ЖаңалықтарБас тақырып

«Бар жақсылық – балаларға»

Әрбір бала сапалы білім алуы тиіс. Әсіресе, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларын қолдау – мемлекет назарындағы маңызды міндеттің бірі.Осы мақсатта облыста 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» акциясы жалғасады.Акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға жан-жақты көмек көрсету, мектепке толық дайындау.

Суреттерді түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Сыздықовтың айтуынша, жаңа 2026-2027 оқу жылында өңір мектептерінде 175 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде, 15 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданған. Сондықтан, білім беру ұйымдарының, ата-аналардың және қоғамның ортақ міндеті – әрбір баланың жаңа оқу жылын уақытылы, жайлы бастауына жағдай жасау.

Акция аясында облыста бірқатар қайырымдылық және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, «Балаларға жақсылық сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлық», «Отбасы отбасына көмектеседі: Баланы мектепке бірге даярлайық!» қайырымдылық акциялары өтеді.

Сонымен қатар, «Түнгі қаладағы балалар» және «Қамқор» профилактикалық рейдтері балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау жұмыстары күшейтіледі.

Бұдан бөлек, облыстың барлық қала және ауданында отандық өндірушілер мен кәсіпкерлердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері өткізіледі. Онда ата-аналар мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын қолжетімді бағамен сатып алады.

Акция аясында мемлекеттік материалдық көмек көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардың балаларына, сондай-ақ, білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушыларға көрсетіледі.

Ал, өзге санаттарға жатқызу қиын өмірлік жағдай туындаған кезеңге ғана, бірақ бір тоқсаннан аспайтын мерзімге жүзеге асырылады. Бұл тәртіп Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №192 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүргізіледі.

Биыл мемлекеттік қолдау көрсету тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 12 наурыздағы №165 қаулысына сәйкес отбасының табысын тексеру рәсімі толықтай цифрлық форматқа көшірілді.

Енді ата-аналарға мектепке табысы туралы қағаз анықтамалар өткізудің қажеті жоқ. Отбасының материалдық жағдайына қатысты барлық мәлімет «Отбасының цифрлық картасы» мен мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы Ұлттық білім беру деректер қорына автоматты түрде енгізіледі.

Осы ақпарат негізінде жүйе отбасының табыс деңгейін және мемлекеттік қолдау алуға құқығын автоматты түрде анықтайды. Бұл мемлекеттік көмекті тағайындау рәсімінің ашықтығын, жеделдігін және қолайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Мейіржан Сыздықовтың айтуынша, 2026 жылы мектепке дайындыққа арналған біржолғы төлемнің мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Қаражат ата-аналардың немесе заңды өкілдердің банк шоттарына тікелей аударылады.

Бұл ата-аналарға мектеп формасын, аяқ киім мен қажетті оқу құралдарын өз таңдауы бойынша сатып алуға мүмкіндік береді.

Материалдық көмекке қатысты барлық мәселелер бойынша ата-аналар баласы білім алатын мектеп әкімшілігіне жүгіне алады.

Облыстың барлық қала-аудандарында арнайы мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылып, мектепке қажетті тауарлар төмендетілген бағамен ұсынылады.

Білім басқармасы өңір тұрғындарын «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысуға шақырады. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға көрсетілген кез келген көмек – мектеп құралдары, киім-кешек, аяқ киім немесе қаржылай қолдау – олардың жаңа оқу жылына сапалы дайындалуына зор үлес қосады.

Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға қатысты сұрақтар туындаса тұрғындар 50-25-00 және 50-45-25 «жедел желі» телефондарына, білім басқармасының ресми Telegram-арнасы арқылы жүгіне алады.

Бұдан бөлек, облыстың барлық білім бөлімдерінде де «жедел желілер» жұмыс істейді. Азаматтардың өтініштерін жедел қарау үшін ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшаларда бөлім басшыларының байланыс деректері орналастырылған.

– Біздің ортақ мақсатымыз – әрбір баланың 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын толық дайындықпен аттауына, мемлекет пен қоғамның қамқорлығын сезінуіне және сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау, – дейді Мейіржан Сыздықов.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button