«Шахтер» футбол клубы жаңа академиясының құрылысы жалғасуда
Қарағандыда қарқын алған «Шахтер» футбол клубының жаңа академиясының жобасы өңірде футбол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Осы орайда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Freedom QJ League президенті Рохус Шох академияның құрылыс алаңын аралады. Жоспарға сай жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

10 гектар аумақта орналасатын орталықта 3,5 мың орындық стадион, жабық манеж, жаттығу алаңдары, оқу сыныптары, жатақхана, медициналық блок және бассейн қарастырылған. Жобаны Freedom Holding Corp компаниясы қаржыландыруда.

Сонымен қатар «Шахтер» және «Локомотив» стадиондарын жаңғырту жұмыстары да жүріп жатыр.

Қазіргі таңда стадионында жарықтандыру жұмысы жүргізіліп, инфрақұрылым мен алаң жаңартылуда.

Ермағанбет Бөлекпаев стадиондарды жаңғырту кезінде жанкүйерлерге қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

– Егер мұнда турнирлер өткізілетін болса, сапалы көрермен мінберлері де болуы керек. Оларды қай жерге орналастырған тиімді екенін қарастырып, шатырмен жабдықтаңыздар. Келесі жылы аумақты толық абаттандырып, жүгіру жолақтарын салыңыздар. Айналаның барлығы жаңа алаңның деңгейіне сай болуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Жаңа спорт нысандары Қарағандыда футболды дамытуға және жас спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



