Облыс әкімі Азия және Параазия ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өткен Азия және Параазия ойындарында Қарағанды облысының атынан 42 спортшы өнер көрсетіп, ел қоржынына 15 медаль салды. Осыған орай облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев халықаралық жарыста топ жарған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесу барысында өңір басшысы спортшылардың жетістігі табандылық пен тынымсыз еңбектің нәтижесі екенін атап өтіп, бапкерлер құрамына да алғыс білдірді.

Кездесуде өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесі де сөз болды. Ермағанбет Бөлекпаев әмбебап спорт аренасының жобасында ұзындығы 50 метр болатын, көрермендерге арналған трибуналары бар сегіз жолақты жүзу бассейні қарастырылғанын жеткізді. Жаңа нысан параспортшыларға ғана емес, жүзумен айналысуға ниетті барша тұрғынға қолжетімді болмақ.

Жалпы, спорт кластерінің құрамына әмбебап спорт және мұз ареналары, жеңіл атлетика манежі, Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің мектеп-интернат-колледжі, 15 мың көрерменге арналған UEFA-4 санатындағы стадион, футбол академиясы және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені кіреді.

– Қарағанды облысы қашанда бай спорттық дәстүрімен және талай мықты спортшысымен мақтана алады. Сіздердің жетістіктеріңіз – жеке жеңістің ғана емес, өңіріміз бен бүкіл еліміздің мерейін үстем еткен елеулі еңбектің нәтижесі. Сіздер жас ұрпаққа үлгі көрсетіп келесіздер. Біздің міндетіміз – дарынды спортшыларға қолдау білдіріп, олардың шеберлігін шыңдау. Жаңа белестерді бағындыруына қажетті жағдай жасау. Ал, сіздердің міндеттеріңіз – толайым табыстарға ұмтылып, жинаған тәжірибелеріңізді кейінгі буынға аманаттау, – деді облыс әкімі.

Азия ойындарында Қарағанды облысының спортшылары төрт медаль жеңіп алған болатын. Атап айтсақ, балуан Эльмира Сыздықова және жеңіл атлетші Аделина Земс, Кристина Овчинникова күміс жүлдеге ие болса, каноэде ескек есуден сынға түскен Аделина Чистякова қола медальге қол жеткізді.

Эльмира Сыздықова осымен Азия ойындарына екінші мәрте қатысып отыр. Тәжірибелі балуан алдағы халықаралық жарыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.

– Жүлдеге қол жеткізгеніме қуаныштымын. Дегенмен, жеңісті қолдан беріп алған сәттеріме де өкінемін. Ендігі мақсатым – әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, медаль жеңіп алу. Және Олимпиада ойындарына жолдама иелену, – деді спортшы.
Ал, Параазия ойындарында өңір атынан 10 спортшы бақ сынады. Олар пара жүзу, пара жеңіл атлетика және арбадағы теннистен сынға түсіп, бір алтын, бес күміс және екі қола медаль жеңіп алды.
Пара жүзуден Диас Кенжебек 100 метрге шалқалай жүзуде қарсыластарынан озып, алтын медаль иеленді. Сонымен қатар, ол Азия рекордын жаңартып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына жолдама алды.
– Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Көрсеткен нәтижелеріме көңілім толады. Әсіресе, 100 метрге шалқалай жүзуден алтын медаль жеңіп алғаныма ерекше қуаныштымын. Бұл жарыс алдағы мүмкіндіктерге жол ашты. Әлем чемпионаты мен Паралимпиада ойындарына жолдама алдым. Ендігі кезекте сол жарыстарға тыңғылықты дайындалуым керек, – деді Диас Кенжебек.
Параазия ойындарында жүлде алған спортшылар қатарында Наталья Звягинцева, Роман Потапов және Дастан Мұқашбеков те бар.
Жеңіс жолында жаттықтырушылардың еңбегі де айрықша. Кездесу барысында Наталья Звягинцеваның бапкері Наталья Манохина спортшыларға көрсетілген қолдау мен құрмет үшін облыс басшылығына алғысын білдірді. Сонымен қатар, өңірде заманауи талаптарға сай жүзу бассейнін салудың маңыздылығына тоқталды.
– Спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегіне лайықты баға беріп, құрмет көрсеткені үшін облыс басшылығына алғыс айтамын. Әрбір жеңістің артында маңдай тер мен қажыр-қайрат жатыр. Жас спортшыларға сабырлы, еңбекқор әрі табанды болуды тілеймін. Бір нәрсе ойдағыдай болмай қалса, мойымау керек. Жеңіс бірден келе қоймайды. Спортпен шұғылдану адамның өмірін мәнді де жарқын етіп қана қоймай, жаңа достар табуға, өзіңді жеңіп, мүмкіндігіңді кеңейтуге көмектеседі, – деді Наталья Манохина.
Кездесу соңында Азия және Параазия ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына арнайы сертификаттар табысталды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



