Бас тақырыпАймақОсакаров
Осакаров ауданында этноаул ашылды
Қарағанды облысының Осакаров ауданында ауыл туризмін дамытуға бағытталған жаңа демалыс орны ашылды. Нияз ауылдық округіндегі Қаракөл көлінің жағасында орналасқан этноауылды жергілікті жас кәсіпкер Хуат Әубәкір қолға алған. Ол жобасын аудан әкімінің гранты арқылы жүзеге асырды. Бұл жайлы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көл жағасындағы көрікті жерде демалушыларға арналған киіз үйлер тігілген. Мұнда қонақтар табиғат аясында тынығып қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрімен де таныса алады. Сондай-ақ ұлттық ойындарға қатысып, атпен серуендеуге және көлде балық аулауға мүмкіндік бар.
Хуат Әубәкірдің айтуынша, ол туған өлкесінің туристік әлеуетін танытып, табиғаты әсем өңірге келушілер санын арттырғысы келеді. Аудан әкімінің гранты осы мақсатын жүзеге асыруға жол ашқан.
Жас кәсіпкер этноауылда ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қонақтарға жайлы демалыс ұсынуды көздейді. Жоба ауыл кәсіпкерлігін қолдауға және өңірдегі ішкі туризмді дамытуға үлес қосады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



