Өңір басшысы Қарқаралы тұрғындарымен кездесті
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралы ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, жол инфрақұрылымын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылдық елді мекендердегі өмір сапасын арттыру және туризм саласын дамыту бағыттары талқыланды. Әрі аудан әкімі Саят Мусин ауданның алдағы даму жоспарлары туралы баяндады.

Биыл Қарқаралы ауданында бірнеше бағыттағы автожолды жөндеу жұмыстары қолға алынды. «Қарқаралы-Қасым Аманжолов» бағытындағы тасжолының 41 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тағы 3,2 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, «Қарқаралы-Егіндібұлақ» бағытындағы 90 шақырым жолдың 60 шақырымы, ал, «Тегісшілдік-Көктас» жолының 20 шақырымының 7 шақырымы жаңартылды.

Өңір басшысы табиғи көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасы бар Қарқаралы ауданының ірі туристік орталыққа айналу мүмкіндігі зор екенін атап өтті. Дегенмен, туристерді тартумен қатар, олардың жайлы демалысына қажетті инфрақұрылымды дамыту да маңызды міндет екенін жеткізді. Ауданның туристік әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған бастамалардың бірі – «Байқымыз» гастрономиялық фестивалі. Биыл жазда алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды шараға 20 мыңнан астам адам жиналды. Фестивальдің жоғары қызығушылыққа ие болуын ескере отырып, оны жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, «Бұғылы» демалыс аймағын дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта мұнда су құбыры мен кәріз желілері тартылып, электр желілері жүргізілуде. Трансформаторлық жабдықтар да орнатылуда. Инженерлік инфрақұрылым құрылысының негізгі бөлігі аяқталған. Бұдан бөлек, аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған.

Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде туризмнен түсетін табыс ірі демалыс орындарының ғана емес, жергілікті тұрғындардың да игілігіне айналуы керек екендігін баса айтты.

– Туризмді дамыту тек мемлекет пен инвесторларға ғана емес, тұрғындардың өзіне де байланысты. Бұл бағытта міндетті түрде ірі кәсіп ашудың қажеті жоқ. Кейде шағын отбасылық бастаманың өзі жеткілікті. Біз туризм Қарқаралы ауданының қарапайым отбасыларына табыс әкеліп, жастарға туған жерінде жұмыс істеп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жол ашқанын қалаймыз. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және болашағы бар жобаларға қолдау көрсету, – деді облыс әкімі.
Ауданда коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. «Жарлы-Қарқаралы» су құбыры пайдалануға берілді. Айырық, Айнабұлақ және Татан ауылында жаңа су желілері тартылды. Ал, Қарқаралы қаласында кәріз-тазарту құрылыстарының құрылысы аяқталуға жақын.
Ауданның өзге де елді мекендерінде бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Қарағайлы кентінде мектеп жөнделіп, Мәдениет үйінің жылыту жүйесі жаңартылды. Сонымен қатар, бес көшені жөндеу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін кентте су құбырының құрылысын аяқтап, тазарту құрылыстарын пайдалануға беру жоспарланған.
Кездесуде медициналық көмектің қолжетімділігі де назардан тыс қалған жоқ. Ауданда тоғыз медициналық нысан ашылып, ауруханаға бес жедел жәрдем көлігі берілген. Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін телемедицина қызметі енгізілді. Енді олар аудан немесе облыс орталығына бармай-ақ, онлайн форматта терапевтерден, бейінді мамандардан кеңес ала алады.
Аудан әкімі Саят Мусин өз сөзінде биыл ауыл шаруашылығы саласындағы екі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделгенін баса айтты. Нәтижесінде, 25 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Келесі жылы 52 адамды жұмыспен қамтитын тағы алты жоба жоспарда барын тілге тиек етті. Жобалардың қатарында сүт фермасын, тері өңдеу цехын салу және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бар. Бұдан бөлек, тау-кен өндірісі саласында екі жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Кездесу барысында тұрғындар да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, Егіндібұлақ бағытындағы жөнделген жолдың күтіміне қатысты алаңдаушылық білдірді. Тұрғындар бұл жолмен ауыр жүк көліктері жиі қатынай бастаса, асфальт жабыны тез тозуы мүмкін екендігін жеткізді. Осыған байланысты аудан басшылығы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын айналма техникалық жолдар арқылы ұйымдастыруды көздейтін жоба әзірленіп жатқанын баса айтты. Сонымен қатар, қарқаралылықтар электрмен жабдықтау, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және басқа да спорттық әрі әлеуметтік нысандарды салу мәселелерін көтерді.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі тұрғындар айтқан мәселелердің барлығын жан-жақты зерделеп, оларды шешу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Бұдан кейін Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ,
Ortalyq.kz



