АймақБалқаш

Жақсылықтың жарқын үлгісі

Балқаш қаласындағы №5 балалар кітапхана-филиалында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған сенсорлық бұрыштың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Балқаш қаласының зиялы қауым өкілдері, демеушілер, кітапхана қызметкерлері, балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Бұл игі бастама балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба ретінде көпшіліктің көңілінен шықты.

Іс-шараны ашқан Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Балшырын Мұхаметжанова бұл жобаның маңыз­дылығына тоқталып, ерекше балаларға қолайлы орта қалыптастыру қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол қайырымдылық жасап, сенсорлық бұрыштың ашылуына қолдау көрсеткен демеушілерге алғысын білдірді. Жоба аясында балаларға арналған үстелдер мен орындықтар, жұмсақ диван, арнайы кілемшелер, маркер тақтасы, телевизор, сурет салуға арналған тақта, құммен сурет салу кешені, тактильді ойындар және түрлі дамыту құралдары сатып алынған. Жалпы, жобаны жүзеге асыруға шамамен 2 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

Шара барысында демеушілерге Алғыс хат табысталып, естелік сыйлықтар ұсынылды. Сөз алған «Коунрад» корпоративтік қорының басқарма мүшесі және «Сары Казна» ЖШС-нің бас директоры Раулан Қозғамбаев мұндай әлеуметтік жобалар алдағы уақытта да қолдау табатынын жеткізді.

– Балалардың қуанышы – біздің ортақ қуанышымыз. Сондықтан да, біз осындай қайырымдылық шараларына тұрақты түрде «Коунрад» корпоративтік қорының басқарма мүшесі әрі «Медная компания Коунрад» ЖШС-нің бас директоры Виталий Логачев мырзамен бірлесіп атсалысуға дайынбыз. Біз қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігімізді терең сезінеміз. Сондықтан, компаниямызға түскен пайданың бір бөлігін балаларға арналған осындай игі істерге жұмсауды дәстүрге айналдырдық. Алдағы уақытта да кітапханамен бірлесіп жұмыс жасап, қажетті көмегімізді көрсетеміз, – деді ол.

Сонымен қатар, корпоративтік коммуникация­лар жөніндегі маман Диляра Абугалиева да жобаға қолдау білдіріп, кітапхана ұжымына ізгі тілегін жеткізді.

Мерекелік шара барысында балалар өз өнерлерін ортаға салды. Жас өнерпаздар Камила Саржанова мен Маралбек Амурзаков ән шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, балалар жаңа сенсорлық бұрыштағы мүмкіндіктерді таныстырып, құммен сурет салу, тактильді ойындар мен дамыту құралдарын пайдалану тәсілдерін көрсетті. №5 балалар кітапхана-филиалының меңгерушісі Алма Сәрсекеева мен кітапханашы Нұргүл Ғазизқызының ұйымдастыруымен өткен шара ерекше әсерге толы болды. Қорытынды сөз сөйлеген кітапхана меңгерушісі Алма Сәрсекеева демеушілерге және қолдау білдірген барша азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, №5 балалар кітапхана-филиалы бүгінде 14 мыңнан астам кітап қорымен оқырмандарға қызмет көрсетіп келеді. Кітапхана жанынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Күншуақ» клубы жұмыс істейді. Аталған клуб өткен жылы әлеуметтік жобалар байқауында жеңімпаз атанып, ерекше балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға зор үлес қосқан болатын.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button