«Тентек» шахтасы миллион тонна көмір өндірді
Қарағанды облысындағы Qarmet компаниясына қарасты «Тентек» шахтасы өндіріс көлемін арттырып жатыр. Кәсіпорын биыл соңғы он жылда алғаш рет миллион тонна көмір өндірді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1,2 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды Qarmet баспасөз қызметі.

Шахтада өндірістік жабдықтар жаңартылып, жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Биыл кәсіпорынға екі жаңа үңгілеу комбайны мен конвейер жеткізілді. Бұл жұмыстар көмір өндіру қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шахтада ауа беретін екі жаңа негізгі оқпан пайдалануға беріледі. Жаңа нысандар жерасты қазбаларына таза ауаның жеткізілуін жақсартады. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа учаскелерді игеруге жағдай жасайды.

– Шахта соңғы рет миллион тонна көмірді он жыл бұрын өндірген еді. Бүгінде біз бұрынғы көрсеткіштерді қалпына келтіріп қана қоймай, кәсіпорынның одан әрі дамуына негіз қалап жатырмыз. Биыл ауа беретін екі жаңа негізгі оқпан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар көмірді құрғақ байытуға арналған жерүсті кешенінің құрылысы басталады, – деді «Тентек» шахтасының директоры Владимир Шнель.

Кәсіпорында бағытталған бұрғылау технологиясы да енгізіліп жатыр. Ол жаңа лаваларды дайындау уақытын қысқартып, жұмыстардың дәлдігін арттыруға және өндірістік шығындарды азайтуға көмектеседі.

Шахтаның дамуы Qarmet компаниясы үшін де маңызды. Кәсіпорында өндірілетін кокстелетін көмір металлургиялық комбинаттың негізгі шикізатының бірі саналады. Сондықтан Д-6 көмір қабатының қорын игеру компанияның өз шикізат базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары шахтада жаңа лаваларды кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланған.
Миллион тонна көмір өндіру межесіне жету құрметіне шахта аумағына ағаш көшеттері отырғызылды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



