Заң қорғайды,тәртіп талап етеді
Отбасындағы зорлық-зомбылық жалқыдан жалпыға өтетін, қоғамның қауіпсіздігіне тура әсер ететін күрделі әрі әлеуметтік дерт екенін естен шығармау ләзім. «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса, бөрік ішінде» деген соқыр сенімнің соңы бұрымдының бұл өмірден баз кешуіне, баланың жетім қалуына, я мерт болуына әкеп жатқаны ащы ақиқат. Ошақ басындағы жиі сылдырлайтын шыныаяқты тағдырға жауып, жауырды жаба тоқу – жабайылық. Қарағандыда жыл басынан бері барар жер, басар тау таппай көмек сұраған қыз-келіншектер саны мен оларға көрсетілген қолдау түрлері мәселенің күні бүгінге дейін түйіні томардай екенін тағы бір көрсетеді. Бұл орайда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтер тарапынан жәбірленушілерді қорғау, құқық бұзушыларға жауапкершілікті түсіндіру және зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары күшейген. Өкінішке қарай, қоғам әлі бұл қасіреттен арылған жоқ.

Зорлық-зомбылық пен отбасылық жанжалдың айырмасы не?
Қарағандыда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жүйесі кезең-кезеңімен жетілдірілуде. Десе де, дендеген дерт дес берер емес. Зорлық пен қорлықтан қара ағаштай қатқан қайғылы әйел, қорғаншақ бала баршылық. Мұның бір дәлелі – Отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығының жұмысы. 2026 жылдың басынан бері мұнда шамамен 1 884 адамға түрлі бағытта көмек көрсетілген. Оның ішінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілері бойынша 82 өтініш қабылданыпты. 126 адам психологиялық, 132 адам құқықтық көмек алған екен. Сонымен қатар, 63 азамат медиаторға жүгінсе керек.
Көз жасын бұлай отырып, көмек сұрағандардың арасында қауіпсіз баспанаға мұқтаж әйелдер мен балалар да бар. Жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 54 әйел мен 69 бала орналастырылып, 28 адамның жұмысқа тұруына жәрдемдескен. Бұл көрсеткіштердің әрқайсысында бір-бір тағдыр, шешімін күткен мәселе, қамсыз һәм қауіпсіз өмірге деген үлбіреген үміт тұр.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық тек жұдырық ала жүгіруден тұрмайды бүгінде. Оның да бірнеше түрі бар. Олардың қатарында физикалық, психологиялық, экономикалық және жыныстық зорлық-зомбылық кездеседі. Мамандардың айтуынша, өмірде психологиялық қысым жиі.
– Оған қорлау, кемсіту, қорқыту, бақылау, шектеу, үнемі қысым көрсету жатады. Көп жағдайда психологиялық қысым физикалық зорлық-зомбылықпен қатар жүреді. Экономикалық зорлық-зомбылық та аз емес. Мысалы, әйелдің жұмыс істеуіне тыйым салу, ақшасын тартып алу, қаржылық тәуелділікте ұстау. Ең өкініштісі, кейбір азаматтар мұндай әрекеттерді зорлық-зомбылық деп қабылдамайды. Сондықтан, түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстары аса қажет, – дейді полиция департаменті жанындағы Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы Айзада Досмағамбетова.
Шынында да, тұрмыстық зорлық-зомбылық тән жаралаумен өлшенбейді. Адамды үнемі қорқынышта ұстау, еркіндігін шектеу, жақындарымен араласуына кедергі келтіру, қаржылық мүмкіндігін бақылау да оның құқықтары мен бостандығына қол сұғу болып саналады.
Кей жағдайда мұндай қысым тоқтаусыз жалғасып, физикалық зорлық-зомбылыққа ұласуы мүмкін. Сол себепті, мамандар мәселенің алғашқы белгілеріне назар аударып, оны дер кезінде анықтаудың салмағын ерекше атайды.
Неге әйелдер көмек сұрауға асықпайды?
Қарағандыдағы орталық мамандарының тәжірибесі зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтардың барлығы бірдей бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге дайын еместігін көрсеткен.
Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жәбірленуші өзіне күш көрсеткен адамның кек алуынан қорқады. Екіншіден, баспана мен материалдық жағдайға байланысты тәуелділік бар. Әсіресе, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер үшін отбасынан кету оңай шешім емес. Үшіншіден, қоғамдық пікір мен туыстарының көзқарасы да әсер етеді.
– Кейбір әйелдер «балаларым үшін шыдауым керек», «өзгеріп кетер» деген үмітпен ұзақ уақыт үнсіз жүреді. Біз әрбір азаматқа зорлық-зомбылыққа төзу міндет емес екенін, көмек сұрау әлсіздік емес, өз өмірі мен балаларының қауіпсіздігін қорғау екенін түсіндіреміз, – дейді орталық өкілі.
Оның айтуынша, орталыққа келген азаматтардың барлығы бірдей полицияға арыз жазуға бірден келісе бермейді. Мұндай жағдайда мамандар алдымен олардың жағдайын тыңдап, психологиялық қолдау көрсетіп, құқықтары мен заңда көзделген мүмкіндіктерін түсіндіреді.
Бұл ретте заңнамада тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне ден қоюдың тетіктері қарастырылған. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда жәбірленушінің жазбаша арызының болмауы полицияның тиісті шаралар қабылдауына өздігінен кедергі келтірмейді.
Қауіп төнген жағдайда жалғыз қалмайды
Қарағандыда әйелдер мен балаларға арналған уақытша орналастыру орталығы жұмыс істейді. Орталық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарды қауіпсіз жерге орналастыру мүмкіндігін ұсынады.
Орталық 14 адамға арналған. Мұнда азаматтар екі күннен бір айға дейін уақытша тұра алады. Қажет болған жағдайда оларға психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, Қарағанды облысында тоғыз дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Қалалық деңгейде көмек көрсету жұмыстары осы мекемелермен және полиция қызметкерлерімен бірлесе ұйымдастырылады.
– Біздің Қарағанды облысының полиция департаменті жанындағы Отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығы да жәбірленушілерге кешенді көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда полиция қызметкерлерімен және дағдарыс орталықтарымен байланыс орнатып, қауіпсіз жерге орналастыру жұмыстарын ұйымдастырамыз. Ең бастысы – жәбірленуші өзінің жалғыз емес екенін сезінуі керек, – дейді Айзада Досмағамбетова.
Орталықтың жұмысы тек уақытша баспана ұсынумен шектелмейді. Мұнда адамның одан кейінгі өмірін қалыпқа келтіруге де көңіл бөлінеді. Мәселен, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, құжат рәсімдеу, әлеуметтік мәселелерді шешу және құқықтық кеңес беру сынды кешенді қолдауды қамтиды.
Жыл басынан бері 28 адамның жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетілуі де осы бағыттағы жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
Зорлық-зомбылық фактісі анықталғаннан кейін жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын құқықтық шаралардың бірі – қорғау нұсқамасы.
Ол құқық бұзушыға жәбірленушіні іздеуге, ізіне түсуге, мазалауға, ауызша және телефон арқылы байланысуға, сондай-ақ, заңда көзделген өзге де әрекеттерге тыйым салатын шектеулерді белгілейді.
– Қорғау нұсқамасы берілгеннен кейін полиция қызметкерлері құқық бұзушыға заңда белгіленген шектеулердің сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық жұмыстар жүргізіп, құқық бұзушының тұрғылықты жеріне тексеру жүргізеді. Біздің орталық тарапынан да жәбірленушімен кері байланыс орнатылады. Оның психологиялық жағдайы, қауіпсіздігі, әлеуметтік және құқықтық мәселелері назарда болады. Егер қауіп қайта туындаса, тиісті органдарға жедел хабар беріліп, қосымша қорғау шаралары қарастырылады, – дейді маман.
Демек, қорғау нұсқамасының берілуі мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Оның талаптарының орындалуын бақылау, жәбірленушімен тұрақты байланыста болу және қауіптің қайта туындауына жол бермеу маңызды.
Жазалау ғана емес, қайта құқық бұзудың алдын алу – міндет
«Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі міндеттерінің бірі – құқық бұзушылықтың салдарымен күресіп қана қоймай, оның алдын алу. Бұл тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесіне де тікелей қатысты.
Қарағандыда осы бағытта құқық бұзушылармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, олардың мінез-құлқын өзгертуге бағытталған психологиялық қолдау шаралары қолға алынған.
Мәселен, 2026 жылы отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасаған 12 азамат Отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығында психологтардың көмегімен ерікті түрде түзету курсынан өткен. Мұндай жұмыс азаматтардың өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауына, ашу-ызасын басқаруына және отбасындағы жанжалдардың қайталануына жол бермеуге бағытталған.
– Біздің жұмысымыздың басты бағыты – тек орын алған жағдайға әрекет ету емес, зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу. Осы мақсатта жәбірленушілерге жеке психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Зорлық-зомбылық жасаған азаматтармен де профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Олардың мінез-құлқын түзету, ашу-ызаны басқару және отбасылық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылады, – дейді орталық өкілі.
Сонымен қатар, халық арасында ақпараттық-түсіндіру кездесулері, дөңгелек үстелдер, семинарлар мен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл жұмыстардың мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілерін дер кезінде тануға үйрету.
Мамандардың пікірінше, бұл бағыттағы нәтиже полицияның, психологтардың, заңгерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің және дағдарыс орталықтарының өзара үйлесімді жұмысына байланысты.
Заң алдындағы жауапкершілік күшейді
Елімізде соңғы жылдары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық шаралар да күшейтілді. 2024 жылғы 15 сәуірде қабылданған заңнамалық өзгерістер аясында ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қайта енгізілді. Қылмыстық кодекске 108-1 және 109-1-баптары қосылды.
Бұл өзгерістер тұрмыстағы зорлық-зомбылықты жай ғана отбасылық кикілжің ретінде қарастыруға болмайтынын көрсетті. Әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында баға беріліп, кінәлі адам жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Қарағандыдағы профилактикалық жұмыстар да осы талаптармен сабақтасып жатыр. Бір жағынан, жәбірленушілердің құқығы қорғалса, екінші жағынан, құқық бұзушылардың жауапкершілігі мен заң талаптарын сақтау міндеті түсіндіріледі.
Дегенмен, мамандар үшін ең маңызды көрсеткіш тек тіркелген өтініштердің азаюы емес. Негізгі мақсат – зорлық-зомбылықтың алдын алу, қауіп төнген адамды дер кезінде қорғау және отбасындағы қауіпсіз ортаны қалыптастыру.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек полицияның немесе әлеуметтік қызметтердің міндеті емес. Оның қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін естен шығармау керек. Көршінің бейжай қалмауы, туыстардың жәбірленушіні кінәламай қолдауы, азаматтардың заңды білуі және көмек сұраудан қорықпауы қауіпсіз қоғам қалыптастырудың шарттары екенін мықтап білген абзал.
Қарағандыдағы Отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығының тәжірибесі де бір ғана шарамен мәселені шешу мүмкін еместігін көрсетеді. Жәбірленушіге психологиялық қолдау, құқықтық кеңес, қауіпсіз баспана және әлеуметтік көмек қатар қажет. Ал құқық бұзушыға заңда белгіленген жауапкершілік жүктеліп, қайталама әрекеттердің алдын алу жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Қалай болғанда да, отбасындағы зорлық-зомбылықты үнсіздікпен жеңу әсте мүмкін емес. Әрбір адамның өмірі мен денсаулығы, ар-намысы мен құқығы қорғалуы керек. «Заң мен тәртіп» қағидатының шынайы мәні де осы. Өйткені, отбасы қорқыныш пен үрей кеулеген үй болмауы керек. Оның құрметтің мекені екені аңғарылуы шарт.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



