АймақЖаңалықтар

Еңбекпен еңсе тіктеген шаруашылық

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күретамыры, ауыл тіршілігінің негізгі тірегі. Сондықтан, бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінде аграрлық саланы өркендетуге, жергілікті шаруалардың әлеуетін арттыруға айрықша мән беріліп келеді. Осы бағытта Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай ауылындағы «Ерасыл» шаруа қожалығы да жүйелі жұмыс жүргізіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлесін қосып келеді.

Суреттерді түсірген автор

Қожалық жетекшісі Ержан Нұртазин осыдан бес жыл бұрын тыңнан қыстақ ашып, шаруашылықтың негізін қалаған. Кәсіп бастау арқылы ауылдағы жұмыссыз азаматтарға да қолдау көрсетіп, бірқатар тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыған. Шаруашылықтың негізгі бағыты – егіншілік пен мал шаруашылығы. Бүгінде мұнда арпа, бидай және сұлы өсіреді екен. Биыл әр гектардан 20 центнер астық жиналса, осыдан екі жыл бұрын өнімділік 50 центнерге дейін жеткен. Сол жылы шаруашылық облыс көлемінде жоғары өнімділік көрсетіп, рекордтық нәтижеге қол жеткізген.

Жетістікке орай қожалық жетекшісін арнайы марапатқа ұсыну туралы шешім қабылданады. Алайда, Ержан Нұртазин бұл құрметті өзіне емес, егіннің басы-қасында жүріп, маңдай терін төккен қызметкеріне лайық деп санаған. Сөйтіп, марапатқа комбайншы Мәулен Бекмағанбетовты ұсынған. Нәтижесінде, комбайншы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен диқан «Даңқ» орденімен марапатталған.

– Қазір шаруашылықта ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы, оннан астам адам еңбек етеді. Олардың барлығына қажетті әлеуметтік жағдай жасалып, еңбекақылары уақытылы төленеді. Біз үшін шаруашылықтың табысты болуы ғана емес, осында жұмыс істейтін азаматтардың тұрмысы да маңызды. Мал шаруашылығында күзде малды бордақылауға қойып, көктемде сатамыз. Алдағы уақытта да жұмысты жандандырып, шаруашылықтың мүмкіндігін кеңейтуге ниеттіміз, – дейді Ержан Нұртазин.

Бүгінде шаруашылықтың техникалық паркінде төрт комбайн, бес трактор бар. Қожалық аумағында көлемі мен сыйымдылығы әртүрлі үш қора-жай бар. Мұнда малды күз мезгілінде бордақылауға қойып, көктемде саудалайды. Бұл бағыттағы жұмыс шаруашылықтың табысын еселеуде. Шаруақожалықта мал шаруашылығымен қатар егіншілік те қатар дамып келеді. Бұған қоса, егін егу мен жинау жұмыстарына арналған түрлі қосалқы агрегаттар мен құрал-жабдықтар жеткілікті.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button