Аймақ

Қарағанды облыстық «Сенімен Болашақ» филиалына жаңа басшы тағайындалды

Қарағандыға «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Шәкизат Қаратайұлы арнайы жұмыс сапарымен келіп, әріптестерімен кездесті. Кездесу барысында бірлестіктің негізгі мақсат-міндеттері мен қоғамдық ұстанымдарына кеңінен тоқталып, ұйым жұмысының өзегіне айналған құндылықтар мен философиялық бағыттарды тарқатып айтып берді. Әрі бірлестіктің Қарағанды облыстық филиалының жаңа басшысы Хабиба Дақынованы таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Суреттер ұйымдастырушылардан

«Сенімен Болашақ» РҚБ – ұлттық, діни немесе саяси ұстанымдарға жіктелмей, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды басты мұрат еткен бірегей қоғамдық ұйым. Ұйымның негізін қалаушы Нұркен Жарылқапов философиялық тұжырымдамасында азаматтық сана, адамдық қасиет пен қоғамдық жауапкершілік айрықша орын алатынын қадап айтқан болатын. Бүгінде осы ұстанымдар бірлестіктің қызметтік бағытын айқындап, әр бастаманың өзегіне айналып отыр. Кездесу барысында тараптар өңірдегі қоғамдық жұмыстарды жүйелі түрде дамыту, отбасы құндылықтарын дәріптеу және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

– Біз үшін барлық өңірде міндетті түрде филиал ашу басты мақсат емес. Әр аймақтың әлеуметтік ахуалы мен өзіне тән мәселелеріне қарай жұмыс жүргіземіз. Ең алдымен, өңір тұрғындары арасында сауалнама өткізіп, нақты қажеттіліктерді зерделейміз. Соның негізінде тиісті жобалар мен бастамаларды жүзеге асырамыз. Қазір әр өңірде ата-аналарға арналған семинар мен тренинг ұйымдастырылып, түрлі әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Бүгінде ұйым құрамында «Саналы ата-ана академиясы», «Сенімен оқу» ағартушылық бағыты, сондай-ақ психологиялық қолдау және отбасылық медиация орталықтары белсенді жұмыс істейді. Мәселен, Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты жанында жас отбасыларға қолдау көрсету, ажырасудың алдын алу және психологиялық кеңес беру бағытындағы жобалар нәтижелі жүзеге асырылып келеді, – деді Шәкизат Қаратайұлы.


Сонымен қатар, репродуктивті тәрбие, жас жұбайларды отбасылық өмірге дайындау, суицид пен лудоманияның алдын алу бағыттарында 21-ден астам әлеуметтік жоба қолға алынған. Бұл бастамалар жастар мен отбасылардың әл-ауқатын арттыруға, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алуға бағытталған. Шәкизат Қаратайұлы Қарағанды облысында да осы бағыттағы жұмыстардың жаңа қарқынмен жалғасатынына сенім білдіріп, Хабиба Аманғазықызының жетекшілігімен ауқымды жобалар жүйелі жүзеге асырылатынын атап өтті.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, әнші Меруеш Башай да сөз алып, қоғамдық сектордағы қызметтің оңай еместігін жеткізді.

– Соңғы жылдары қоғамдық жұмысқа араласуды тек материалдық пайда табумен байланыстыратын теріс түсінік кездесіп жатады. Өкінішке қарай, «Бұл жұмыстан маған қандай пайда бар?» деген көзқарас жиі бой көрсетеді. Ал, шын мәнінде, азаматтық қоғамды дамыту – ақылы қызмет емес. Оған біз ағартушылық бағыт, жастарға жол көрсету және шетелдегі отандастарымызды қолдау сияқты салмақты идеологиялық міндет кіреді. Мәселен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығындағы көпжылдық тәжірибе де осы ақысыз, бірақ халыққа пайдалы еңбектің айқын дәлелі. Сонымен қатар, қазіргі ақпараттық қоғамда ұйымдардың жұмысын насихаттау және заманауи медиа құралдарын тиімді пайдалану – басты талаптардың бірі. Атқарылып жатқан ауқымды істер халыққа дер кезінде және жүйелі түрде жетуі тиіс. сондықтан, әлеуметтік желі арқылы дұрыс ақпарат таратуымыз қажет. Әлеуметтік желідегі әрбір пікір, қолдау мен белсенділік қоғамдық бастамалардың өміршеңдігін арттыратын маңызды фактор, – деді ол.


Кездесу барысында бірлестік мүшелері де сөз алып, көкейде жүрген мәселелерін ортаға салды. Әрі алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа жобалары мен бастамаларын таныстырды. Ендеше, өңірде қолға алынатын жаңа бастамалар ел игілігіне қызмет етіп, қоғамдық жұмыстың ауқымын кеңейте түседі деген сенім бар.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button