АймақБас тақырыпҚарағанды

Көгілдір отын көптің игілігі

Бүгінде Қарағанды облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Соның айқын дәлелі – Қарағанды қаласында 10 мыңыншы отбасының үйіне көгілдір отынның қосылуы. Осы маңызды оқиғаға орай «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Владислав Кисиков аталған отбасының шаңырағына арнайы барып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. Сонымен қатар, газ желісінің қауіпсіз пайдаланылуына қатысты талаптардың сақталуын тексеріп, тұрмыстық газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін тағы бір мәрте түсіндірді.

Суреттерді түсірген автор

Сонымен қатар, Владислав Мухаметович «QazaqGaz Aimaq» АҚ тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, цифрлық сервистерді дамытуға және табиғи газды есепке алудың зияткерлік технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар аясында компания тұтынушыларға арналған «QazaqGaz Aimaq» мобильді қосымшасын әзірлеген. Қосымша арқылы абоненттер газ есептегішінің көрсеткіштерін онлайн жолдап, жеке шотындағы есептеулерді, жүргізілген төлемдерді,  төлем тарихын қадағалай алады екен.

– Тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында газ есептегішінің көрсеткіштерін eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жолдау мүмкіндігі де іске қосылды. Бұл қызметтің арқасында абоненттер көрсеткіштерді абоненттік бөлімшелерге бармай-ақ, қашықтан ұсына алады. Сонымен қатар, заңды тұлғаларға көрсетілетін қызметтер де кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр. Атап айтқанда, тауарлық газды жеткізуге арналған шарттарды электронды форматта рәсімдеу мүмкіндігі енгізілуде. Цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі – eQural газды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу. Жоба шеңберінде Қарағанды және Ұлытау облысының тұтынушыларына телеметрия функциясы бар смарт-газ есептегіштері тегін орнатылады. Орнатылатын құрылғылардың барлығы Қазақстанда өндірілген. Өлшеу құралдарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген және қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес келеді. Заманауи смарт-есептегіштер тұтынылған табиғи газ көлемін автоматты түрде тіркеп, көрсеткіштерді телеметрия жүйесі арқылы жібереді. Бұл деректерді қолмен енгізу қажеттілігін азайтып, есепке алу дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Владислав Кисиков.

2 шілдедегі мәліметке сәйкес, көгілдір отынға қосылған тұтынушылар саны 10 мыңға (жеке тұрғын үй) жетті. Оның ішінде Қарағандыда – 5 607, Теміртауда – 2 375, Жезқазғанда 2 018 отбасы табиғи газды пайдаланып отыр. Ал, Қарағанды қаласындағы Қостанай көшесі, 11-үйдің тұрғыны Жангелді Қорабаев мерейтойлық 10 мыңыншы тұтынушы атанды. Ол бұл шаңыраққа үш жыл бұрын қоныстанған. Қостанай көшесіне табиғи газ биыл ғана жеткізілсе, үйіне көгілдір отынды маусым айында тартыпты. Үй иесінің айтуынша, бұған дейін баспанасын жылыту үшін көмір пайдаланған. Енді көгілдір отынның арқасында тұрмысы едәуір жеңілдеп, үйді жылыту мен күнделікті тіршіліктің қолайлы бола түскенін айтады.

– Көгілдір отын көшемізге жеткен бойда үйімізге бірден тарттық. Содан бері тұрмысымыз айтарлықтай жеңілдеді. Бұрын жылыту маусымында 10 тоннаға жуық көмір пайдаланатынбыз. Оның үстіне көмір тасу, от жағу, күл шығару, пешті күні бойы бақылап отыру бәрі қосымша жұмыс еді. Бұрын жұмысқа кетерде үйдің жылуы төмендеп кетпей ме деп алаңдайтынбыз. Қазір ондай уайым жоқ. Газ қазандығы толық автоматтандырылған. Қажетті температураны қойсақ, жүйе оны өзі тұрақты ұстап тұрады. Көмірмен жылытқан кезде үйдің температурасын бірқалыпты сақтау қиын болатын. Ал, газ жабдығы белгіленген режимді өздігінен реттейді. Бұл әрі ыңғайлы, әрі қауіпсіз. Газ үшін төленетін ай сайынғы төлем үйдің көлемі мен оның жылу оқшаулауына байланысты. Көршілердің айтуынша, орташа есеппен 12-20 мың теңге шамасында болады. Қазір біздің көшедегі тұрғындардың барлығы көгілдір отынға қосылған. Бұл жобаны көптен күткен едік. Газды бес жылдан астам уақыт пайдаланып келе жатқан туыстарымыз да бар. Олардан осы уақытқа дейін ешқандай шағым естіген емеспіз, – деді Жангелді Аршанұлы.

Жалпы, тұрмыста қолданылатын газ қазандықтарының екі түрі бар. Оның бірі еденге орнатылса, екіншісі қабырғаға бекітіледі екен. Ал, Жангелді Аршанұлы үйіне қабырғаға бекітілетін қазандықты таңдаған. Өзі бұл құрылғы ықшам болғандықтан көп орын алмайтынын, әрі пайдалану мен күтіп ұстауға да қолайлы екенін баса айтты.

Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button