әннің айтылу уақыты бірер минуттан аспайды. Сол қас-қағым сәттің ішіне тұтастай тағдырлар, көлдей көңілдер, ақтарылған сезімдер, үзілген үміттер не лаулаған сезімдер, басынан кешірген тағдыры сыйып-ақ кететінін Сейіл әнінен түйсінгендей болдық. Сейілдей тағдырлы әншінің бақыты ән салып тұрған шақтары екенін енді ғана түсінгендей болдық.
Кей өнерпаздардан өзімшілдік, іші тар қызғаншақтық көрініп жатады. Бұл әдет Секеңе жат. Керісінше, ол өзі араласқан әр өнерпазға барынша сый көрсетіп, бойынан жақсы қасиетін ғана көріп, орындаған әнінен жақсы ырғақ немесе иірімін байқап, «Ой, ол керемет қой» деп тамсанып отыратын. «Мен әнші емеспін, тек орындаушымын. Қайда-а, алдымызда Икеңдердей (Игілік Омаров), Қайрекеңдердей (Қайрат Байбосынов) ұлы әншілер тұрғанда, олардың шәкірттері тұрғанда біз кімбіз?!» – дейтін. «Икең былай салған, Қайрекең мына жерінде бүйткен» деп, ілгері немесе замандас әншілердің бір әнді қалай салғанын бүге-шігесіне дейін талдап, әр деталін жаны қалмай түсіндіретін. Тыңдаған соң әнді талдай бастайтын. Ырғағы мен сөзінің үйлесім табуын, ән мінезі мен табиғатын қаншалықты аша алғандығын, тап сол әннің басқа өнерпаздардың орындауындағы айырмашылығын түсіндіретін.
Сейілдің бұл қырын көпшілік жұрт білмегені анық. Өзі араласқан орындаушы репертуарында оң жамбасынан келген жалғыз әні болса, соны айтқызбай жібермейтін. Қарапайым ауыл өнерпазы Аманжан Жәшкеев «Ақ тамақ» әнінен бастап, дәстүрлі әндегі іні-қарындастары Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Ержан Базарбеков, Айгүл Қосанова, Сырым Мұхаммеджанов, Баян Нұрмышева, аға буыннан Жақсыкелді Кемалов, Мейірхан Адамбеков, Рамазан Стамғазиев, Толғанбай Сенбаев, Құрмаш Ыбышев, Ерлан Төлеутай, Ерлан Құжыман, Бекболат Тілеухан, ардагер әншілерден Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, Игілік Омаров, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов сынды майталмандардың репертуарларын Сейіл егжей-тегжейлі талдап, мендей қарапайым тыңдарманды ән тылсымына жетелеп, ән жайындағы ақжарма сырларын ақтарып беретін.
Оның өзі де гитарамен халық әндері «Сәулем-ай», «Алқоңыр», «Әпитөк», «Бір келіншек», «Маусымжан», Ақан Серінің – «Жамалжан», Біржан Салдың – «Ләйлім шырақ», «Тайжанның әні» сынды көптеген халық және халық композиторларының әндерін тамылжыта шырқап салатын. «Түбінде барлық әншінің шығатын шыңы – Игілікше ән салу ғой» дейтін.
Ол қазақтың тұңғыш гитара-әншісі Қорабай Есеновті пір тұтты, Нұрлан Өнербаев, Ержан Белғозиев, Гүлмира Ақүрпековалардың өнерлерін жоғары бағалады. Консерватория көрген әнші Баян Нұрмышева: «Осы сізде ешкімде жоқ аккордтар бар, гитараны да домбыраша шертесіз», – дегенде, ол: «Біз енді құлақпен тыңдап үйрендік қой, былай үйреткен ешкім жоқ», – деп жауап бердім деуші еді.
Эстрада әншілерінен Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, Ұлту Қабаева, Елена Әбдіхалықова, Жұбаныш Жексенұлы, Мейрамбек Беспаев, Жанар Айжанова, Роза Әлқожа, Саят Медеуов, Қанат пен Светлана Құдайбергеновалар, Медет Салықов пен Клара Төленбаева сынды талай эстрада жұлдыздарының жекелеген әндерінен бастап, тұтастай репертуарларын да талдап отыратын.
Сейіл Аяған репертуарында дәстүрлі әндер жетіп артылса да, жалпы жұрт оны эстрада әншісі ретінде таныды. Өнерпаз атаулы оның үлкен және өте жақсы әндерден тұратын репертуары бар әнші екенін мойындайтын. Ол Игілік Омаров, Қасымхан Асанов, Кәкімбек Салықов, Ілия Жақанов, Жағыпар Әлімханов, Қорабай Есенов, Ерлан Төлеутай, Аманжол Әлтай сынды ақындар мен композиторлардың әндерін өздерінен үйренген.
Оның репертуарында Қасым Аманжолов, Сыдық Мұхаметжанов, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Садық Кәрімбаев, Жақсыкелді Сейілов, Жанғали Меймандосов, Мұратхан Егінбаев, Тұрсынғазы Рахимов, Болат Сыбанов, Мейрамбек Жанболатов, Тұрсынжан Шапай сынды композиторлардың әндері оның репертуарында айрықша реңмен, артықша сезімге бөленіп, жүректен шырқалушы еді.
Есімде, бір күні жылап телефон соқты. Сөйтсем, «Шәмші» телесериалының кезекті сериясы Сейіл орындауындағы «Сен сұлу» әнімен аяқталған екен. Сонда ол: «Осы «Сен сұлуды» қазақта қандай керемет әншілер салып еді, режиссер менің орындауымдағы әнді беріпті. Енді менің еш арманым жоқ! Шәмшіні көрмесем де, мен айтқан ән оның киносында берілді. Менен бақытты жан жоқ енді!» – деп қатты қуанып еді.
Әсіресе, ән мәтіндеріне үлкен зер салып, үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Әдеби шығармалардың ішінде ән мәтіндеріне жазылған өлеңдерді жатқа білетін. Сонымен бірге, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұматай Жақыпбаев, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай сынды ақындар мен замандас бауырларының поэзиясын жақсы білетін, өлеңдерін жатқа оқып әрі айрықша жақсы көретін.
Сейіл Аяғанның өзі шығарған біраз әні бар. Бірақ өз әндерінен гөрі туған інісі Шыңғыс Мұқаевтың әндеріне көбірек назар аударды. Сөйтіп, ол Шыңғыстың әндеріне ақын Қайрат Асқаровқа сөз жазғызды. «Сен неткен көрікті едің» әні Мейрамбек Беспаев репертуарына кірсе, «Шығыстың шәрбат таңы едің» әнін өзі айтты.
Ол «Қазақстан» мен «Хабар» телеарнасындағы «Таңшолпан», «Таңғы Хабар», «Бенефис шоу» сынды бағдарламалар мен тележобаларына, Абай Құнанбайұлы, Шәмші Қалдаяқов, Қасым Аманжолов, Ілияс Омаров сынды өнер майталмандарының мерейтойлық концерттеріне арнайы шақырылып, ән салып жүрді. Сол концерттердің барлығында түсірілім жүргізілетін, ал Сейіл болса концерттен кейін қатты қуанып шығатын. Сонда ол: «Бүгін мен «Сен сұлуды» жаздырдым» немесе «Таңшолпанда» «Бала махаббатын» шырқадым», «Менің әндерім алтын қорға кетті», – деп таспаға жазылып, архивте сақталып қалғанына балаша қуанатын. «Қазақ радиосы» мен «Шалқар студиясының» алтын қорларында Сейілдің дауысы жазылған үнтаспалар эфирден жиі қойылып жүреді.
Сейіл Аяған тіршілігінде Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Алматы ТВ» каналы түсірген «Таң самалы» атты үлкен жеке концерт берді. Жезқазған мен Балқаш қалаларының мәдениет сарайларында жеке концерттерін де беріп үлгерді. Қарағанды мен Астана қалаларында өтіп жүрген көптеген үлкен концерттерге қатысып жүргенімен, жеке концерт қоюға үлгере алмай кетті. Шамамен репертуарында 500-ден астам ән болғанымен, «Таң самалы» атты 14 әннен тұратын бір-ақ CD альбом жариялап қана үлгерді.
Оның ең соңғы сахнадағы әні Қарағандыда өткен Ерлан Төлеутайдың шығармашылық кешінде айтылды. Сонда ол «Көріктім менің» әнін салғанда: «Жетем деп жүріп, қалады екен жете алмай, Ақ-адал жандар арманына асыққан», – деп ақ арманына жете алмай кететінін айтып кеткендей екен.
Сейіл дүниеден ерте кететінін сезген сияқты. Бірде Қымбат жеңгемізге: «Мен дүниеден өткенде, Мейірхан (М. Адамбеков) ағаның қасына жерлеңдер», – депті. Өзіне үлкен сынмен қарайтын ол таңертең ұйқыдан тұрып, жуынып-шайынған соң, таңғы шайында ата-бабаларының әруақтарына Құран бағыштайтын.
Оны ақтық сапарға шығарып салуға байланысты ұйымдастырылған митингіге шамамен 3,5 мың кісі жиналып, Қарағандыдағы Әнет Баба мешітінің алаңына халық сыймай кетіп еді. Топырақ салуға барған жұрттың легі қаланың шетінен Соқыр зиратына дейінгі 5-6 шақырым аралықты автокөлік нөпіріне жалғап жіберді. Біз танымайтын жұрттың барлығы бір-бірімен құшақтасып жоқтасып жатты. Ешқандай ресми марапат, атақ көрмей кеткен Сейілге халық құрметі осылай көрінді. Үлкен концерттерден бастап той-думан, шағын дастархан басындағы отырыстарда гитарасымен салған әнінің ақысын халық бір кісідей жиналып, ақтық сапарына осылай шығарып салумен өтегендей еді.
Жанбота КӘРІПБАЕВ,
PhD, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры



