АймақРесми

Университет – ғылым, технология және өңір дамуының тірек нүктесі

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі ғылым, жоғары білім және инновациялар жүйесінің дамуының жаңа кезеңін ашты. Адами капиталды дамыту, білім беру сапасын арттыру, ғылым мен инновацияны қолдау мемлекет қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Университеттер үшін бұл – атқарып отырған миссиямыздың маңызын мойындау ғана емес, қоғам, экономика және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің арта түсуі.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Қазіргі таңда мемлекет дамудың жаңа үлгісін жүйелі түрде қалыптастыруда. Оның негізінде табиғи ресурстар емес, білім, инженерлік ойлау, ғылыми ізденіс, технологиялық кәсіпкерлік және университеттердің экономиканың нақты салаларына қажетті шешімдер ұсына алу мүмкіндігі жатыр. Осы тұрғыдан техникалық университеттердің рөлі ерекше. Себебі олар әрдайым білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз етіп келген маңызды буын саналады.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті бұл өзгерістерді өзінің тарихи міндетінің жалғасы ретінде қабылдайды. Университет индустриялық өңірдің инженерлік тірегі ретінде құрылып, тау-кен өндірісі, металлургия, машина жасау, энергетика және көлік салалары үшін мамандар даярлап келеді.

Бүгінде бұл міндет жаңа мазмұнға ие болды. Университет тек кәсіби кадр даярлайтын білім ордасы ғана емес, жаңа ғылыми білім қалыптастыратын, технология әзірлейтін, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізетін және өңірдің инновациялық дамуына ықпал ететін орталыққа айналуы тиіс.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Қуатты Қазақстан құру міндеті» атты мақаласында ғылымның құндылығы енді жарияланған ғылыми жұмыстардың санымен емес, оның нақты нәтижесімен, экономикаға қосқан үлесімен және азаматтардың өмір сапасына әсерімен бағаланатыны атап көрсетілген. Университет үшін бұл жай ғана ұстаным емес, күнделікті жұмыстың негізгі бағыты.

2025 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру көлемі 3 млрд теңгеден асты. ҒЗТКЖ бойынша жасалған келісімшарттар саны жыл сайын 80-нен асады. Бұл көрсеткіштердің артында ғылыми мектептердің, жас ғалымдардың, инженерлік ұжымдардың, зертханалар мен кафедралардың жүйелі еңбегі тұр. Бұл жұмыстар өнеркәсіптің нақты міндеттерін шешуге, жаңа материалдар әзірлеуге, технологиялық процестердің тиімділігін арттыруға, өндірісті цифрландыруға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және өңірдің орнықты дамуына бағытталған.

Ғылыми идеяны нақты нәтижеге айналдырудың маңызы артып келеді. 2026 жылы әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор А.З. Исағұловтың жетекшілігіндегі ғылыми ұжым металлургия және жаңа материалдар бағыты бойынша коммерцияландыруға арналған екі жобаны қаржыландыруға мақұлдау алды. Университет үшін бұл – ғылыми ортаның қалыптасып, дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Өйткені зерттеу нәтижелері зертхана аясында қалып қоймай, экономикада сұранысқа ие технологияларға, өнімдер мен нақты шешімдерге айналып жатыр.

Келісімшарттық ғылымды дамыту да маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Университет еліміздің жетекші кәсіпорындары және ұйымдарымен шаруашылық келісімшарттар жасасты. Олардың қатарында «Өркен» ЖШС, «City Transportation Systems» ЖШС, «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd» ЖШС, «НТЦ Востоктехносервис» ЖШС, «Жер қойнауын кешенді игеру проблемалары институты» ЖШС және басқа да серіктестер бар. Осы келісімшарттардың нәтижесінде университетке жыл сайын 1 млрд теңгеге дейін қаражат түседі.

Біз үшін бұл келісімшарттар тек қаржылық көрсеткіш емес. Бұл – өндіріс саласының университеттің ғылыми әлеуетіне деген сенімі. Сонымен қатар бұл кәсіпорындардың ғалымдармен, инженерлермен, докторанттармен, магистранттармен және студенттермен бірлесіп жүзеге асыратын нақты өндірістік міндеттері. Мұндай тәсіл білім алушылар теориялық біліммен ғана шектелмей, өндірістің нақты сұранысына сай инженерлік құзыреттерді меңгеруіне мүмкіндік береді.

Ғылымды, бизнесті және мемлекетті біріктіретін негізгі тетіктердің бірі – Қарағанды облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде құрылған Қазақстандағы алғашқы өңірлік инновациялық-индустриялық хаб – QarTech.

QarTech құру бастамасы Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында атап өткен міндеттермен толық үндеседі. Президент айтқандай, ғылым экономиканың тұрақты дамуына қызмет етуі тиіс, ал университеттер инженерлік кадрлар даярлайтын, қолданбалы зерттеулер жүргізетін және басым салаларға технологиялық шешімдер ұсынатын орталықтарға айналуы қажет. Елдегі негізгі индустриялық өңірлердің бірі саналатын Қарағанды облысы үшін бұл міндеттің маңызы ерекше.

QarTech ғылыми идеялардың кәсіпорындарға қажетті дайын шешімдерге тезірек айналуына мүмкіндік беретін орта ретінде дамып келеді. Оның басты мақсаты – өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы мақсатта мұнда ғылыми әлеует, кәсіпкерлік бастамалар, қоғамдық идеялар мен мемлекеттік қолдау біріктіріліп, инновациялық шешімдерді әзірлеу, бейімдеу және өндіріске енгізу жұмыстары жүзеге асырылады.

Жеке бағыттардың бірі – экологиялық бастамалар. Университет базасында Экохаб жұмыс істейді. Бұл – қаладағы экологияны технологиямен, студенттік жобалармен және тәжірибелік жұмыстармен ұштастырған алғашқы алаң. Мұнда пластикті қайта өңдеуге арналған велошредерлер, қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер және шеберлік сабақтарына арналған аймақтар орналастырылған. Алдағы уақытта жабдықтар санын көбейту жоспарланған. Бұл пластикті қайта өңдеп, одан кәдесый өнімдерден бастап қалалық ортаға қажетті элементтерге дейін дайындауға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысында Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің құрылуы маңызды институционалдық қадамдардың бірі болды. Бұл кеңестің отырыстарының Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өтуінің де өзіндік мәні бар. Университет бұл жерде тек кездесу өткізетін орын ғана емес, ғылым, өндіріс, бизнес және мемлекеттік құрылымдар арасындағы мазмұнды өзара байланысты қалыптастыратын алаң ретінде өз орнын көрсетіп отыр. Бұл оның өңірдің ғылыми-технологиялық дамуындағы маңызды институттардың бірі екенін айқындайды.

Бүгінде университеттердің алдында ғылыми қызметтің мазмұны мен тәсілін жаңарту міндеті тұр. Ғылым экономикадан бөлек дамымауы керек, ал білім беру өндірістен алшақ болмауы тиіс. Қазіргі университет бір уақытта кадр даярлайтын орталық, ғылыми ұйым, инженерлік мектеп, бизнестің технологиялық серіктесі және стартаптарды дамыту алаңы болуға тиіс.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде дәл осындай модель жүйелі түрде қалыптасып келеді. Ғылыми жобалар, шаруашылық келісімшарттар, коммерцияландыру бағдарламалары, QarTech пен Экохабтың қызметі, кәсіпорындармен және мемлекеттік құрылымдармен серіктестікті дамыту – осының бәрі ғылымның нақты нәтиже беруіне бағытталған біртұтас жүйенің бөліктері.

Біз жастарға ерекше көңіл бөлеміз. Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды нақты ғылыми және өндірістік жобаларға тарту инженерлер мен зерттеушілердің жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Олар университетке тек диплом алу үшін емес, өндірісте, қалалық ортада, өнеркәсіпте және әлеуметтік салада қолданылатын технологияларды әзірлеуге қатысу үшін келеді.

Осы өзгерістердің мәні де осында. Ғылымды, білім беру мен инновацияны мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекіту нақты мазмұнға ие болуы керек. Ол университеттердің, зертханалардың, инженерлік орталықтардың, стартаптардың, өндірістік алаңдардың және өңірлік жобалардың күнделікті жұмысынан көрінуі тиіс.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті өз миссиясын осы бағытпен байланыстырады: іргелі білім беруді, қолданбалы ғылымды, инженерлік шешімдерді және өндіріс қажеттіліктерін ұштастыратын университет болу. Тек білім беру нәтижесіне емес, өңірдің технологиялық дамуына да нақты үлес қосатын университет болу. Қазақстанның инновациялық экономикасын дамытуға ықпал ететін университет болу.

Бүгінде біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұр. Бірақ бізде қалыптасқан ғылыми мектептер, инженерлік дәстүрлер, өндірістегі серіктестер, мемлекеттік қолдау, белсенді жастар және өз миссиямызды нақты түсіну бар. Осы әлеуетті тиімді пайдалану арқылы ғылымның нақты өндіргіш күшке айналуына, университеттің инновациялар орталығы ретіндегі рөлінің артуына және Қарағанды облысының технологиялық дамудағы жетекші өңірлердің біріне айналуына үлес қосуымыз қажет.

Қазақстанның болашағы тек стратегиялық құжаттарда ғана қалыптаспайды. Ол аудиторияларда, зертханаларда, конструкторлық бюроларда, зерттеу орталықтарында, өндірістік алаңдарда және стартап-командаларда жасалады. Ал университеттің міндеті – осы мемлекеттік бағытты нақты білімге, технологияға және нәтижеге айналдыратын жоғары оқу орындарының қатарында болу.

 Сауле САГИНТАЕВА
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button