Жаңалықтар

Қарағанды облысында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын кеңейту жоспарланып отыр

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын кеңейту мақсатында Балқаш қаласы, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында үш жаңа субаймақ құрылмақ.

Сурет облыс әкімдігінен

Жаңа аумақтарда инвесторларға инженерлік инфрақұрылымы дайын жер учаскелері ұсынылады. Бұл өңірге жаңа инвестициялық жобаларды тартуға және кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.

Соның ішінде Балқаш пен Қарқаралыдағы субаймақтар туризм саласына бағытталады. Балқашта қонақүйлер, мейрамханалар, демалыс орындары мен заманауи қызмет көрсету нысандарын салу көзделген. Алғашқы кезеңде бұл бағытқа 26,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Қарқаралы ауданында экологиялық, этнографиялық, сауықтыру және спорттық туризмді дамытуға басымдық беріледі.

Ал, Бұқар жырау ауданында, Севан ауылы маңынан көлемі 40 гектар болатын өнеркәсіптік субаймақ құрылмақ. Мұнда жалпы 10 жаңа өндірістік жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button