Мехикода Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған көрме ашылды
Мексика астанасы Мехикода қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған фотокөрме ашылды. Экспозиция өнер иесінің Мехикодағы алғашқы концерті өткен күні тарихи Casa de Carranza музейінде көпшілік назарына ұсынылды,деп хабарлайды Ortalyq.kz Inform.kz сайтына сілтеме жасап.

«Димаш: Ұлы қазақ даласынан Мексика жүрегіне дейін» деп аталатын көрме әншінің шығармашылық жолы мен қазақ мәдениетін әлемге танытуға қосқан үлесіне арналған. Мәдени шара DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы Мехикода өтетін екі концерттің алғашқы күні ұйымдастырылды.
Көрмені Димаштың мексикалық жанкүйерлері Casa de Carranza музейінің қолдауымен әзірлеген. Экспозицияға әншінің шығармашылық жолындағы маңызды сәттерді бейнелейтін фотосуреттер қойылды. Жоба өнер иесінің өнерін бағалайтын жанкүйерлер арқылы Қазақстан мен Мексика арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.
Көрменің ашылуына Димаштың анасы, әнші Светлана Айтбаева, Қазақстанның Мексикадағы консулы Данияр Қаратаев және оның жұбайы қатысты.
Светлана Айтбаева көрмені ұйымдастыруға атсалысқан мексикалық Dears жанкүйерлеріне алғысын білдірді. Ол Димаштың шығармашылығына деген жанкүйерлердің ықыласы мен құрметін ерекше атап өтті. Сондай-ақ музейдің тарихи келбеті мен көрме мазмұнына қызығушылық танытты.
Кездесу барысында ол Мексиканың әнші отбасы үшін орны бөлек ел екенін айтты. Әр сапар жылы естеліктерге толы екенін жеткізіп, бұл елдің халқы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін білдірді. Оның айтуынша, қазақ пен мексика халықтарының бейбітшілікке, бірлікке, отбасы мен дәстүрге деген құрметі ортақ.
Көрменің тарихи музейде өтуі шараның мазмұнын тереңдете түсті. Casa de Carranza музейі 1908 жылы сәулетші Мануэль Стампа салған тарихи ғимаратта орналасқан. 1919-1920 жылдары мұнда Мексика революциясының көрнекті қайраткері, ел президенті болған Венустиано Карранса тұрған. Ол 1917 жылғы Конституцияның қабылдануына да елеулі үлес қосқан.
Бүгінде музейде Каррансаның өміріне және ХХ ғасыр басындағы Мексика тарихына қатысты құжаттар, фотосуреттер, жеке заттар мен тарихи интерьерлер сақталған. Осылайша, қазақстандық әншінің шығармашылығына арналған көрме екі елдің мәдени мұрасын бір кеңістікте тоғыстырды.
Іс-шара бағдарламасында деректі фильм көрсетілімі де болды. Ол Мексика – Қазақстан парламенттік достық тобының төрайымы, федералдық депутат Марибель Мартинес Руистің мәдени бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ.



