Бас тақырыпСпорт

“Шахтер” ойыншылары кеншілер даңқына тағзым етті

Қарағандының мақтанышына айналған «Шахтер» футбол клубы Кеншілер күніне арналған мерекелік іс-шаралар легін бастап кетті. Айтулы күн қарсаңында клубтың негізгі құрамы, жастар командасы мен академия тәрбиеленушілері қаладағы Орталық саябақта орналасқан «Кеншілер» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кенші еңбегіне құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Костенко шахтасындағы «Шахтер даңқы» монументіне және Мәдениет үйі алдындағы кеншілер ескерткішіне арнайы барып, тағзым етті.

Суреттерді түсірген автор

Ұжымды клубтың бас бапкері Андрей Финонченко мен команда капитаны Игорь Шацкий бастап келді. Олар жастарға үлгі көрсетіп, кеншілердің ерен еңбегіне құрмет көрсету – туған өлкенің тарихы мен дәстүріне тағзым етудің жарқын көрінісі екенін баса айтты.


– Қаланың басты символына айналған «Шахтер» футбол клубы мен кеншілер қауымының арасында терең, ажырамас байланыс бар. Кезінде ауысымнан шаршап шыққан жұмысшылардың жанына демеу, көңіліне демеу болатын жалғыз қуанышы – футбол еді. Команданың «Шахтер» деп аталуының өзінде осы бір тарихи сабақтастық пен өндірісті өңірдің рухы жатыр. Бүгінде клуб сапына сырттан келген әрбір футболшы команда атауының астарында қаншама шахтердің маңдай тері мен еңбегі тұрғанын біледі. ​Осындай тарихи мен маңызды дәстүрлерді дәріптейтін танымдық әрі әлеуметтік іс-шараларды тұрақты өткізудің мәні зор. Бұл – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына еңбекқорлық пен патриотизмді сіңіріп, қарапайым еңбек адамын бағалауға тәрбиелеудің төте жолы. Шахтер шаһарының жастары өз өңірінің тарихын біліп, еліне елеулі үлес қосқан аға буынның ерлігін әрдайым мақтанышпен еске алуы тиіс, – деді капитан Игорь Шацкий.

Алдағы уақытта мерекелік іс-шаралар легі жалғаса бермек. Клубтың медиа-директоры Бекежан Ардақұлы «Шахтер» академиясының тәрбиеленушілері кәсіпорындарға арнайы барып, кеншілердің күнделікті еңбегімен жақынырақ танысып, өндіріс орындарына экскурсия жасайтынын жеткізді. Бұл бастаманың жас футболшыларға кенші мамандығының жауапкершілігі мен маңызын тереңірек түсініп, туған өлкенің еңбек дәстүрін тануға мүмкіндік беретінін баса айтты.

– Бұл бастаманың басты мақсаты — клуб сапындағы жас футболшыларға өңірдің бай тарихын ұғындырып, шахтер кәсібінің қадір-қасиетін дарыту. Бұдан бөлек, академия мен қыздар командасы «Қарағандыкөмір» мен «Qarmet» кәсіпорындарына арнайы экскурсия жасап,  өндіріс тынысымен жақын танысады. ​Мерекелік апталық спорттық бәсекелер мен ардагерлерге ізет білдіру шараларына ұласады. Екінші лига аясында өтетін «Шахтер» мен «Ертіс» клубы арасындағы кезекті матч та кеншілер тақырыбына арналмақ. Матч басталмас бұрын көпжылдық еңбек өтілі бар өндіріс ардагерлеріне арнайы клубтық формалар табысталып, құрмет көрсетіледі, – деді ол.

Айта кетейік, мереке қарсаңында «Шахтер» ФК және «Qarmet» ұжымы ардагерлерінен жасақталған төрт команда арасында жолдастық тартысты турнир өтеді.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button