Жаңалықтар

Ақыл-ойдың аламаны

Соңғы жылдары өңірде ұлттық зияткерлік ойын тоғызқұмалақтың тынысы кеңейіп, дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бүгінде облыстың барлық ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, Жоғары спорт шеберлігі мектебінде тоғызқұмалақ бөлімдері тұрақты жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан да тоғызқұмалақшылардың республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуына қажетті қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда тоғызқұмалақ – Ұлттық спорт түрлері федерациясының құрамында. Яғни, өзге бірқатар спорт түрлері секілді жеке федерация ретінде дербес құрылым болып бөлек шықпаған. Егер, осы ұлттық ойынның болашағына байыппен қарап, инфрақұрылымын, жарыс жүйесін және спортшыларды қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажеттігін ойласақ, осы тұста назар аударатын тағы бір мәселе көлденең шығады…

Суреттер кейіпкерлердің
жеке мұрағатынан

Қазіргі таңда Қарағанды қаласының өзінде бірқатар мектепте, Балалар мен жасөспірімдер сарайында және балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде тоғызқұмалақ бөлімдері тұрақты жұмыс істеп тұр. Тоғызқұмалақтың қамту ауқымы қала шеңберімен ғана шектелмей, өңірлерде де кеңейіп келеді. Мәселен, бұған дейін арнайы бөлімі болмаған Абай қаласында жаңа үйірме ашылып, жасөспірімдерді ұлттық ойынға баулып келеді.

– Өкінішке қарай, бұл бағытта әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Атап айтқанда, Балқаш пен Приозерск қаласында тоғызқұмалақ секцияларының жұмысы көңіл көншітпейді. Дегенмен, облыстың өзге аудандарында ұлттық ойынға арналған үйірмелер тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Үйірмелердің санын арттырумен қатар, оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базасын нығайту және жас спортшылардың жетістігін жүйелі түрде қолдау да маңызды. Десе де, бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі деген сенім мол, – деді Сәуле Қаратай.

Бүгінде өңірде тоғызқұмалақтан дәріс беріп, жас спортшыларды шыңдап жүрген 55 жаттықтырушы бар. Ұлттық ойынға, әсіресе, жастардың қызығушылығы жыл санап артып келеді. Бұл үрдіс мамандар қатарын толықтыруға да оң әсерін тигізуде. Мәселен, биылдың өзінде бірнеше жас жаттықтырушы жұмысқа қабылданыпты.

– Тоғызқұмалақ – күні бүгінге дейін Ұлттық спорт түрлері федерациясының құрамында. Дербес спорт федерациясы ретінде жеке шықса, ұйымды алға сүйреп, спортшылардың әлеуетін ұштап, бұқаралық спорттан бастап, жоғары жетістіктер спортына дейінгі бағыттарды жүйелі түрде үйлестіре алатын білікті басшы қажет. Бұл – біз үшін әлі де өзекті мәселе. Ұлттық ойынның болашағы оның жанашырлары мен кәсіби мамандарына тікелей байланысты. Сондықтан, тоғызқұмалақтың өз алдына жеке шығып, оның дамуына жауапкершілікпен қарап, осы спорттың өрісін кеңейтуге бар күш-жігерін жұмсайтын іскер әрі бастамашыл тұлғаның болуы да маңызды, – деді тоғызқұмалақтан Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Сәуле Қаратай.

Одан бөлек, аға бапкер халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жас спортшылардың бірқатары арнайы спорттық стипендиядан тыс қалып отырғанын айтады. Ересектер санатында жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға арнайы стипендия тағайындалған. Алайда, жастар санатында ел үмітін ақтап, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшыларға мұндай қолдау әлі көрсетілмеген.

– Тоғызқұмалақ – ерекше төзімділікті, терең сабыр мен темірдей жігерді талап ететін интеллектуалды спорт түрі. Ойын үстінде сағаттап тапжылмай отырып, ел намысын қорғау үшін бар күш-жігерін сарп ететін жас өрендерді ерте бастан ынталандыру – ұлттық спорттың болашағы үшін аса маңызды. Сондықтан, халықаралық және республикалық додаларда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жас спортшыларға да стипендиялық қолдау көрсету мәселесіне назар аудару қажет. Қарағандыда тоғызқұмалақтың өрісі кең, талантты өрендердің қатары аз емес. Ендігі міндет – осы жастардың талабын тежемей, бағын байламай, қабілетін толық ашуына қажетті қолдауды қамтамасыз ету. Ұлттық ойынның ертеңі де осындай жас дарындардың бүгінгі жетістігіне байланысты.

Биылғы 1 шілдеден бастап, спорттың осы түріне қатысты жаңа ережелер ресми түрде күшіне енді. Бұған дейін қыздар командалық және жекелей сайыстарда ұлдармен бірдей дәрежеде бақ сынап, бір тақтада өзара бәсекеге түсетін. Алайда, жаңа регламент бұл тәртіпке елеулі өзгеріс енгізді. Енді қыздар командалық та, жекелей де жарыстарда ұлдарға қарсы ойнай алмайды. Яғни, бұдан былай бәсекелерде қыздар мен ұлдар бөлек жарысатын болады. Бұл өзгерістер жарыс жүйесінің жаңа тәртібін қалыптастырып, спортшыларды даярлау, жарыстарды ұйымдастыруға да бірқатар жаңашылдық әкелетіні сөзсіз, – деді Сәуле Сардарбекқызы.

Бүгінде қаладағы тоғызқұмалақтан үздік нәтиже көрсетіп жүрген білім ордаларының қатарында Н.Нұрмақов және Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, Мағжан Жұмабаев гимназиясы, №79, №74 және №53 жалпы білім беретін мектебі бар. Бұл білім ошақтарының шәкірттері жыл сайын республикалық деңгейдегі жарыстарда бақ сынап, өзара үздіктерді анықтап келеді.

Мағжан Жұмабаев гимназиясында тоғызқұмалақ үйірмесі 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Сол жылдары дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, бірінші дәрежелі жаттықтырушы Нұрхат Тажкеев қолға алып, мектеп оқушыларын ұлттық ойынға баулып келеді.

– Мектеп оқушылары арасында жыл сайын «Ұлттық мектеп лигасы» турнирі ұйымдастырылады. Бұл – командалық сайыс. Қыздар мен ұлдар бөлек бақ сынайды. Ойындар сыныптар арасында жеке-жеке өткізіліп, үздіктер анықталады. Бұдан бөлек, шәкірттерім жекелей чемпионаттарға да қатысып, өз шеберліктерін шыңдап келеді. Осындай бәсекелерде топ жарып, «Спорт шебері» және «Спорт шеберлігіне үміткер» атанған шәкірттерім бар. Қазіргі таңда мектептегі үйірмеге 60-қа жуық оқушы тұрақты қатысады. Олардың арасында алдағы уақытта ірі додаларда топ жарар қабілетті жастар бар. Одан бөлек, қалалық және облыстық деңгейдегі кейбір турнирлерде жүлдегерлерге мадақтама мен медаль ғана табысталатынын көріп жүрміз. Осы ретте жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ынталандыру мақсатында аз да болса ақшалай сыйлық қарастырылса деген ұсынысым бар. Бұл, біріншіден, балалардың еңбегін бағалаудың бір жолы болса, екіншіден, олардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етер еді, – деді Нұрхат Маратұлы.

Сонымен қатар, жаттықтырушы қаладағы барлық мектепте тоғызқұмалақ үйірмесі бірдей жолға қойылмағанын да атап өтті.

– Өңірдегі спорт мектептерінде тоғызқұмалақ қарқынды дамып келеді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жекелей чемпионаттар ұйымдастырып, ұлттық ойынның бұқаралық сипат алуына мүмкіндік жасап отыр. Дегенмен, қаладағы кейбір мектептерде тоғызқұмалақ үйірмесі мүлде жоқ. Ал, кейбір білім ордаларында үйірме жұмыс істегенімен, қажетті құрал-жабдықтар жеткіліксіз. Егер тоғызқұмалақты ұлттық спорттың бір түрі ретінде кеңінен дамытуды көздесек, бұл жұмысты ең алдымен мектептен бастаған жөн. Білім басқармасы мектеп жаттықтырушыларының біліктілігін арттыруға арналған арнайы оқу курстары қарастырылмаған. Біз секілді жаттықтырушылар дене шынықтыру және спорт басқармасы, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арқылы біліктілігін арттырып жүр, – деді Нұрхат Тажкеев.

Бұқар жырау ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бүгінде 61 бала тоғызқұмалақпен тұрақты шұғылданады. Ұлттық спортқа қызыққан жасөспірімдерді жаттықтырушы Ерлан Құрманғалиев баптап, түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындап келеді. Өзі аталған спорт мектебінде 2013 жылдан бері еңбек етіп, осы уақыт аралығында 20 спорт шеберлігіне үміткер, екі спорт шеберін тәрбиелеп шығарған.

Жаттықтырушы өз сөзінде жас спортшылардың тоғызқұмалаққа деген қызығушылығы жоғары екенін айтады. Алайда, олардың шеберлігін шыңдап, жарыс тәжірибесін арттыруға мүмкіндік беретін турнирлердің аздығы алаңдататынын жасырмады.

– 2025 жылы Чехияның Пардубице қаласында өткен әлем чемпионатында Әділхан Төлегенов қола жүлдеге ие болды. Бұл – біздің ең үлкен жетістігіміз. Жалпы, жастардың тоғызқұмалаққа деген қызығушылығы өте жоғары. Осы спортты дамыту бағытында жастарды баулу, спортқа тарту жұмыстары жақсы жолға қойылған. Дегенмен, жастар арасында өтетін турнирлер санаулы ғана. Өңірде жас спортшыларды қолдап, ынталандыру үшін мұндай жарыстардың санын арттыру қажет. Қазір үйірмеге келген балалар жаттығуға тұрақты қатысып, өзара ойнап, шеберліктерін шыңдап жүр. Бірақ, оларды жарысқа қатыстырайын десеңіз, жастар арасында өтетін турнирлер аз. Жарыстар жиірек ұйымдастырылса екен. Кейде «Осы жастардың тоғызқұмалаққа деген қызығушылығын жоғалтып алмаймыз ба?» деген алаңдаушылық болады, – дейді Ерлан Серікұлы.

Әлемдік додаларда көк туымызды көкке көтеріп, ел намысын абыроймен қорғап жүрген жерлестердің қатарында Аңсаған Қожанәсіптің есімі ерекше аталады. Өзі тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Әлем кубогінің жеңімпазы. Бұдан бөлек, ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі, толағай жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Аңсағанның есімі аталғанда, тоғызқұмалақты әулетімен серік еткен ағасы Асылхан мен сіңілісі Балғынның да есімі қатар аталады. Бір шаңырақтан шыққан үш спортшының ұлттық ойынға деген қызығушылығы, табандылығы кейінгі буынға үлгі.

Бүгінде Аңсаған Азаматқызы Шет аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еңбек етіп, өзі жүріп өткен жолды жас спортшыларға үйретіп келеді. Алда Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап, көк туымызды көкке көтеруге ниетті. Қазір спортшы Қаскелең қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында алдағы жауапты додаға қызу дайындық үстінде.

– Тоғызқұмалақпен 2010 жылдан бері айналысамын. Менен бұрын бұл спорт түрімен ағам Асылхан шұғылданатын. Тоғызқұмалаққа келуіме де сол ағам себепкер болды. Қазір ағам – жеке жаттықтырушым. Бүгінде облысымызда тоғызқұмалақтан көзге түсіп жүрген жас спортшылар аз емес. Меніңше, олардың шеберлігін шыңдап, ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыру үшін ауқымды жарыстардың болғаны дұрыс. Мәселен, «Қазақстан барысы» турнирі секілді тоғызқұмалақтан да «Қазақстан зияткері» сынды республикалық деңгейдегі ірі бәсекені жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұрса, бұл спорттың дамуына үлкен серпін берер еді.

Биыл үшінші рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқалы отырмын. Алғаш рет 2018 жылы Қырғызстанда өткен III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бақ сынап, күміс жүлдеге ие болдым. Ал, 2024 жылы Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алдым. Ендігі мақсатым – алдағы додада да ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орыннан көріну, – деді Аңсаған Азаматқызы.

Ұлттық ойынды қолдау мен құрмет тек жарыс кезінде көк туды көтеріп, жеңімпазды марапаттаумен өлшенбеуі керек. Нағыз қолдау – спортшының алғашқы қадамынан бастап, соңына дейін жанынан табылу, жаттықтырушыларға жағдай жасап, жас спортшыларды ынталандыру. Үздікті үкілеп, секция санын арттыру. Мұның бәрі тоғызқұмалаққа емес, ұлттық спорттың ертеңіне жасалған инвестиция деп түсінген абзал. Сонда ғана ұлттық спорттың айбыны асқақтап, абыройы арта түсері хақ.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button