АймақҚұрылтайШет

Құрылтай сайлауы – ел болашағына ортақ жауапкершілік

Кез келген мемлекеттегі сайлау жүйесі – демократиялық қоғамның басты қағидаттарының бірі. Ол азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі тетігі болып саналады. Әрбір сайлау халықтың еркін білдіріп, елдің саяси даму бағытын айқындайтын маңызды қоғамдық-саяси науқан. Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысына сәйкес 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауы өтеді. Осыған орай Шет аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берікбол Дәулетұлымен сұхбаттасқан едік.

Сурет автордан

Берікбол Дәулетұлы, алдағы еліміздегі Құрылтай депутаттары сайлауының маңызы туралы айтып өтсеңіз.

–  Сайлау әр уақытта азаматтарымыздың Ата Заңымызда көрсетілген бірден-бір таңдау құқығы. Олардың өз еркін білдіріп қана қоймай, мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі тетігі ретінде рөлі ерекше. Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы да еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи оқиға. Бұл сайлау арқылы халқымыз өз таңдауларын жасап, елдің қоғамдық даму үдерісіне үлестерін қосады. Сондықтан әрбір сайлаушының белсенділігі мен азаматтық ұстанымы ерекше маңызды.

Шет ауданында сайлауға дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Қазіргі уақытта ауданымызда сайлауға дайындық жұмыстары бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудан аумағында 1 аумақтық және 48 учаскелік сайлау комиссиясы өз жұмыстарын атқарады. Әзірге комиссия мүшелері әдістемелік оқыту семинарларына қатысып, оларға заңнамадағы талаптар мен жаңашылдықтар жан-жақты түсіндірілуде. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, дауыс беру учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы пысықталып, мүгедектігі бар сайлаушылардың кедергісіз сайлауға қатысуларына қажетті жағдайлардың барлығы қамтамасыз етілуде.

Сайлаудың ашық әрі әділ өтуі қалай қамтамасыз етіледі?

– Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына сәйкес сайлау ашықтық, жариялылық және заңдылық қағидаттары негізінде ұйымдастырылады. Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде байқаушылар мен саяси партиялардың сенім білдірілген адамдары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуларына болады. Сайлау комиссиялары өз қызметін үнемі заң талаптарына сәйкес жүзеге асырады. Біздің басты міндетіміз – әрбір азаматтың дауыс беру құқығын қамтамасыз етіп, сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне жағдай жасау.

Сайлаушыларға айтар тілегіңіз?

– Барша аудан тұрғындарын алдағы 23 тамыз күні өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Әрбір дауыс маңызды. Сондықтан аудан тұрғындары өздерінің азаматтық ұстанымдарын танытып, ел болашағына бейжай қарамай, сайлауға белсенді қатысады деп сенемін.

Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан
Мейрам ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ
«Shet shuǵylasy» газетінің редакторы,
Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі

 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button