ЖаңалықтарРуханият

Бас жүлде – Қарағандыда

Астанада өткен «Жайдарман» ойындарының Qazaqstan Cup лигасында Қарағандыдағы ҚР Ұлттық ұланының 5451 әскери бөлімінің «Ұлттық ұлан» командасы Бас жүлдені жеңіп алды. Жыл басынан бері лига бәсекесіне еліміздің 64 командасы қатысып, өзара мықтыны анықтаған. Солардың қатарында Қарағанды облысының намысын сегіз команда қорғап, оның екеуі ғана ақтық кезеңге дейін жетеді. Нәтижесінде, әскери бөлімнің жігіттері қарсыластарынан оқ бойы озып, лига чемпиондары атанды.

Суреттер жеңімпаздардың жеке мұрағатынан

«Ұлттық ұлан» командасы 5451 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардан жасақталған. Әзіл әлеміне әскери ортадан келген жігіттер жыл басында Қарағандыда ұйымдастырылған іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, елордада өткен республикалық маусымашар ойынында бақ сынайды. Осы сайыста өнерімен көзге түскен команда Qazaqstan Cup лигасына жолдама алып, үлкен додаға қатысуға мүмкіндік иеленген. Сөйтіп, жерлестер республикалық деңгейдегі бәсекеден Бас жүлдемен оралды.

Айта кетейік, Қарағандының «Жайдарман» тарихында мұндай жарқын жеңіс бұрын да болған. 2007 жылы «Ұлдар емес» командасы Жоғары лигада өнер көрсетіп, чемпиондық тұғырдан көрінген еді. Араға жылдар салып, биыл сол жеңісті дәстүрді әскери қызметтегі жастар жалғап отыр.

– Қазір командамызда төрт жігіт бар. Төртеуіміз де 5451 әскери бөлімінде әскери борышымызды өтеп жүрміз. Қызмет мерзіміміз желтоқсан айының ортасында аяқталады. Әскерге алғаш келген кезде 40 күндік оқу ротасында болдық. Сол уақытта оқу роталары арасында «Жайдарман» ойындары ұйымдастырылып, біздің командамыз құрылды. Кейін басшылықтың қолдауымен түрлі жарыстарға қатыса бастадық. Шынын айтқанда, әскерге келгенде «Жайдарман» ойнаймыз деген ой болған жоқ. Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтеуді мақсат еттік. Дегенмен, бүгінде әскери бөлім тарапынан бізге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді, – деді команда капитаны Арнат Ізбасар.

Әскери тәртіп пен сахна мәдениетін қатар алып жүру оңай емес. Соған қарамастан, жігіттер тұрақты дайындықтың арқасында қысқа уақыт ішінде үлкен жетістікке жеткен.

– Бізде тұрақты дайындық болды. Соның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Көптеген жайдарман командасының мүшелері күнделікті жұмысымен немесе оқуымен қатар шығармашылыққа уақыт бөледі. Ал, біз әскери қызмет пен өнерді қатар алып жүрміз. Біздің өзге командалардан бір ерекшелігіміз бар. Әскери ұжым болғандықтан, сахнада белгілі бір бағытты ұстандық. Негізгі мақсатымыз – әскери өмірді, қазіргі сарбаздардың тыныс-тіршілігін жақсы қырынан көрсету. Алғашқы ойынымызда-ақ көрерменге бүгінгі әскердің шынайы болмысын таныту үшін сахнаға шыққанымызды айтқанбыз. Сол ұстанымымыздан айныған жоқпыз. Қазір өнерімізді көргеннен кейін әскери бөлімге келіп, қызмет атқаруға қызығушылық танытатын жастардың да қатары көбейді. Біздің басты мақсатымыз – Жоғары лигада өнер көрсету, – деді команда капитаны.

Жалпы, «Ұлттық ұлан» командасы биыл бірқатар ірі жарыста топ жарып, тәжірибе жинақтады. Алдымен Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокурорының кубогын жеңіп алды. Одан кейін Павлодарда «Заң мен тәртіп» жобасы аясында ұйымдастырылған сайыста ІІ орын иеленген. Теміртауда өткен «Магнитка лигасының» чемпионы атанды. Сондай-ақ, «Елорда Cup» жобасында күміс жүлдегер атанды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button