Анадолыны Арқа әуені кернеді
Түркияда қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі, халықтың рухани жадында өшпес із қалдырған біртуар өнерпаз Манарбек Ержановтың 125 жылдығына арналған тағылымды мәдени кеш өтті. Халықаралық деңгейдегі іс-шараға Арқадан делегация барды.

архивтер және құжаттама
басқармасынан
Халықаралық мәдени байланыстардың маңызды алаңдарының бірі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының төрінде ұйымдастырылған іс-шара қазақтың дәстүрлі ән өнерін, соның ішінде, Манарбек Ержановтың мол шығармашылық мұрасын түркі дүниесіне кеңінен таныстыруға арналды.
Мерейтойлық кештің ашылу салтанатында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Еркебұлан Сапиев, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов сөз сөйлеп, қазақтың дәстүрлі өнері мен Манарбек Ержанов мұрасының маңызына тоқталды. Алаштың айбоз ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы Манарбек Ержановқа арнаған жырын оқыды.
Кештің көркемдік өзегіне айналған «Арқа Сазы» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы арқылы Сарыарқаның дәстүрлі ән мектебі Анадолы төрінде жаңғырды.
Мәдени кеш аясында ТҮРКСОЙ медальдары табысталып, қазақ мәдениеті мен түркі әлемінің рухани байланысын дамытуға үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді.
Анкараға барған Қарағанды облысының мәдениет саласының өкілдері ұлы күйші Тәттімбет Қазанғапұлының ескерткішіне де арнайы барып, баба рухына тағзым етті. Делегация мүшелері ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



