Қарағандыда ветеринария саласының үздіктері марапатталды
Бүгін – Ветеринария саласы қызметкерлерінің күні. Осыған орай облыс әкімдігінде сала мамандары мен ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, сала үздіктері марапатталды. Еске салалық, атаулы кәсіби мереке Қазақстан Республикасында үшінші жыл қатарынан аталып өтуде.

Салтанатты жиында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков пен Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов ветеринария саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғам алдындағы жауапты миссиясына тоқталып өтті.

– Мал шаруашылығының өркендеуі – елдің әл-ауқаты мен денсаулығының негізі. Ал, сол саланың берік тірегі – өз ісіне адал мамандар. Сіздер күн сайын төрт түліктен тарайтын түрлі аурулардың алдын алып, халықтың денсаулығын қорғауға үлес қосып келесіздер. Ерен еңбектеріңіз, табандылықтарыңыз бен кәсібиліктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Руслан Кенжебеков.

Өңірде ветеринария қызметін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мәселен, тек соңғы үш жыл ішінде бес модульдік ветеринариялық бекет салынып, аудандық және қалалық ветеринариялық стансаларға 78 арнайы автокөлік пен биологиялық препараттарды сақтауға арналған 60 тоңазытқыш берілді. Биыл тағы 70 жаңа ветеринариялық пункт пайдалануға беріледі деп көзделуде.

Кәсіби мерекесінде атаулы салаға сіңірген еңбегі үшін бірқатар мамандар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Қарқаралы ауданы Ынталы ауылының ветеринар дәрігері Сәуле Жидебаева «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болса, «Еңбек ардагері» медалі Бұқар жырау ауданы Ростов ауылдық округінің ветеринария маманы Қайрат Аршкеновке табысталды. Ал, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі Шахтинск қалалық ветеринариялық стансасы филиалының директоры Амангелді Байтасовқа, Нұра аудандық ветеринариялық стансасы Заречный ауылдық округіндегі ветеринариялық пункт меңгерушісі Нұрбек Жармағанбетовке, Шет аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Жанболат Түсіповке және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Нұра аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Анна Шестюкке табысталды. Мұнымен бірге, ветеринария саласының бірқатар қызметкерлері Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Иә, еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Өз кәсібіне адал ветеринар мамандарының мерекеде марапатталуы – олардың қоғам алдындағы еңбегіне берілген әділ баға. Сәйкесінше сала қызметкерлеріне көрсетілген құрмет, тұтастай алғанда ауыл шаруашылығының дамуына қосылған үлесті бағалаудың айқын белгісі болса керек.

– Ветеринария – жойылмайтын, қайта уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін асыл мамандық. Өйткені, мұндай сала төрт түліктің саулығын ғана емес, халықтың денсаулығы мен азықтүлік қауіпсіздігін де қоса қорғайды. Ветеринардың еңбегі кей-кейде көзге көрінбейді. Бірақ, оның нәтижесі әр шаңырақтың дастарқанынан көрінеді. Бізге көрсетілген шынайы құрмет ақ адал еңбегімізге деген алғаусыз алғыс болар. Барлық әріптестерімізді кәсіби мерекесімен құттықтаймын! – деді ағынан жарыла сала қайраткері Жанболат Түсіпов.



