Күштік құрылымдар дрондар додасында бақ сынады
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» далалық оқу орталығында мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен «MILITARY DRONE CHALLENGE» турнирі өтті. Байрақты бәсекеге 15 команда қатысып, дрондарды басқару және оларға қарсы іс-қимыл жасау бағытындағы кәсіби шеберліктерін сынға салды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, заманауи технологияларды меңгеру мен қолдану қабілеттерін көрсетті.

Турнирді Мемлекеттік күзет қызметі «Ashyq Aspan Foundation» қоғамдық қорының техникалық қолдауымен ұйымдастырылған. Аталған қор Қазақстанда осы бағыттағы жарыстарды өткізуге уәкілетті ұйым болып саналады.

Турнирдің негізгі мақсаты – пилотсыз авиациялық жүйелерді басқару дағдыларын жетілдіріп, оларға қарсы іс-қимыл тәсілдерін меңгеру және күштік құрылымдардың техникалық әлеуетін арттыру еді. Осы мақсатта жарыс бағдарламасы төрт кезеңнен тұрды. Алғашқысы «Шабуыл» деп аталды. Бұл кезеңде ұшақ үлгісіндегі және мультироторлы дрондардың операторлары белгіленген нысандарға, соның ішінде, ғимарат ішіне әуеден барлау жүргізді. Ал, шабуылдаушы топ барлау нәтижесінде алынған мәліметтер негізінде кепілге алынған адамды босату жөніндегі оқу операциясын орындады.

Екінші кезең – «Барлау – қону – жүк тастау» тапсырмасына арналды. Қатысушылар әуеден барлау жүргізіп, FPV-дронды қозғалыстағы тіркемеге қондыруы және оқу жүгін белгіленген нысанаға дәл жеткізуі қажет болды.

«Ашық аспан» кезеңінде командалар штаттық антидрондық кешендерді пайдаланып, ұшу аппараттарын анықтау және олардың жұмысын тоқтату тапсырмаларын орындады. Сондай-ақ, бағдарламада FPV-дрондарды арнайы оқу жағдайында атыс қаруының көмегімен тоқтату жаттығуы қарастырылды.
Ал, «Командалық эстафета» кезеңінде жылу камерасымен жабдықталған мультироторлы дрон арқылы ғимарат ішінен шартты қарсыласты анықтау міндеті қойылды. Бұдан кейін FPV-дрон операторлары шектеулі көріну жағдайында белгіленген нысаналарға қатысты тапсырмаларды орындады. Шабуылдау сипатындағы жаттығулар барысында қатысушылар страйкбол қаруын пайдаланды.
Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша І орынды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің командасы иеленді. ІІ орын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасына бұйырды. Ал, үздік үштікті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының командасы түйіндеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



