Сүт безін қалпына келтіруде отандық технология қолданылады
Қазақстандық онкологтар отандық биоматериалды пайдалана отырып, сүт безін қалпына келтірудің жаңа технологиясын клиникалық тәжірибеге енгізді. Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында сүт безін реконструкциялаудың осы әдісін қолдану бағдарламасы өз мәресіне жетті. Бір жарым жыл ішінде хирургтер ісікті алып тастау операциясымен қатар 120-дан астам пациентке сүт безін қалпына келтіру отасын жасаған. Биыл шілде айында отандық биоматериал медициналық бұйым ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл жаңалық технологияны ғылыми жоба аясымен шектемей, күнделікті клиникалық тәжірибеде кеңінен қолдануға жол ашты, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сайтына сілтеме жасап.

Сүт безі обыры – әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. 2025 жылы елімізде осы дерттің 5 743 жаңа жағдайы тіркелген. Ұлттық скринингтік бағдарламаның нәтижесінде ауруды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артып келеді. Сонымен қатар, өлім-жітімнің стандартталған көрсеткіші әр 100 мың әйелге шаққанда 16,6-дан 10,2 жағдайға дейін төмендеген. Бүгінде дәрігерлердің алдында тұрған басты міндет – ауруды емдеп қана қоймай, пациенттердің өмір сапасын да сақтау. Осы мақсатта сүт безін бір мезгілде реконструкциялау әдісі қолданылатын тиімді тәсілдердің бірі екен. Бұл дегеніңіз, ісік хирургиялық жолмен алынып, сол операция барысында имплант көмегімен сүт безінің пішіні қалпына келтіріледі екен.
– Әйел адам үшін емнің қаншалықты сәтті өткені ғана емес, операциядан кейін өзін қалай сезінетіні де маңызды. Бір мезгілде реконструкция жасау ісікті алып тастау мен сүт безін қалпына келтіруді бір хирургиялық араласу аясында орындауға мүмкіндік береді. Бұл – пациентке көрсетілетін кешенді көмектің маңызды бөлігі, – деді ҰҒОО тері және жұмсақ тіндер ісіктері, реконструктивті хирургия секторының аға ординаторы Бауыржан Әнапия.
Имплантты сенімді бекіту және тіндерге қажетті қолдау көрсету үшін әлемдік тәжірибеде арнайы торлар мен биологиялық матрицалар қолданылады. Алайда, олардың импорттық баламалары қымбатқа түседі. Мұндай операциялардың қолжетімділігін арттыру мақсатында ҰҒОО мамандары реконструктивті хирургияға бейімделген отандық коллагенді қаңқаны – жануар текті ацеллюлярлы ксеногендік X-Graft матриксін қолдануды қолға алды. Оны қазақстандық X-Matrix компаниясы өндіреді. Бұған дейін аталған материал негізінен күйік пен жараларды емдеуде қолданылып келген. Ал, пластикалық операцияларда пайдалану үшін мамандар Қазақстан Республикасының №11199 пайдалы модель патентімен қорғалған өзіндік әдістемесін әзірледі.
– Біздің мақсатымыз импорттық материалды отандық өніммен жай ғана алмастыру емес еді. Оны нақты хирургиялық міндетке бейімдеу, яғни имплантқа қажетті тірек қалыптастырып, тіндердің қалпына келуіне жағдай жасау қажет болды. Осы мақсатта оны қолданудың өзіндік әдістемесін әзірлеп, тәжірибеге енгіздік, – дейді хирург.
Бағдарлама барысында мамандар отандық матриксті пайдалана отырып, 120-дан астам сәтті бір мезгілдік реконструкциялық операция жасады. Олардың нәтижелері халықаралық тәжірибемен салыстырылды. 2026 жылғы шілдеде медициналық бұйым ресми тіркеу куәлігін алды. Бұл озық технологияны еліміздің басқа медициналық ұйымдарының клиникалық тәжірибесіне енгізуге жол ашады.
– Біз маңызды кезеңнен өттік: отандық матрикс мемлекеттік тіркеуден өтті және енді клиникалық тәжірибеде қолданыла алады. Алайда жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта пациенттерді бақылауды жалғастырып, ұзақ мерзімді нәтижелер мен технологияның экономикалық тиімділігін бағалауымыз қажет. Болашақта мұндай реконструкциялық операциялар Астана қаласында ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі әйелдерге де қолжетімді болғанын қалаймыз, – деп атап өтті Бауыржан Әнапия.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.



