АймақБалқаш

Жағажай туризмінің тынысы ашылады

Балқаш қаласында турис­тік бағыттағы жаңа индустриялық аймақ құрылып жатыр. Жағалау аумағынан бөлінген 14 гектар жер телімі енді көл маңындағы туризмді жүйелі дамытуға қыз­мет етпек. Жобаның басты ерекшелігі – инвесторларға инженерлік инфрақұрылымы дайын жер учаскелерінің ұсынылуында.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл формат кәсіпкерлерге нысан құрылысын жедел бастауға мүмкіндік береді. Яғни, қажетті коммуникациялар тартылып, инвес­торлар дайын инфрақұрылымға қосыла алады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш қаласына жасаған жұмыс сапары барысында жаңа индустриялық аймақтың жұмысымен танысты. Аймақ басшысына жағалаудағы туристік инфрақұрылымды дамыту барысы баяндалды.

Бүгінде индустриялық аймақта алғашқы нысан жұмысын бастап үлгерді. Мұнда демалушыларға жыл он екі ай бойы демалуға жағдай жасалған. Атап айтқанда, еуропалық үлгідегі барнхаустар мен этноауыл стиліндегі киіз үйлерде тынығуға мүмкіндік бар. Бұл Балқаш туризмін тек жазғы маусыммен шектемей, жыл бойы жұмыс істейтін демалыс бағытына айналдыруға жол ашады.

– Индустриялық аймақ – мемлекет қолдауының арқасында бизнес үшін өте қолайлы формат. Біз Балқаштағы демалысты заманауи әрі жайлы ету үшін жергілікті билікпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай ауқымды жобаны мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге асыру екіталай. Бұл аймақтың басты айырмашылығы – қажетті инженерлік желілердің бәрі алдын ала тартылды. Бұл да болса, кәсіпкерлер үшін уақыт пен шығынды үнемдеу үшін ұтымды шешім болады, – деді жобаны жүзеге асырып жатқан инвес­тор Жақсыкелді Иманбеков.

Қазіргі уақытта индустриялық туристік аймақты дамыту жұмыс­тары жалғасуда. Жағалауда тағы екі заманауи қонақүйдің құрылысы басталды. Бұл өз кезегінде Балқаштың туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, қала экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететіні сөзсіз.

Өз тілшімізден

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button