Жаңалықтар

Қауіпке қарсы тұрған құтқарушы

Қарағандыдағы №10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Қанат Ешмағанбетов құтқарушы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Қанат Ешмағанбетов Азаматтық қорғау саласындағы еңбек жолын 2013 жылы өрт сөндіруші болып бастаған. Жылдар бойы жинаған тәжірибесінің арқасында кәсіби шеберлігін шыңдады. Төтенше жағдайларда шапшаң әрекет етуі, батылдығы және жауапкершілігімен көзге түсті.

Оның кәсіби дайындығы мен шешім қабылдаудағы байыптылығы 2021 жылғы 30 қарашада болған өрт кезінде айқын көрінді. Сол түні Қарағандыдағы Әлиханов көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер ғимараттың іші қою түтінге толғанын байқады.

Қанат Ешмағанбетов бөлімшелердің жұмысын үйлестіріп, үш адамнан құралған топпен түтінге толы пәтерге кірді. Өртті сөндірген соң, ес-түссіз жатқан екі адамды тапты.

Құтқарушы зардап шеккендерді сыртқа шығарып, дәрігерлер келгенге дейін алғашқы көмек көрсетті. Кейін екі адам Апаттар медицинасы орталығының жедел тобымен ауруханаға жеткізілді.

Құтқарушының батыл әрекеті мен кәсіби дайындығы адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарды. 

«Отбасымда жұбайым екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз. Ал қызметте жас мамандарға үлгі болуға тырысамын. Құтқарушы мамандығы жауапкершілікті талап етеді», – дейді Қанат Ешмағанбетов.

Қарағандылық құтқарушы үшін батылдық пен жауапкершілік күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі.Ол үшін адамдарды құтқару кәсіби міндет қана емес, азаматтық парыз.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button