АймақЖаңалықтар

Қарағандыда құтқарушылық жолды жалғаған әулет тұрады

Құтқарушы болу – өзгенің өмірін өз өміріңнен биік қою. Мамандықты жүрек қалауымен таңдаған жандардың ұрпағы да әке жолын жалғап, ел қауіпсіздігіне қызмет етіп келеді. Роберт Галимжанов үшін құтқарушылық – бірнеше онжылдық ғұмырының мәніне айналған кәсіп әрі отбасын біріктірген ортақ құндылық.

Cуреттер әулеттің жеке мұрағатынан

Роберт Галимжановтың отбасы төтенше жағдайлар қызметімен бірнеше буыннан бері байланысты. Өзі өмірінің елеулі бөлігін осы салаға арнаса, бүгінде ұлы мен қызы да мұнда үлес қосып жүр. Немересі Равиль де болашақ мамандығын таңдап, жоғары политехникалық колледжге «Төтенше жағдайларда қорғау» мамандығы бойынша оқуға түскен. Осылайша, бір әулеттің кәсіби жолы кейінгі буынға жалғасып келеді. Қызы Елена Робертовна күштер мен құралдарды басқару орталығында радиотелефонист болып қызмет атқарады. Оның міндеті – төтенше жағдай кезінде қажетті күштер мен құралдарды оқиға орнына бағыттап, байланысты үйлестіру. Ал, ұлы Дамир Робертович – Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ауданында бөлімше командирі. Ол өрт сөндіру, адамдарды қауіпті аймақтан эвакуациялау және төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстарына қатысады.

– Ұлым өте жауапты, жұмысы ауыр учаскеде қызмет етеді. Халқы тығыз орналасқан, биік ғимараттары көп ауданда әрбір шақырту үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өрт кезінде ол тікелей құтқару жұмыстарына қатысып, адамдарды аман алып қалуға күш салады, – дейді Роберт Галимжанов.

Әке үшін балаларының бір салада еңбек етуі – мәртебе. Бірақ, олардың күн сайын қауіппен бетпе-бет келуі көңілге алаң ұялатады. Бірі оқиға орнына аттанса, екіншісі көмекке қажетті күштерді бағыттап, байланыс желісінде.

Роберт Галимжанов құтқару саласына Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі күрделі кезеңде келген. Өрт күзетіне жұмысқа орналасқан ол еңбек жолын техникалық жұмыстардан бастап, жеке құраммен бірге қызмет етті. Уақыт өте келе, бұл мамандық оның өмірлік таңдауына айналды.

– Қызметке келгенде адамды құрметтеудің, өзгенің өмірін сақтауға үлес қосудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Адамдардың аман қалғанына куә болғанда, ерекше сезімге бөленесің. Тіпті, жүргізушінің өзі техниканы дер кезінде жеткізіп, құтқару жұмыстарының үздіксіз жүруіне жағдай жасайды. Бұл арада әркімнің еңбегі зор, – дейді ол.

Ұлы өрт сөндіруге аттанғанда немесе қызы кезекшілікке түскенде, әкенің көңілін мазалайтын ойлар аз емес.

– Кейде ұлыммен сөйлескенде, жұмысының қауіпті екенін ойлап, қызметтен кеткенін қалайтын кездерім де болады. Балаң үшін алаңдайсың ғой. Оның өз өміріне де, құтқаруға тиіс адамдарының өміріне де жауапты екенін түсінесің. Кейде үнсіз отырып, бәрі жақсы болуын тілейсің, – дейді әке.

Галимжановтар отбасында мамандық туралы әңгімелер бала кезден айтылады. Қандай оқиға болғаны, қиын жағдайда қалай әрекет ету керектігі жайлы әңгімелер кейінгі буынның түсінігін қалыптастырған.

Құтқарушы мамандығының мәні – қауіп төнген сәтте көмекке келуге дайын болу, жауапкершілікті сезіну және өзгенің тағдырына бейжай қарамау. Құтқарушылар әулеті үшін мамандықтың мәні – ортақ жауапкершілікте, өзара сенім мен қолдауда. Қызметтегі тәжірибе мен отбасындағы тәрбие бір арнаға тоғысып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырады.

Құтқарушылар күні қарсаңында Роберт Галимжанов осы салада еңбек етіп жүрген әріптестеріне және олардың отбасыларына ізгі тілегін арнайды.

– Құтқарушыларға, олардың отбасыларына, ата-аналарына айтар тілегім біреу ғана – ол амандық. Қызметке кеткен әр адам үйіне сау-саламат оралсын. Қауіп-қатерге толы жұмыста денсаулық пен өмірден қымбат ештеңе жоқ, – дейді ол.

Бір әулеттің бірнеше буыны таңдаған құтқарушылық жолы – адам өміріне араша түсуді азаматтық парыз санаған ұстанымның ұрпақтан-ұрпаққа берілуі. Роберт Галимжанов үшін ұлы мен қызының елге қызмет етуі, немересінің де осы мамандыққа қадам басуы – мақтаныш.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button