Төлемнен – тұрақты табысқа
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмектің шын мұқтаж азаматтарға бағытталуы, ал, еңбекке қабілетті тұрғындардың тұрақты табыс табуына жағдай жасалуы қажет екенін Жолдауында бірнеше мәрте атап өтті. Өйткені, әлеуметтік мемлекеттің міндеті – қиындыққа тап болған жанды жалғыз қалдырмау ғана емес, оны сол тығырықтан алып шығатын нақты тетік ұсыну. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту шаралары, мемлекеттік гранттар, арнаулы әлеуметтік қызметтер мен отбасыны сүйемелдеу жүйесі бір-бірінен бөлек емес, тұтас әлеуметтік саясаттың өзара сабақтас құралдары ретінде қаралуы тиіс.

АӘК алушылар азайды
Бұл мәселенің әсіресе, ауылдық жерде салмағы орасан. Себебі, шалғайдағы тұрғын үшін әлеуметтік көмектің бар болуы бір бөлек те, оған қол жеткізуі мүлде басқа мәселе.
Облыста соңғы жылдары атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайғанымен, ауылдық аумақтарда мемлекеттік қолдауға деген сұраныс әлі де сақталып қалды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, 2024 жылы аймақта атаулы әлеуметтік көмек алғандар саны 6 613 адам болса, былтыр бұл көрсеткіш 4 638 адамға дейін төмендеген. Ал, биылғы жылдың алғашқы бес айында 3 083 адам АӘК алушы ретінде тіркелген. Соның ішінде ауылдық жерлерде 2024 жылы – 2 476, 2025 жылы – 1 876, биылғы бес айда 1 287 адам осы көмекпен қамтылған. Демек, әлеуметтік көмектің бүгінгі өлшемі төлем тағайындаумен ғана шектелмейді. Оның шынайы нәтижесі ауылдағы адамның мемлекет қолдауын дер кезінде сезінуінен, еңбекке араласуынан және отбасының тұрақты табысқа шығуынан көрінеді.
– Көмек алушылардың үлесінің төмендеуі қалада да, ауылда да байқалады. Мәселен, 2024 жылы қала тұрғындары арасынан 4 137 адам АӘК алса, 2025 жылы олардың саны 2 762 адамға дейін азайған. Биылғы бес айда қаладағы алушылар саны 1 796 адамды құрап отыр. Ал, ауылдық жерде 2024 жылы 2 476 адам атаулы әлеуметтік көмек алса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1 876 адамға түскен. 2026 жылдың бес айында ауылдағы АӘК алушылар саны 1 287 адам болды. Бұл жерде бірден ұғып алған жөн. Сандардың төмендеуі әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың азайып келе жатқанын аңғартқанымен, ауылдағы сұраныстың әлі де бар екенін жоққа шығармайды. Себебі, жалпы алушылар саны қысқарғанымен, АӘК алушылардың едәуір бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. 2024 жылы ауыл тұрғындарының үлесі 37,4 пайыз болса, 2025 жылы 40,5 пайызға жуықтады. Ал, 2026 жылдың бес айындағы көрсеткіш бойынша ауыл тұрғындары барлық АӘК алушылардың 41 пайыздан астамын құрап отыр, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысының орынбасары Әсем Жүніспекова.
Әсіресе, Нұра, Бұқар жырау, Шет және Осакаров аудандарында атаулы әлеуметтік көмекке деген қажеттілік салыстырмалы түрде жоғары. Биылғы бес айда Нұра ауданында 298 адам, Бұқар жырау ауданында 285 адам, Шет ауданында 217 адам, Осакаров ауданында 199 адам АӘК алған. Бұл ауылдық аумақтардағы әлеуметтік қолдау шараларының әлі де өзекті екенін аңғартса керек.
Басқарма өкілінің айтуынша, АӘК алушылар санының азаюы ең алдымен, отбасы табысының артуымен, еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыспен қамту шараларына тартылуымен және өзге де мемлекеттік қолдау тетіктерінің іске асуымен байланысты. Демек, атаулы әлеуметтік көмек бүгінгі күні тек уақытша төлем ретінде емес, отбасының табысын арттыруға бағытталған кешенді қолдау құралы ретінде қарастырылып отыр.
«Үйде қол қусырып отыруға болмайды»
Әлеуметтік көмектің мәні құрғақ санмен өлшенбейді. Оның артында әр отбасының тіршілігі, күнделікті қам-қарекеті тұр. Қарқаралы ауданының тұрғыны Айнагүл Әшкеннің әңгімесі де осы ойды қуаттайды.
Ауылын көрсетпеуді өтінген кейіпкеріміз – көпбалалы ана. Бүгінде ол қазақы ұлттық нақыштағы киім тігіп, оны саудаға шығарып, отбасының табысын толықтырып отыр. Айтуынша, көпбалалы отбасының күнделікті шығыны аз емес.
– Көпбалалы отбасы болған соң, балалардың қажетіне қаржы жеткізу оңай емес. Десе де, ертең балаларымыз өсіп, өзімізге қолғабыс етсін десек, үйде қол қусырып отыруға болмайды. Сондықтан, тек көмекке жүгіне бермей, екі қолға бір күрек тауып, өзіміз де қал-қадерімізше еңбек етіп жүрміз. Мүмкіндік беріп, қолдан келгенше қолдау көрсетіп жатқан мемлекетімізге алғысымыз шексіз, – дейді Айнагүл Әшкен.
Айнагүлдің айтуынша, ауылда отырып та табыс табуға болады. Ол үшін ең алдымен ниет, еңбекке икем және қолда бар мүмкіндікті ұқсата білу қажет.
Өтініш беру тәртібі
Әлеуметтік көмектің қолжетімділігі ең алдымен, өтініш беру тәртібінен басталады. Бүгінде бұл бағытта құжат қабылдау электронды форматқа көшкен. Басқарма ұсынған мәліметке зер салсақ, 2025-2026 жылдары ауылдық округ әкімдері арқылы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш қабылданбаған. Барлық өтініш пен арыз электронды форматта eGov.kz порталы арқылы беріледі.
Дегенмен, ауыл тұрғыны үшін электронды қызметтің өзі қосымша түсіндіруді қажет ететін тұстар аз емес. Әсіресе, интернет сапасы, порталмен жұмыс істеу, электронды цифрлық қолтаңба, құжаттарды дұрыс жүктеу сияқты мәселелер кей азаматтарға қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан, алғашқы кеңес беру, жол көрсету, құжат рәсімдеу тәртібін түсіндіру ісінде мансап орталықтары мен ауыл әкімдерінің рөлі сақталып қалмақ.
Қолданыстағы тәртіп бойынша, атаулы әлеуметтік көмекке үміткер адам алдымен, тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына жүгінеді. Егер тұрғылықты жерде мұндай орталық болмаса, ауыл, кент немесе ауылдық округ әкіміне барып, көмек тағайындау тәртібі жөнінде ақпарат ала алады. Яғни, өтініш электронды түрде берілгенімен, ауылдағы түсіндіру жұмысы әлі де бетпе-бет қарым-қатынасқа сүйенеді.
Ауылдағы әлеуметтік көмектің тағы бір маңызды тетігі – мобильді топтар мен қабылдаулар. Себебі, шалғай елдімекендегі тұрғынның аудан орталығына барып, әр мекеменің табалдырығын тоздыруы оңай емес. Мұндайда қызметтің өзі ауылға жақындауы керек.
Осы бағытта ауылдық жерлер мен шалғай елдімекендерде әлеуметтік көмек тағайындау тәртібін түсіндіру, құжат рәсімдеуге жәрдемдесу, мемлекеттік қолдау шараларын таныстыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бұл бағытта кездесулер, үй-үйді аралау, жеке қабылдаулар, консультациялар, түсіндіру әңгімелері ұйымдастырылады. Ақпарат стендтерге, ресми интернет-ресурстарға және әлеуметтік желілерге орналастырылады.
Былтыр ауылдық елдімекендерге мобильді топтар 224 рет шыққан. Ал, биылдың алғашқы бес айында мұндай 101 шығу ұйымдастырылған. Жұмыспен қамту бағытында да жұмыс сапарлары тұрақты. Биылғы жылдың басынан бері ауыл тұрғындары үшін 24 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 121 жұмыс беруші қатысқан. Жәрмеңкелерде 984 бос жұмыс орны ұсынылып, 36 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, тағы 40 адам белсенді жұмыспен қамту шараларына жіберілген.
Жәрдемақыдан – жұмысқа дейін
Атаулы әлеуметтік көмектің басты ерекшелігі – оның тек ақшалай төлеммен шектелмеуінде. Жүйе еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамту шараларына тартуды көздейді. Басқаша айтқанда, көмек уақытша демеу болса, жұмыс – отбасыны тұрақты табысқа шығаратын негізгі жол.
Маусым айына дейін ауылдық жерлерде жұмыспен қамту шараларымен 4 454 адам қамтылған. Оның ішінде 3 274 адам жұмысқа орналасқан. Соның 1457-сі бос жұмыс орындарына орналастырылса, 1 817 адам белсенді жұмыспен қамту істеріне тартылған. Белсенді бастамалардың қатарында қоғамдық жұмыстарға 1 134 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 144 адам, жастар практикасына 65 адам жіберілген. Сонымен қатар, «Күміс жас» жобасы арқылы 303 адам, «Алтын жас» жобасы арқылы 171 адам еңбекке араласқан.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері де бұл шаралардан тыс қалған жоқ. Биылғы бес айда ауылдық жерде осы санаттағы 195 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылып, оның 146-сы жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 90 адам бос жұмыс орындарына орналастырылса, 56 адам субсидияланған жұмыс орындарына жіберілген.
Шағын грант – үлкен мүмкіндік
Әлеуметтік қолдаудың тағы бір бағыты – кәсіп бастауға мүмкіндік беру. Әсіресе, ауылдық жерде тұрақты жұмыс орны әрдайым табыла бермейтінін ескерсек, шағын кәсіп ашуға берілетін гранттардың маңызы арта түседі.
– Әлеуметтік осал топ өкілдеріне жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз гранттар конкурстық негізде беріледі. Мұндай грантқа көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, қандастар, қоныс аударушылар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған азаматтар үміткер бола алады. Грант мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни, 1 730 000 теңгеге дейін жетеді. Бұл қаржы қажетті құрал-жабдық, еңбек құралдары, технологиялық жабдық, мал, құс, көшет, тұқым немесе кәсіпке қажет өзге де заттарды алуға жұмсалады. 2024 жылы облыста әлеуметтік осал топ өкілдеріне 178 грант берілген. Оның ішінде, 106-сы көпбалалы отбасы мүшелеріне, 44-і мүгедектігі бар адамдарға, 18-і мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтарға, 6-уы асыраушысынан айырылғандарға, 4-еуі атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілі. Ал, былтыр облыс бойынша 225 грант беріліп, жалпы сомасы 346,2 млн теңгені құраған. Биыл, яғни 2026 жылы 510 грант беру жоспарланып отыр, – деді басқарма басшысының орынбасары Әсем Жүніспекова.
Мұндай қолдаудың нақты нәтижесін Бұқар жырау ауданындағы жас кәсіпкер Рамиль Рысбаевтың тәжірибесінен көруге болады. Ол былтыр аудан әкімінің грантын жеңіп алып, аудан орталығында тез тамақтану орнын ашқан. 1,5 млн теңге көлеміндегі грантқа қажетті құрал-жабдық сатып алып, өз ісін бастап кеткен.
– Мемлекеттік грант туралы әлеуметтік желі мен таныстар арқылы білдім. Кейін толық ақпаратты әкімдік пен арнайы сайттардан қарап шықтым. Менің бизнес жоспарыма қолдау білдірді. Жоспарды таныстыру кезінде кәсіптің халыққа пайдасы мен болашақтағы дамуына назар аударылды. Грант кәсіпті бастауға зор көмек болды. Негізгі қажетті құрал-жабдыққа толықтай жетті. Дегенмен, бұл қайтарымсыз қаражат болғанымен, соңында сенім мен есеп бар, – дейді Рамиль Даниярұлы.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, грант берілгеннен кейін грант алушымен 12 айға шарт жасалады. Осы мерзім аяқталған соң қаржының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына мониторинг жүргізіледі. Егер грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталса, заңнамаға сәйкес шара қабылданып, қаржыны өндіріп алу үшін материалдар сот органдарына жолданады.
Көмек нәтижемен өлшенеді
Ауылдағы әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету. Себебі, әлеуметтік көмек еңбекке қабілетті азаматты жұмысқа орналастырумен ғана шектелмейді. Өздігінен жүріп-тұруы қиын, күтімге мұқтаж, жалғызілікті немесе мүгедектігі бар азаматтар үшін қолдаудың мәні күнделікті тұрмыстағы нақты көмектен көрінеді.
Аймақта ауылдық жерде жалғыз тұратын қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жұмысы жүйелі жүргізіледі. Бұл қызметтерді қалалар мен аудандардағы үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері қолданыстағы стандарттарға сәйкес атқарады.
– Көрсетілетін қызмет ауқымы кең. Оған әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық көмек түрлері кіреді. Яғни, бұл бағыттағы жұмыс бір ғана төлем немесе бір реттік жәрдеммен шектелмейді. Әлеуметтік қызметкерлер қажет болған жағдайда азықтүлік, дәрі-дәрмек және бірінші кезекте қажет тауарларды жеткізуге көмектеседі. Коммуналдық төлемдерді төлеуге, медициналық ұйымдарға және мемлекеттік мекемелерге баруға жәрдемдеседі. Сонымен қатар, тұрғын үйдің санитарлық-гигиеналық жағдайын сақтауға, бос уақытты ұйымдастыруға, әлеуметтік бейімделуге де қолдау көрсетіледі, – дейді Әсем Жүніспекова.
Қазіргі жүйенің басты бағыты – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасын ертерек анықтап, оған қажет көмекті кешіктірмей көрсету. Бұл бағытта облыста отбасыны қолдау орталықтары мен FSM Social мобильді қосымшасы арқылы жұмыс жүргізілуде.
Бұл бағытта бүгінде Қарағанды облысында 11 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларында, сондай-ақ, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында орналасқан. Бұдан бөлек, Приозерск қаласы мен Қарқаралы ауданында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тағы 2 орталық қызмет көрсетеді.
Бұл орталықтардың негізгі міндеті – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға ақпараттық, консультативтік, психологиялық, құқықтық, әлеуметтік және өзге де бағыттар бойынша кешенді көмек көрсету. Әсіресе, отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесі бойынша шұғыл немесе дағдарыс деңгейіне жатқызылған отбасылар ерекше назарға алынады.
Соңғы дерекке сүйенсек, жыл басынан бері отбасыны қолдау орталықтарында 2 771 қызмет көрсетіліп, 1 383 адам қамтылған. Оның ішінде, жұмысқа орналастыру бойынша – 184, әлеуметтік көмек, жәрдемақы, арнаулы әлеуметтік қызмет және мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету бойынша – 113, тұрғын үй мәселелері бойынша – 155, заңгерлік көмек бойынша – 484, психологиялық көмек бойынша 543 қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, 671 жағдайда қайырымдылық және демеушілік көмек ұйымдастырылған.
FSM Social қосымшасы арқылы мемлекеттік органдар арасындағы байланыс та жолға қойылған. Қиын жағдайдағы отбасы немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны туралы дабыл, білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер және басқа да органдардан отбасыны қолдау орталықтарына осы мобильді қосымша арқылы түседі. Ал, отбасы орталыққа өзі жүгінген жағдайда, жүйе Цифрлық отбасы картасының деректері негізінде оның әлеуметтік портретін қалыптастырады. Кейін жеке көмек жоспары жасалып, тиісті мемлекеттік органдарға орындауға жолданады.
Күні бүгінге дейін FSM Social мобильді қосымшасы арқылы орталықтар 838 консультация көрсетіп, 455 іс мемлекеттік органдарға жолдаған. Ал, мемлекеттік органдардан орталықтарға 383 өтінім түскен. Оның 337-сі қиын өмірлік жағдайға, 46-сы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты.
Түйін
Ауыл азаматының еңбегі – ел экономикасының іргетасы. Сондықтан, мемлекеттік көмектің мақсаты – ағайынды тек жәрдемақыға тәуелді етіп қою емес, олардың еңбекке деген құлшынысын оятып, өз шаруасын дөңгелетіп кетуіне жағдай жасау. Ауылдағы әрбір отбасы өз мүмкіндігін тауып, тұрақты табысқа қол жеткізгенде ғана біз тұтас елдің еңсесін тіктей аламыз. Алдағы уақытта да осындай баянды бастамалар жалғасын тауып, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік алшақтық жойылып, ақ ниетті ағайынның еңбегі әрқашан бағалана беретініне сенім мол.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



