Бас тақырыпЖаңалықтарСпорт

Алтауынан да «алтын» күтеміз

Черногорияның Будва қаласында бокстан 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалды. Әлемнің үздік жас былғары қолғап шеберлері бас қосатын бәсекеде Қазақстан құрамасының сапында Қарағанды облысының алты боксшысы ел намысын қорғап, бақ сынамақ.

Сурет Қарағанды бокс федерациясынан

Ерлер арасындағы бәсекеде 75 келі салмақ дәрежесінде – Әмір Рамазан, 80 келіде – Тимур Тайбеков, 85 келіде – Руслан Ахметов, қыздар арасындағы бәсекеде 57 келі салмақта – Алина Кудейгенова, 70 келіде – Камила Оспанова, 80 келіде – Айдана Убайдуллақызы ел намысын қорғайды.

Айта кетейік, Тимур Тайбеков – халықаралық және республикалық жарыстарда толайым табысқа қол жеткізіп жүрген жас боксшы. Биыл наурыз айында Таиландтың Бангкок қаласында өткен Әлем кубогының, Индонезияның Джакарта қаласында ұйымдастырылған Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Одан бөлек, былтыр Қызылордада өткен Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарында топ жарған жас спортшы.

Ал, қыздар арасында сынға түсетін Камила Оспановадан да жерлестері алтын күтеді. Өзі былтыр толайым табыстарға қол жеткізген. Атап айтсақ, Иордания астанасы Амманда Азия чемпионатында жеңімпаз атанса, артынша Бахрейннің Манама қаласында ұйымдастырылған III Жасөспірімдер Азия ойындарында топ жарды. Биыл Таиландтың Бангкок қаласында өткен Әлем кубогында күміс жүлдегер атанса, Индонезияның Джакарта қаласында Азия чемпионы болды.

Олай болса, байрақты бәсекеде бақ сынайтын жерлестерге сәттілік тілейміз!

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button