Қарағанды жұртшылығы Тоқтар Әубәкіровті құрметпен қарсы алды
Қарағанды облысы – ғарыш тарихында өзіндік орны бар қасиетті мекен. Ғарыш сапарын аяқтаған қаншама экипаждар дәл осы өңірге қонды. Мұнда олар алғашқы медициналық тексеруден және ғарыштағы ұзақ сапардан кейінгі оңалту шараларынан өткен. Ғарыш кеңістігін игеру тарихымен сабақтас өлке жұртшылығы Қазақстанның Халық Қаһарманы, көрнекті қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіровті зор құрметпен қарсы алды. Батыр бастаған делегация мүшелері «Ғарышты бағындырушылар» мемориалына арнайы барып, адамзат өркениетінің көкжиегін кеңейткен, ерлігімен, қайсар рухымен және ғылымға деген адалдығымен тарихта өшпес із қалдырған ғарышкерлер рухына құрмет көрсетті.

Орталық аллеяның қос қапталында Қарағанды гарнизонының 120 әскери қызметшісі, Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 ардагері мен 10 интернационалист-жауынгер сап түзеп, ел Қаһарманын айрықша құрметпен қарсы алды.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, полковник Бағлан Өсербаев сөз сөйлеп, батырға жылы лебіз білдірді.

– Тәуелсіз еліміздің айбынын асқақтатқан біртуар перзент, қазақ халқының мақтанышы ретінде есіміңіз тарихта алтын әріппен жазылды. Жұмыр жердің шегінен асып, туған халқымыздың ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырдыңыз. Байтақ Қазақстанды барша әлемге таныттыңыз. Ел-жұртыңыз сізді тек әйгілі ғарышкер ретінде ғана емес, көрнекті қоғам қайраткері әрі шынайы отансүйгіш азамат деп бағалайды.
Ғарышты бағындырған тарихи ерлігіңіз ел санасынан, халық жүрегінен мәңгі өшпейтін өнеге. Адал еңбек пен мұқалмас жігердің арқасында кез келген асқақ арманға жетуге болатынын өз ісіңізбен дәлелдеп, кейінгі жастарға теңдесіз темірқазық болдыңыз. Сіз бағындырған биіктер – әрбір отандасымыздың жүрегіне мақтаныш ұялатар ортақ жеңіс, – деді Бағлан Әбдіжәлелұлы.

Шарада батыр «Ғарышты бағындырушылар» мемориалына арнайы гүл шоғын қойды. Ғарыш кеңістігін игеру жолында өлшеусіз еңбек сіңірген жандардың рухына тағзым етті.

Тағылымды рәсімнен соң сөз сөйлеп, құрмет көрсеткен Қарағанды жұртына жүрекжарды алғысын білдірді.

– Бүгінгі мерейтой қарсаңында барша Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ардақты ағаларымыз бен қадырлы қонақтарымызды көріп, көңілім тасып тұр. Кеншілер өлкесінің меймандостығына, айбынды әскеріміз бен ел-жұрттың ыстық ықыласына дән ризамын. Жасы үлкейген ақсақалға осындай құрмет көрсетіп, қошемет білдіру – халықтың еңбекке берген шынайы бағасы мен бақыттың көрінісі болса керек. Осындай ыстық жүздесу сәтін сыйлағандарыңыз үшін терең алғысымды білдіремін. Тұңғыш болып белгісіздікке қадам басып, адамзатқа ғарыш әлемін ашқан заңғар тұлға Юрия Алексеевич Гагариннің ескерткіші алдында тұру – үлкен толқыныс. Жер шарындағы әрбір бала, әрбір адам карапайым орыс жігітінің есімін жатқа біледі. Бүгін қасымызда тұрған әлем ғарышкерлері мен астронавттары – соның жарқын дәлелі. Великий Гагарин салған сара жолмен қайда барсақ та, әлемнің қай бұрышында да бізді зор құрмет, қошемет әрі шынайы достықпен қарсы алады.
Біз сіздердің, халықтың қолдауына сүйене отырып, ғарышқа сапар шектік. Алайда бұл ерлік – бүкіл адамзаттың игілігі үшін жасалған қадам. Бүгінде ғарышкерлер атқарып жатқан әрбір еңбек адамзаттың жарқын болашағына арналады. Қазiргi таңда әлемде саяси қайшылықтар көбейгенімен, ғарышнама – өзінің тұтастығы мен біртұтас миссиясын сақтап қалды. Бүгін де орыс пен америкалық бір кемеде иық тірестіріп отырады, орыс пен жапон ғарышкерлері бір халықаралық станцияда бірге еңбек етеді. Себебі, ғарыш – ешқандай антагонизм мен араздыққа орын жоқ, тек бейбітшілік, достық пен ғылым салтанат құратын мекен. Ғарышнама жердегі ғалымдар негізін қалаған ғылымды әрі қарай дамытып, өмірге жол тартады, – деді Тоқтар Оңғарбайұлы.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



