Қарқаралыда «Ақтерек қымыз» өндіріс цехы ашылды
Қарқаралы ауданына қарасты Ақтерек ауылында ұлттық сусын – қымыз өндіретін жаңа цех ашылды. Жобаға шамамен 15 миллион теңге инвестиция салынған.

Өндіріс орнының ашылу салтанатына аудан әкімі Саят Қабиденұлы мен Қазақстан қымыз өндірушілер қауымдастығының президенті, «BAIQYMYZ» фестивалінің ұйымдастырушыларының бірі Болат Қайыргелдіұлы қатысып, кәсіпкерге сәттілік тіледі.

Бұл ауылдың 80 пайызы қымыз баптайды. Цех иесі Бұрхан Жолтаев қымыз өндіруді 2010 жылы небәрі бір биеден бастаған. Бүгінде шаруашылықта 30 бие сауылады. Ал «Қарқаралы Ақтерек» брендіне биыл алты жыл толып отыр.

Кәсіпкердің еңбегі де елеусіз қалған жоқ.

Биыл Қарқаралыда өткен аймақаралық «BAIQYMYZ» гастрофестивалінде шаруашылық 37 қатысушының арасынан бас жүлдені иеленді.

Сондай-ақ Астанада өткен халықаралық фестивальде «Дәстүр сақтаушы» номинациясына ие болды.

Жаңа цехтың ашылуы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық сусын өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл – жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен табанды еңбектің нәтижесі.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



