Инновацияға жол ашқан жоба
Балқаш қаласында 2024 жылдың тамыз айынан бастап, «Kounrad» корпоративтік қорының бастамасымен және Орталық Азияның «Еуразия» қорының (FECA) қолдауымен «Balkhash STEAM Serpini» жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы жылдың ақпан айында жоба аясында «Science Day» фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальге қаланың барлық мектебінен командалар қатысып, өздерінің инновациялық жобаларын қорғады. Нәтижесінде, үздік танылған бес жобаға жалпы көлемі 1,5 млн теңгеден грант берілген.
«Balkhash STEAM Serpini» жобасы мектептегі білім беру жүйесіне заманауи STEAM тәсілін енгізуге бағытталған. Бастама оқушылардың ғылыми-зерттеу және практикалық дағдыларын дамытуға, олардың болашақ мамандықты саналы таңдауына ықпал етуге әрі педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде үздік деп танылған бес инновациялық жоба гранттық қаржыландыру алып, кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Ал, олардың алғашқы нәтижелері тамыз айында қорытындыланып, тиімділігі бағаланбақ. Қазірдің өзінде жобалар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Balkhash Tour Fest» фестивалінде көпшілік назарына ұсынылып, көптің қызығушылығын тудырды.
– Егер жобалардың нәтижесі күткен деңгейден көрінсе, әр мектеп өз бастамасын тұрақты түрде жүзеге асыратын болады. Тіпті, кейбір білім ордалары өз тәжірибесін өзге қалалардағы мектептерге ұсынып, жобаны енгізу жолдарын үйретуге дайын. Біздің басты мақсатымыз – оқушылардың зерттеушілік, инженерлік және шығармашылық қабілеттерін жетілдіріп, оларды болашақ мамандықтарына ерте бейімдеу.
«Balkhash STEAM Serpini» жобасының алғашқы жылында 60 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, қаланың жеті мектебінен 281 оқушы алты элективті курс бойынша білім алды. Осы кезеңде оқу бағдарламалары әзірленіп, тәжірибелік сынақтан өткізілді. Ал, екінші жылы да бұл жұмыстар жалғасып, жаңа бастамаларға қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта жобаға 64 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, – деді «Balkhash STEAM Serpini» жобасының үйлестірушісі Ерсұлтан Амантай.
Бағдарлама аясында грант иеленген үздік бастамалардың бірі – «Ecopulse: білім беру ортасын цифрлық мониторингілеу» жобасы. Қазіргі таңда жоба 1,5 миллион теңге көлеміндегі гранттық қаржыландыруға ие болып, іс жүзінде жүзеге асырыла бастады. Бүгінде жобаға бес педагог пен 13 оқушы тартылған. Басты мақсат – оқу кабинеттеріндегі жағдайды үздіксіз бақылау арқылы білім беру ортасын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға барынша сәйкестендіру. Балқаш қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімі, «Экопульс: білім беру ортасын цифрлық мониторингілеу» жобасының жетекшісі Светлана Харламова өз жобасы жайында таныстырып өтті.
– Әр кабинетке бес негізгі көрсеткішті бақылайтын арнайы датчиктер орнатылады. Олар шу деңгейін, ауа ылғалдылығын, температураны, көмірқышқыл газы мен оттегі мөлшерін автоматты түрде өлшейді. Сонымен қатар, бізде «Экополис» атты ғылыми-зерттеу зертханасы жұмыс істейді. Ондағы барлық параметрлер санитарлық нормаларға толық сәйкес орнатылған. Жоба аясында өзіміздің бағдарламалық қамтамасыз ету жүйеміз – «Dashboard» әзірленді. Бағдарламаны HTML тілінде веб-платформа ретінде жасадық. Алайда, ол локальді режимде жұмыс істейді. Сондықтан, интернетке тәуелді емес. Барлық мәліметтер осы жүйеге жинақталады. Кейін кабинеттердегі көрсеткіштердің орташа мәні есептеліп, зертханадағы эталондық деректермен салыстырылады. Егер қандай да бір ауытқу анықталса, жүйе бірден хабарлама береді. Бұдан бөлек, әр кабинет бойынша цифрлық жылу картасы жасалған. Соның арқасында мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер оқу кабинеттерінің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылап, қажетті шешімдерді жедел қабылдай алады. Мәселен, жүйе «терезені ашу», «желдету жүйесін қосу» секілді ұсыныстар береді, – дейді Светлана Харламова.
Жобаны жүзеге асыру барысында бірқатар техникалық қиындықтар да туындаған. Атап айтқанда, №1 жалпы білім беретін мектептің электр желілері ғимарат салынған уақыттан бері толық жаңартылмапты. Ал, жаңа датчиктер мен қосымша құрылғыларды орнату үшін қолданыстағы электр жүйесінің қуаты жеткіліксіз. Қазіргі уақытта бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Мектепте электр сымдарын толық ауыстырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Барлық қажетті жабдықтарды грант ақшасына алынды. Қазір құрылғылар мектептің 10 пилоттық аймағына орнатылған. Үш қабатты ғимараттың барлық бөлігін қамтуға тырыстық. Бастауыш сынып кабинеттерін, кітапхананы, тарих, қазақ тілі, информатика, биология және математика кабинеттерін таңдадық. Олар мектептің әртүрлі нүктелеріне шахматтық тәртіппен орналастырылды. Бұл бізге ғимараттың ішкі ортасын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді. Тамыз айында монтаждау жұмыстары толық аяқталып, жүйе толық іске қосылады. Одан кейін жоба нәтижелерін жұртшылыққа таныстырып, қорытынды есеп береміз. Ал, 1 қыркүйектен бастап мониторинг нәтижелері мектеп сайтында жарияланып, ата-аналар үшін қолжетімді болады, – деді жоба жетекшісі.
Грант жеңіп алған тағы бір жобалардың бірі – қаладағы №4 мектептің «STEM-зертхана: Жасыл оазис» бастамасы. Бұл жоба екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Оның алғашқысы – топырақты қалпына келтіру және құнарлылығын арттыру. Бұл бағытқа зертхана жетекшісі әрі химия пәнінің мұғалімі Елена Тило жауап береді. Мұнда оқушылар арнайы құрылғылардың көмегімен ғылыми тәжірибелер жүргізіп, топырақтың қышқылдық деңгейін (pH), электрөткізгіштігін (EC), азот, фосфор және калий мөлшерін анықтайды. Ал, екінші бағыт мектеп аумағын көгалдандыруға арналған. Бұл жұмыстарға жоба жетекшісі Ксения Войтенко жетекшілік етеді екен.
– Грант қаражаты есебінен мектеп жанынан заманауи жылыжай салдық. Қазір онда мектеп ауласын көгалдандыруға арналған түрлі өсімдіктер өсіріліп жатыр. Атап айтқанда, петуния, агератум, тақтагүл секілді гүлдер егілген. Сонымен қатар, мектеп ішін көгалдандыру үшін қазтамақ пен оксалис сияқты бөлме өсімдіктерін өсіруді қолға алдық. Алдағы уақытта оқушылармен бірге микрокөктер өсіруді де жоспарлап отырмыз. Қазір олардың сұранысы жоғары әрі пайдалы тағам ретінде кеңінен қолданылады. Жылыжай фитошамдармен жабдықталған. Бұл өсімдіктердің қажетті жарық алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда су ресурстарын үнемдеуге арналған тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Балқаш өңірінде су мәселесі өзекті болғандықтан, мұндай технологияның маңызы зор.
Жалпы, Балқаштың климаты мен табиғи ерекшеліктеріне барлық өсімдік бейімделе бермейді. Сондықтан, біз алдымен топырақтың құрамын зерттеп, оны құнарландыру жұмыстарын қолға алдық. Қаладағы гүлзарларда өсіп тұрған гүлдердің басым бөлігі біздің жылыжайда өсіріліп жатқан гүл түрі. Біз осы мәселені әріден зерттеген едік. Нәтижесі ойдағыдай шығатынына сенімдіміз, – деді жоба жетекшісі Ксения Евгеньевна.
Аталған жоба білім беру саласындағы тың бастамалардың оқушылардың әлеуетін ашуға, ғылыми ізденіске қызығушылығын арттыруға бағытталғанын көрсетіп отыр. Ең бастысы, бұл бастамалар оқушыларға заманауи технологияларды меңгеріп, мәселелерді зерттеп және оларды шешудің тиімді жолын ұсынуға мүмкіндік беруде. Қазірдің өзінде бұл жоба зерттеушілерді және ғылымға қызығатын жас буынды тәрбиелеуге бағытталған маңызды алаңға айналып келеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



