5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні
Дәуірдің дауылы Алаш жұртының азаттығын тұсаулап, арда ұлдарын абақтыға айдаған қысылтаяң шақта да арыстарымыз ана тілін тұғырдан түсірген жоқ. Елдің еңсесі езіліп, ердің қолына кісен салынған сол бір алмағайып кезеңде Мағжан ақын баба тілін қараңғылықта адастырмайтын «нұрлы жұлдызға» балады. Өйткені, қолдан билік, бастан дәурен кеткенде халықты халық етіп сақтап қалатын соңғы қамал – тіл еді. Алаш арыстары сол қамалды жанымен қорғады. Тілді ұлттың ертеңіне жеткізер аманат деп білді.

Бабалардың үміті ақталды. Азаттықтың ақ таңына жеттік. Қазақ тілінің тынысын тарылтқан темір құрсау жоқ. Керісінше, бабалар аңсаған ана тіліміз төрімізге шығып, заңмен бекітілген мемлекеттік мәртебесіне ие болды. Шұрайлы Ана тіліміздің саумалдай самалы жаһанды аралап кетті.
Жуырда Кеншілер күніне орай Қарағандыда ұйымдастырылған ұлан-асыр концертте соның бір жарқын көрінісіне куә болдық. Мерекелік кешке шамамен 250 мың көрермен жиналды. Отандық эстраданың танымал өкілдерімен бірге әлемдік сахнада мойындалған өнерпаздар ән шырқады. Ал, кештің бас қонағы – Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген еді.
Димаштың дауысын тыңдау үшін Қытайдан, Түркиядан, Ресейден және Еуропаның бірқатар елінен жанкүйерлер арнайы келіпті. Димаш әуелі әлемдік репертуарындағы бірнеше әнін орындады. Бір мезетте Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін әуелетті. Арқа даласында туған асқақ әуен жаңа алаңның үстін түгел кернеп, қалың қауымның жан дүниесін тербеп өтті. Дәл сол сәтте төбеде қалықтаған дрондардың камерасы алдыңғы қатардағы шетелдік жанкүйерлерді үлкен экраннан көрсетті. Олар қазақтың классикалық әнін Димашқа қосылып, әр сөзін ықыласпен қайталап айтып тұр еді.
Осы көріністі көргенде арқа-басым шымырлап, жанарыма жас үйірілді. Операторлардың дәл сол сәтті қалт жібермегеніне іштей риза болдым. Себебі, экраннан бірнеше шетелдік мейман ғана емес, қазақ тілінің бүгінгі өрісі көрінгендей еді. Бір кезде Сәкеннің жүрегінен ән болып төгілген сөзді арада ғасыр өткенде алыстағы елдің өкілі Арқа төсінде қазақша шырқап тұр. Бұдан артық қандай дәлел керек?!
Жанкүйерлер жастар арасында кең тараған «Махаббат бер маған» әніне де қосылды. Сөзін толық білмесе де әнді, әуезін жаттағаны жүздерінен байқалады. Қазақ тілінде айтылған әр жолды іліп әкетуге тырысып, Димашпен бірге шырқады.
Сол кеште сахнадан ән ғана шыр қалған жоқ. Ана тіліміздің мәртебесі аспандап, ширек миллион адамның жүрегін бір арнаға тоғыстырды.
Ана тіліміздің беделі өнер мен мәдениетте ғана емес, кәсіпкерлік саласында да артып келеді. Бұған өңір кәсіпкерлері арасында ұйымдастырылған «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауында көз жеткіздік. Сонда Жанат Абулова есімді кәсіпкер қазақ тілінде жарнама жасау бүгінгі қоғамның талабына айналғанын, сонымен бірге, тұтынушы назарын аударудың тиімді жолы екенін айтты.
– Сауатсыз жазылған жарнама тілді сүйкімсіз етіп көрсетіп қана қоймай, компанияның беделіне нұқсан келтіреді. Ал, беделдің төмендеуі саудаға тікелей әсер етеді. Кәсіптің қарапайым қағидасы бар. Тұтынушы нені қажет етсе, соны ұсынуың керек. Бүгінде халық қазақ тіліндегі сапалы әрі сауатты жарнаманы құп көреді. Мемлекеттік тілге деген құрмет те жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі – өте икемді, бейнелі тіл, – деді кәсіпкер.
Бұл – нарықтың өзі мойындап отырған шындық. Халықтың тіліне құрмет көрсеткен кәсіп халықтың ықыласына да ие болады. Демек, қазақ тілі табыстың да тіліне айналып келеді.
Мағжан ақын «Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!» дегенде, ұлттың ең соңғы үмітін тілге байлаған еді. Алаш арыстары сол нұрлы жұлдызды өшірмей, кейінгі ұрпаққа табыстады. Енді оны көмескілендірмей, жарығын молайту – біздің міндетіміз.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



