НұраАймақЖаңалықтар

Өңір тынысы – басылым назарында

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің 2027 жылға арналған жазылым науқаны және үгіт-насихат жұмыстарын іске асыру аясында басылымның бас редакторы Ерсін Мұсабеков пен газет тілшісі Аида Рахымқұл Нұра ауданына арнайы іссапармен барды. Сапардың мақсаты – «Орталық Қазақстан» газетінің оқырманмен байланысын нығайтып, басылымның ақпараттық бағыт-бағдарын кеңінен таныстыру. Сонымен қатар, 2027 жылға арналған жазылым науқаны аясында аудан тұрғындары мен мекеме ұжымдарымен жүздесіп, мерзімді баспасөзге деген қызығушылықты арттыру.

Суреттерді түсірген автор

Іссапар барысында алғашқы кездесулердің бірі Нұра ауданы әкімдігінде өтті. Онда аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Салтанат Аққошқарқызымен және аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Данияр Төлеутайұлымен жүздесу ұйымдастырылды.

Одан кейін іссапар тобы Бүркіт Ысқақов атындағы кітапханаға барды. Кітапхана ұжымымен кездесуде мерзімді басылымдардың қоғам өміріндегі орны, баспасөз бен кітапхана арасындағы байланыс және оқырман мәдениетін қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Қазіргі таңда ауданда екі кітапхана жұмыс істейді. Оның бірі – балалар кітапханасы болса, екіншісі – Бүркіт Ысқақов атындағы кітапхана. Бұл мәдениет ошақтары тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, мерзімді басылымдарға деген қызығушылықты арттырып, тұрақты оқырман қалыптастыруға да үлес қосып келеді.

Кездесу барысында «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі, басылым беттерінде жарияланатын өзекті тақырыптар мен өңір жаңалықтарын ақпараттандыру бағытындағы жұмыстары таныстырылды. Сондай-ақ, 2027 жылға арналған жазылым науқанының маңызы түсіндіріліп, ұжым қызметкерлерімен газетке жазылу мәселесі талқыланды.

Бұдан кейін іссапар тобы кәсіпкерлер бөлімінің басшысымен бірге қайта жөндеуден өткен супермаркеттің жұмысымен танысты. Сауда нысанындағы жаңғырту жұмыстары мен қызмет көрсету барысы назарға алынды. Сонымен қатар, супермаркет басшысы Ибрахим Абайұлымен тілдесіп, нысанның жұмысы, кәсіпкерлікті дамыту және аудандағы сауда саласының тыныс-тіршілігі жөнінде әңгімелесті. Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерліктің жай-күйі мен алдағы жоспарлар туралы да пікір алмасты.

Сапар аясында Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің ұжымымен де кездесу өтті. Білім беру мекемесінің педагогтерімен жүздесуде басылымның білім, тәрбие, мәдениет және қоғам тақырыптарын жариялаудағы рөлі айтылды. Ауданда барлығы үш мектеп бар екенін ескерсек, білім саласының жаңалықтары мен ұстаздар қауымының еңбегін ақпарат кеңістігінде көрсету де маңызды бағыттардың бірі екені атап өтілді.

Кездесу барысында газетке жазылу науқаны жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ұжым өкілдеріне басылымның мүмкіндіктері мен мазмұндық бағыттары таныстырылды.

Жалпы іссапар барысында өткен кездесулер мекеме ұжымдарымен пікір алмасып, газет туралы ой бөлісуге мүмкіндік берді. Оқырманның ұсынысы мен пікірі басылым жұмысы үшін әрдайым маңызды. Алдағы уақытта да «Ortalyq Qazaqstan» өңір жаңалықтарын жариялап, ел ішіндегі өзекті мәселелерді оқырман назарына ұсынуды жалғастырады.

Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button