Жаңалықтар

Comic Con Astana 2026 фестивалі үздіктерді таңдайды

Comic Con Astana 2026 бағдарламасы аясында халықаралық косплей байқауы өтеді. Қатысушылардың жұмысын косплей индустриясының танымал өкілдері мен халықаралық байқаулардың жеңімпаздарынан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі германиялық шығармашылық дуэт – Kamui Cosplay бар. Олар әлемдік косплей индустриясының көшбасшыларының бірі саналады және жоғары деңгейде нақышталған костюмдер жасаумен танымал.

Сондай-ақ қазылар алқасына кәсіби косплейші, Еуропадағы ең танымал косплей өкілдерінің бірі әрі ірі халықаралық косплей фестивальдерінің төрешісі Leon Chiro енді.  Қатысушылардың жұмысын халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Sazura, Zakos Crowman, Таис Туканова және Анна Brickus та бағалайды. Оларға Comic Con Astana 2025 фестивалінің Гран-при иегері Эмилия Grafomanka қосылады.

Халықаралық косплей байқауы жыл сайын түрлі елдерден келген қатысушылардың басын қосады. Биыл оның жүлде қоры 20 миллион теңгені құрап, өңірдегі ең ірі косплей турнирлерінің біріне айналмақ.

Қазіргі заманғы поп-мәдениетке арналған бесінші халықаралық Comic Con Astana фестивалі Қазақстан астанасында 2026 жылғы 6-9 тамыз аралығында Barys Arena және «Алау» мұз сарайында өтеді.

Фестивальдің хедлайнерлері – «Тақтар ойыны» жұлдызы Николай Костер-Вальдау, Peaky Blinders («Өткір қалпақтылар») сериалындағы Артур Шелби рөлімен танылған Пол Андерсон, сондай-ақ Netflix-тің One Piece сериалының актерлері Иньяки Годой мен Таз Скайлар. Төрт актер де фестивальдің басты сахнасында өнер көрсетіп, жанкүйерлердің сұрақтарына жауап береді және қолтаңба мен фотосессияларға қатысады.

Фестиваль аясында Қазақстандағы Silk Way Star халықаралық телевизиялық вокалдық байқауында Корея Республикасының атынан қатысқан оңтүстіккореялық Kandis K-pop тобы да өнер көрсетеді. Жоба барысында топ «Кеш мені» әнін корей тілінде орындап, кең танымалдыққа ие болды.

Comic Con Astana қонақтарын ауқымды көрме аймағы, ойын алаңдары, жаңа өнімдердің таныстырылымдары, интерактивті стендтер, тақырыптық іс-шаралар, сондай-ақ қолтаңба және фотосессиялар күтеді.

Фестивальдің басты сахнасы мен хедлайнерлермен кездесулер Barys Arena аумағында ұйымдастырылады. Ал «Алау» мұз сарайында арнайы тақырыптағы аймақтар, компаниялар мен серіктестердің стендтері, ойын кеңістіктері, таныстырылымдар және интерактивті алаңдар орналасады.

Астана қаласының әкімдігі

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button