Қарағандының екі шағынауданында газ желілерінің құрылысы аяқталуға жақын
Конституцияда бекітілген азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және қоршаған ортаны қорғау міндеттері аясында Қарағандыда газдандыру жұмыстары жалғасуда. Қаланың «Күнгей» және «Таугүл» шағынаудандарында газ желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Жобаны қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.Бұл туралы Қарағанды қаласының әкімдігі хабарлады.

Алтыншы іске қосу кешені аясында жоғары, орта және төмен қысымды газ құбырлары тартылуда. Жобада желілердің жалпы ұзындығы 202 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта оның 199 шақырымы салынған.

Жеке тұрғын үйлерді газға қосу үшін 5 мыңнан астам нүкте орнату көзделген. Бүгінде соның шамамен 4 500-і дайын. Сонымен қатар қажетті техникалық шешімдер «QazaqGaz Aimaq» компаниясымен келісіліп, газ тарату шкафтарының басым бөлігі әзірленген.

Тамыз айының ортасынан бастап шағынаудан тұрғындары газға қосылуға қажетті техникалық шарттарды ала бастады. Қазіргі уақытқа дейін шамамен 700 техникалық шарт берілген. Құжаттарды рәсімдеу үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» компаниясына жүгіне алады.

Жоба толық аяқталғаннан кейін «Күнгей» мен «Таугүл» тұрғындары үйлерін табиғи газбен жылытуға мүмкіндік алады. Бұл көмірді пайдалануды азайтып, тұрмыстық қолайлылықты арттыруға және қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге ықпал етеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



