Өзгерістер дәуірінің бастауы
Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы өзінің құқықтық және саяси дамуындағы жаңа кезеңге қадам басады. Осы күні жалпыхалықтық референдумда қабылданған Халық Конституциясы толық көлемде күшіне енеді. Соған сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінде, жоғары заң шығарушы биліктің құрылымында және азаматтардың күнделікті өмірінде ауқымды өзгерістер жүзеге асады.

Бірқатар саясаттанушылар пікірінше, алдағы өзгерістер мемлекеттің тұтас саяси сәулетін терең жаңғыртуды көздейді. Саяси ғылымда мұндай үдерістер елдің дамуы үшін тың мүмкіндіктер кезеңінің басталуы ретінде бағаланады. Реформалардың табысы іс жүзінде қаншалықты тиімді жүзеге асатынына тікелей байланысты. Егер өміршең өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, мемлекеттік органдардың есептілігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтсе, бұл саяси жүйенің легитимдігін нығайтып, елдің инвестициялық тартымдылығына оң әсер етеді.
Халық Конституциясындағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – қазіргі қос палаталы Парламенттің таратылуы. Ендігіде елдің жоғары заң шығарушы органы бір палаталы кәсіби Құрылтай болады. Сонымен қатар, саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында вице-президент институты енгізіліп, Қазақстан Халық Кеңесі құрылады.
1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасы Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Заң күшіне енеді. Осы сәттен бастап, қазіргі Парламент өз жұмысын тоқтатып, Мемлекет басшысы жаңа заң шығарушы органның сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қояды. Қазіргі мәлімет бойынша, сайлау науқаны алдағы бір-екі ай ішінде өтеді. Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді.
Адам құқықтарын қорғау саласында да маңызды өзгерістер орын алмақ. Мәселен, құқық қорғау органдары әлдебір азаматты ұстаған сәтте оның құқықтарын міндетті түрде түсіндіруге тиіс. Атап айтқанда, ұсталу себебі, үнсіз қалу құқығы, адвокаттың көмегіне жүгіну мүмкіндігі және телефон арқылы хабарласу құқығы егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Халықаралық тәжірибеде бұл «Миранда қағидасы» ретінде белгілі. Сонымен қатар, азаматтар өз құқықтарын шектейді деп есептеген заң нормаларына қатысты Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығына ие болады. Мұндай өтініштер үшін мемлекеттік баж алынбайды. Сондай-ақ, Халық Конституциясында адвокатураның мәртебесі айқын бекітіледі. Адвокаттар сот процесінде прокурорлармен тең құқықта қатысып, бұл халыққа көрсетілетін заң көмегінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңа консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына 126 адам енеді. Оның 42-сін этномәдени бірлестіктер, 42-сін қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар, тағы 42-сін мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер ұсынады. Реформа авторларының пікірінше, бұл қоғамның мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
1 шілдеден бастап саудамен және өндірістік қызметпен айналысатын кәсіпкерлер өз өнімдерін фотосуреті, сипаттамасы, шығарылған жері және басқа да мәліметтері көрсетілген Ұлттық каталогқа енгізуге міндетті болады. Тұтынушылар бұл ақпаратпен QR-код арқылы таныса алады. Ресми тіркеуден өтпеген тауарларды сатуға жол берілмейді. Сонымен бірге, жеке пайдалануға арналған құны 200 АҚШ долларына дейінгі тауарларды бажсыз әкелуге берілген жеңілдік сақталады. Салық кодексіндегі бірқатар терминологиялық өзгерістер де күшіне енеді. Соның ішінде ұлттық валютаның ресми жазылуы өзгереді: құжаттарда бұрынғы «тенге» орнына «теңге» атауы қолданылады. Бұл тек орфографиялық өзгеріс екенін, ешқандай ақша реформасы немесе валютаны ауыстыру қарастырылмағанын заңгерлер тарабы баса белгіледі. Ал, заңнамада «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» терминімен ауыстырылып, тиісті құқықтық нормаларда «Парламент» атауының орнына «Құрылтай» ұғымы қолданылады.
Заңдар атаулысы мемлекет құрылымын бір күнде өзгерте алады. Ал, қоғам сенімі жылдар бойы қалыптасады. Халық Конституциясы ел дамуының басым бағытын айқындайды. Оның шынайы құндылығы қабылданған жаңа институттар мен құқықтық нормалардың санымен де сапасымен де, азаматтардың өмірін әділ, қауіпсіз әрі түсінікті ете алуымен өлшенеді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»


