БілімЖаңалықтар
Молодежный кентінде мемлекеттік грант есебінен балаларды дамыту орталығы ашылды
Осакаров ауданына қарасты Молодежный кентінде ерекше балалар мен бүлдіршіндерге арналған алғашқы дамыту орталығы жұмысын бастады. Жергілікті тұрғын, III топтағы мүгедектігі бар кәсіпкер Гүлнар Құсайынова өткен жылы мемлекеттік грант иеленіп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды.

Бөлінген қаражатқа орталыққа қажетті жиһаздар мен ойыншықтар сатып алынып, жарнама жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ғимаратты жалға алу ақысы төленіп, істі бастауға қажетті өзге де алғашқы шығындар өтелді.

Уақыт өте келе бастапқы бизнес-идеяның ауқымы кеңейіп, ойын-сауық орны балалардың танымдық қабілеті мен дағдыларын жетілдіретін дамыту орталығына айналды. Бүгінде бұл – Молодежный кентіндегі осындай бағыттағы алғашқы әрі жалғыз мекеме.

Қазіргі таңда мұнда балалардың жас ерекшеліктеріне сай жалпы дамыту сабақтары мен түрлі танымдық ойындар өткізіледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоса алғанда, әр бүлдіршінмен жеке жұмыс жүргізіледі, сондай-ақ бөбек жасындағы балаларға арналған арнайы сабақтар қарастырылған. Бұдан бөлек, орталықта туған күндер мен балаларға арналған түрлі мерекелік кештер ұйымдастырылады.
Мемлекеттік қаржылай қолдау кәсіпкерге өз идеясын жүзеге асырып қана қоймай, орталықтың қызмет аясын кеңейтуге, балалар мен ата-аналарға ұсынылатын қызмет түрлерін арттыруға жол ашты.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz
Ortalyq.kz



